Имандылық ошағының құрылысы мамыр айында «Ауылым – алтын бесігім» атты бастамашыл топтың ұйытқы болуымен қолға алынып, бар болғаны 5 айдың мұғдарында аяқталыпты. Бастамашы топтың мүшесі Мұхтар Есқалиев игі іске ауылдың барша азаматтары үлес қосқанын, студенттер мен оқушылар да тағылымды шарадан тыс қалмағанын айтады.
Мешіттің ашылу салтанатында сөз алған Н.Сабильянов екі мыңға жуық тұрғыны бар Айғыз ауылында ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері мұндай ғимараттар салынбағанын, жаңа нысанның тұрғызылуы ауыл өміріне тың серпіліс, жаңа леп әкелгенін атап өтті. «Жаңа мешіт еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауға, жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Бұл игі шара осы ауыл халқының ұйымшылдығын, береке-бірлігін және бір-бірін қолдай білетіндігін көрсетті», деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
Халықты имандылыққа шақыратын ғибадат үйінің құрылыс жұмыстарының басы-қасында болған осы ауылдың тумалары, бүгінде туған жерден жырақта жүрген Өмірсерік Нүркебаев пен Ербол Рахымжанов сауапты шара өздерінің өніп-өскен мекендеріне деген ықылас-пейілдерін одан әрі арттыра түскенін жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы