Жаңғыру білім мекемелерінің атауын өзгертуден басталса, яғни қазақ балабақшасы, орыс балабақшасы дегеннің орнына, ұлттық балабақша, ұлттық мектеп деген бірыңғай атауға көшкен абзал. Ұлттық бала-бақша мен ұлттық мектептің басты белгісі – ұлттық рух. Сонда балада ұлттық сана, халқына құрмет, ана тілін, ділін, дінін, тарихын, мәдениетін қастерлеу сезімі қалыптасады.
Қажеттілігіне қарай балабақшаларда орыс, өзбек, ұйғыр, корей топтары болуы, ал мектептерде орыс, өзбек, ұйғыр, корей сияқты ұлт сыныптары болуы міндетті, балабақшалар мен мектептердің бастауыш сыныптарында ана тілінде оқып, этнопедагогика негізінде тәрбие алуға құқылы. Бұл орайда ағылшын тілін балабақша мен мектептің бірінші сыныбынан бастап оқытуды қазақ тілінің жолын байлаудың тағы бір жаңа жолы деп түсінемін.
Орыс сыныптарында оқушы орыс тілі мен әдебиеті пәнін кириллицамен жазып, оқыса, басқа пәндерді латын графикасымен жазып оқуы керек. Бұдан орыс сыныптарында оқитын баланың ұтылмасы анық. Себебі ол математика, физика, химия, биология, информатика сияқты пәндерді латын графикасымен оқып әлемдік білім кеңістігіне шығуға мүмкіндік алады. Баланың орыс тілінде сауат ашып, орта мектепте орыс тілі мен әдебиетін орыс тілінде оқуы, оның орыс тілін толық игеруіне жағдай жасайды. Егер орыс сыныптары кириллицадан ажырамай жаза беретін болса, шала қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің балалары да орысша оқи береді. Себебі оның тамыры тым тереңге кеткен: ата-әжесі, әке-шешесі және баласы – үш ұрпақ орыс тілінен ажырай алмайтын дәрежеге жеткен. В.И.Лениннің: «Орыстың орысшылдығынан басқа ұлттардың орысшылдығы әлдеқайда қауіпті әрі қатерлі» дегенінің айқын көрінісі. Бұл қауіпті құбылыс.
Мектепте ағылшын тілін оқыту – уақыт талабы. Бірақ балабақшадан емес, мектептің 3-12 сыныптарында 10 жыл бойы оқу оқушының ағылшын тілін толық үйренуіне жағдай жасайды. Жалпы орта білім беретін мектептерде оқу қазақ сыныптарында қазақ тілінде, орыс сыныптарында орыс тілінде латын графикасымен оқып, жазуды бірыңғай талапқа айналдыру басты талап болуға тиісті. Химия, биология, математика, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуды жалпыға бірдей заңдылыққа айналдыруға болмайды. Кейбір дарынды балаларға арналған мектептерде ғана қажетті өзгерістер болуы мүмкін.
Ағылшын тілінде кейбір пәндерді оқыту 11-12 сыныптарда ғана болғаны жөн. Қазір ағылшын тілін оқушылар түрлі жолдармен үйренуде, нәтиже де жаман емес сияқты. Ғалым А.Жұмаділдаев:«Ағылшын тілі тек қатынас құралы. Оны үйрену қиын емес. Қиыны – математиканы үйрену. Біз математиканы, химияны қазақша оқытамыз деп қуануымыз керек», дейді. Дұрыс сөз. Себебі ағылшынша оқытудың артында қазақ тіліне тигізер қауіп те жоқ емес. Ендігі жерде ағылшын тіліне көз жұма қарауға болмайды. Ғылым, білім, жаңа технология, жаһандану үрдісі ағылшын тілінде жүруде. Ғылым жаңалықтары ағылшын тілінде тарайды. Біз оны орыс тілінде емес, ағылшын тілінде оқуымыз керек. Егер халықтың басым көпшілігі ағылшын тілін үйренсе, Ресейдің ақпараттық ықпалы да бәсеңдеген болар еді.
Біздің мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлейтін ғалымдарды, ойшылдарды, экономистерді, саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды, қаржыгерлерді, инженерлерді, технологтарды, кәсіпкерлерді, мемлекеттік қызметкерлерді көбейтуге, олардың дамуына мүмкіндік жасау. Өйткені қазақ сырттың қыспағын көп көріп келе жатыр, бұдан мемлекеттік тіл мен білім, ғылым, мәдениет және экономиканың дамуының арқасында ғана құтыламыз.
Біздің жағдайымызда ағартушылық қызмет ұлттық тіл, білім, ғылым мәдениеттің жаңа сапаға көтерілуімен, ұлттың рухани жаңғыруымен ғана көрініс табады. Жаңғыру – біздің дамуымыздың басты қағидасы. Қазақтың ұлттық рухы егемендікпен бірге жаңғырған еді, бірақ тым әлсіз әрі жасқаншақ еді. Кешегі кеңестік жүйеден арылу үшін де уақыт керек болды. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен осы уақыттың біткенін ашық жарияланғандай болды. Бұл еліміздің егемендігі жарияланғаннан кейінгі өте парасатты, құнды тарихи мақала деп білемін. Бұдан бүкіл Қазақстан халқы үлкен әсер алары сөзсіз.
Тіл – тек коммуникативтік құрал емес, ол халықтың тарихы, рухани мәдениеті, тіршілік көзі, өмір танымы. Тіл мен ой бір ұғымды білдіреді. Ұлттық сана – ұлттың өзін-өзі тануы. Бұл да тіл мен ойдың бірлігінен туындайтын құбылыс. Қазақ тілінің мемлекеттік тұғырынан нық орын алмауы ойымыз бен ұлттық сана-сезімізге өз әсерін тигізуде. Бұрын қазақтың саны көбейген кезде мемлекеттік тіл мәселесі өзінен-өзі шешіледі деген пікір болған, бірақ мәселе басқаша өріс алды. Себебі қоғамда қазақ тіліне айтарлықтай қажеттілік болмады. Президенттің «Қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін» дегені ескерусіз қалды.
Ш.Уәлиханов туралы естелік жазған бір орыс жазушысы «Осы бір бұратана өкілі көз талдырар биікке көтерілгеннен кейін кенет өз халқының тағдыры хақында үрейленіп, іркіле қалуы, өз халқына жат адамға айналып қалудан қорыққаны оның өзін-өзі қорғау түйсігінің әсерінен болғанын көрсетеді» деген екен. Өмірінің соңында Ы.Алтынсарин да орыс миссионерлерінен (Илминский, т.б.) бойын аулақ сала бастайды. Екеуінің де қауіптенуінің сыры өз халқына жат адам болып қалам ба деген сақтық еді. Ал орыс тілді қандастарымызды бұл қорқыныш мазалайтын түрі жоқ.
Соңғы кездері кейбіреулер тарапынан оқу бағдарламасынан гуманитарлық пәндерді алып тастау керек деген ұсыныстар айтылуда. Бұл – ұлттық жаңғыруға жат көзқарас. Біз қазақтың тұтастығын қалыптастыра алмай жатқанда, ұлттық гуманитарлық пәндерді қысқарту ұлтқа жасаған қиянат емес пе?.. Мәселені жан-жақты зерттеп, әлемдік деңгейдегі тұжырымдарды зерделеу – ғылыми ортаның тарихи міндеті болса керек.
Тіл мен ойлау диалектикалық бірлікте ғана өмір сүреді. Әрбір тілге байланысты этностық сана қалыптасады, ұлттық идентификациялық ойлау қабілеті дамиды. Оның негіздері сол тілдегі әдеби-мәдени мұралармен дәйектелген. Егер тіл саясаты ғылымға негізделгенде өзімізді алдаусыратпай, белгілі деңгейде жетістікке де жеткен болар едік. Тілді қазақша және орысша сөйлеу деп қана түсінетіндер көп. Мұндай қарадүрсін түсінікпен біздің ешқашан, ештеңеге қолымыз жетпейді.
Жаһандану үрдісінде Еуропа елдері мығым келеді. Яғни француздар, ағылшындар, немістер, италиялықтар латын алфавитінде жазады. Ағылшын тілінің әлемдік мүмкіндігі мол. Келешекте қытай да, өрісі тарылған орыс та латын графикасына көшуі мүмкін.
Бұл дәуір алмасуының көрінісі. Сонымен бірге ұлттық тұтастығымызға да септігі тиетін фактор. Сондықтан бұрын болған істі жаңа заман тұрғысынан саралап шешім қабылдау ғалымдардың ісі болмақ. Өркениет нені қаласа, соны істеуге тиіспіз, ал саясат – белгілі бір уақыттың ғана өлшемі.
Берік қамал – ұлттық мектеп. Біздің алдымызда қазақ тілінде білім алуды жаңғыртып, бұқара халықтың санасына жеткізіп, көкірек көзін оятатын жауапты міндет тұр. Ұлттық мектеп – білім берудің кілті. Бар үміт те, қазақ халқының келешегі де осы мектепте. Біздің алдымызда негізінен бір-ақ таңдау бар. Ол – оқу-білім, ғылым, тәрбие мәселесіне бүкіл қоғамның назар аударуын, осы бағытта туған қоғамдық-саяси қозғалысты зор күшке айналдырып, ілгері дамуға қол жеткізу. Оқу-тәрбие жұмысының әлеуметтік және саяси мақсаты жастардан батыл іс-әрекет жасай алатын демократиялық қоғамның белсенді мүшелерін дайындау.
Білім саласындағы парақорлық, ұйымдасқан қылмыс қатаң жазаланып тәртіп орнамайынша, мұғалімдердің жалақысы көтерілмейінше, білім сапасының болуы мүмкін емес.
Ұлттың жаңа белеске көтерілуі үшін әлемдік деңгейде ойлай алатын тұлғалар керек. Мұндай тұлғалар қандай биікке көтерілсе де, халыққа қызмет етуші болып қала береді. Бір кездегі тарихи қажеттілігімізді қазақ аспанында шоқ жұлдыздай жарқыраған Алаш арыстары өз өмірлерімен өтеген болатын. Біздің ұлтты самғау биікке көтеретін кезіміз – осы шақ, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында дара жолды көрсетіп берді. Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмасақ, қоғам дағдарысқа ұшырайды. Біз қаһармандарды білімді, рухы биік келешек жастардан, ғылыми ортадан, шығармашылық элитадан, өздерін халыққа таныта білген биліктегі ұлтжанды азаматтардан, жоғары квалификациялы мамандардан, қолы таза кәсіпкерлерден, қалың қазақтың арасынан іздеуіміз керек.
Нарықтық қоғамда адамдар қатал, мейірімсіз, менмен бола бастайды. Сондықтан рухани жаңғыруымыз адамның бойындағы азаматтық сана-сезімнің қалыптасуының шешуші факторы болмақ. Ал азаматтық сана – жеке бастың қамынан тұтас қоғамдық игілікті жоғары қою деген сөз. Демократиялық қоғамда бұдан артық құндылық жоқ.
Мұхамбет БЕРЖАНОВ,
Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері