Қазақстан • 20 Қараша, 2017

Қазақстан мен Қытай 25 жылдан бері сенімді серіктес

1243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай Алматыда орналасқан ҚХР Бас консулдығы БАҚ өкілдерін шақырып, қабылдау өткізді.

Қазақстан мен Қытай 25 жылдан бері сенімді серіктес

Бас консулдықтың консулдық аймағы болып саналатын Алматы қаласы, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары екіжақты өнеркәсіптік белсенді қарым-қатынас пен мәдени-гуманитарлық байланыстың молынан шоғырланған өңірі болып есептеледі. Бүгінгі таңда Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық байланыстың бағдарламасы бойынша аймақтық қарым-қатынасты үздіксіз тереңдете түсу екі елдің арасындағы достық байланысты жаңа сатыға көтерді.

Дәл қазір Қытай елі Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі, Орталық Азия бойынша Қазақстан да Қытайдың аса ірі сенімді әріптестерінің біріне айналған. Биылғы жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 30 %-ға дейін артқан. Жібек Жолының Экономикалық белдеуі мен жаңа «Нұрлы жол» экономикалық саясаты бастамасының бір мақсатқа ойдағыдай түйісуі нәтижесінде екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да жанданып, оң әсері мол тиімді сипатқа ие болып, нәтижесінде екі елге де пайдалы жемісін берді.

ҚХР-дің Алматыдағы Бас консулы Чжан Вэйдің айтуынша, консулдық аймақтың Қытаймен жағрапиялық жағынан жақын орналасқан артықшылығы бар, көпжылдық байланысының іргетасы болып саналатындықтан, индустрияландыру мен инвестиция бойынша 51 ірі жоба осы консулдық аймақтың аумағында жүзеге асырылатын болады. 10 млрд доллардан асатын қаржыға есептелген бұл жобалар қуат көздері, телекоммуникация, азық-түлік өнеркәсібі, инфрақұрылым, машина жасау, автомобиль құрастыру, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, металлургия, кен орындарын дамыту салаларын қамтиды.

Маңызды жобаларды қаржылық қолдаумен қамтамасыз ететін Қытай – Қазақстан өнеркәсіптік қарым-қатынас қорын құруға ҚХР жағы 2 млрд доллар инвестиция бөлген. Дәл қазір консулдық аймақта Қытай капиталының қатысуымен 1000-ға жуық компания жұмыс істеп жатыр. Бәріне белгілі Қытай – Қазақстан мұнай-газ құбыры жобасынан 2016 жылы Қазақстан бюджетіне 1.045 млрд доллар салық жарнасы түскен, сондай-ақ 4000 адам жұмыспен қамтылған.

Қытай мен Қазақстан арасындағы шекаралық байланыстың нығая түсуіне халықаралық «Қорғас» бекетінің де рөлі зор. Былтырғы жылы 1200 рейс контейнер пойызы Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға өткен. Ал биыл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, бұл контейнерлер саны үш есеге дейін артқан, нәтижесінде жалпы тасымалдау көлемі  8,2 млн тоннаны құраған. «Батыс Еуропа –

Батыс Қытай» қозғалысы толық ашылғаннан кейін Қытай мен Батыс Еуропа елдері арасындағы жүк көліктерінің тасымалдау көлемі 3,5 есеге арта түспек. «Бір белдеу және бір жол» жағалауындағы елдер тек көлік тасымалы қызметінен ғана жыл сайын 300 млн доллар мөлшерінде кіріс көреді.

Ал Қытайға Қазақстаннан ұн, соя, май, ет және басқа да жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі. Сондай-ақ Қытай жері арқылы бұл өнімдер Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығынан да орын алады. Осылайша аймақтық экономикалық интеграцияның айтарлықтай дамуы екі елге де ортақ пайдасын әкеліп отыр.

Аймақтық консулдық қазақстандық тілшілер үшін екі елдің бүгінгі қарым-қатынасы мен қол жеткен табыс­тарын көрсететін арнайы көрме ұйымдастырып, оларды Қытай мен Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті қолдауға шақырды.

 

 

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ