Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш үстіміздегі жылғы 17 қарашада дүниеден өтті. Ол 1958 жылы 28 маусымда Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келді.
1972 жылы Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, 1974 жылы бітіріп шықты.
1978 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент шағында Лениндік стипендияның иегері болды. Педагогикалық өтілі – 34 жыл. 1997 жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарды.
Білім беру саласындағы ерен еңбегі және оқушыларды олимпиадаға дайындау ісіндегі жетістіктері үшін Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
1999 жылы білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, 2009 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлы Алматы қаласында физика-математика бағытында оқытатын көптеген мектептерді ашуға атсалысты.
1997-2000 жылдары Алматы қаласы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында директор болды.
2000 жылы №141 мектепке, ал 2003 жылы Дарынды балаларға арналған №173 физика-математика лицейіне директор болып тағайындалды.
2010 жылдан №126 физика-математика мектеп-лицейінің директоры болып қызмет етті.
2013 жылдың қаңтар айынан бастап жаңадан ашылған №178 физика- математика лицейінде директорлық қызметті атқарды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлының халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарда математика пәнін оқыту әдістемесі бойынша мақалалары ұдайы жарияланып тұрды. Ол шыққанына 20 жыл толатын республикалық «Алгорифм» журналының негізін қалады.
Көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың рецензенті.
Ә.Өтештің оқу процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында ол басшылық еткен мектептер Алматы қаласы бойынша тек қана алдыңғы қатардан көрініп келді. Осы уақыт аралығында 235 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлының мезгілсіз ауыр қазасына әріптестері, үзеңгілестері, замандастары, кейінгі толқын өкілдерінің барлығы қатты қайғырады. Білім саласының майталманы атанған оның орны әрдайым ойсырап тұрары сөзсіз. Алланың ісіне амал не?! Әбдімәжит Қоңырбайұлының елге сіңірген еңбегін, жарқын бейнесін, азаматтық тұлғасын әрдайым есте сақтайтын боламыз. Жаның жәннатта болсын, аяулы ұстаз, ардақты азамат!
№178 лицей ұжымы