Қазақстан • 20 Қараша, 2017

Чемпиондар шеберлік сабағын өткізді

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының «Халық Арена» спорт кешенінде күрес түрлерінен Олимпиада және әлем чемпионаты жүлдегерлерінің қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Шараны Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерация­сы, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Алматы қаласы №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. 

Чемпиондар шеберлік сабағын өткізді

Еркін күрестен Атланта Олим­пиа­дасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күре­сінен Бейжің Олимпиадасы­ның күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Лон­дон Олимпиадасының қола жүл­дегері Ақжүрек Таңатаров, Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жа­дыраев, Азия чемпионы Ербол Қо­ңыратов, еркін күрестен Мон­реаль Олимпиадасының (1976) күміс жүлдегері Александр Ива­нов 200-ге тарта балғын балуан­дарға күрестің айла-тәсіл­дерін түсіндірді. Шараны ұйым­дастыруға ұйытқы болған №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дастан Қа­натхановтың айтуынша, мұн­дай шеберлік сабағын өткізу жас балуандардың шеберлігін шыңдай түседі.

– Қазіргі таңда Алматы­дағы «Халық Арена», «Алматы Арена», «Достық» спорт кешен­дерінде жас балуандардың күреспен шұғылдануына керемет жағдай жасалған. Спорт­тық жекпе-жек және күш қол­данылатын спорт түрлері конфедерациясы мен Грек-рим, еркін және әйелдер күресі феде­рациясының қолдауының ар­қа­сында жас балуандарымыз атал­ған спорт кешендерінде тегін жаттығады.

Бүгінгі өткізіп оты­р­ған спорттық шарада жас балуандарымыз Олимпиада мен әлем чемпионатының жүл­дегер­лерінен күрестің айла-тәсілін үйреніп, шеберліктерін шыңдай түсетініне сенімім зор. Болашақта олар да ағалары сияқты ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбірететіні сөзсіз, – деді Д.Қанатханов.

Шеберлік сабағының ашылу салтанатында жас балуандар атақты балуандармен қатар тұрып, Қазақстан Республикасының Әнұранын тыңдады. Артынша, кезек-кезегімен кілемге шығып, әр балуан өздерінің сүйікті әдіс-тәсілдерінің қыр-сырын көрсетті. Спорттық шараның соңында жас балуандар атақты балуандардан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Бұдан кейін Грек-рим, еркін және әйелдер күресі феде­рация­сының төрешілер корпусы және бапкерлер штабының жұмысы жөніндегі вице-президенті Ер­лан Қожасбай шеберлік саба­ғына қатысқан балуандарды «Мер­курий Медет» спорттық-сауық­тыру кешенінде орналасқан Күрес академиясына бастап барды. Ол жерде балуандар акаде­мияның тыныс-тіршілігімен танысты. Еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров академия қа­бырғасында тәлім алып жатқан жас балуандарға ақ жол тіледі.

 

 

Еркебұлан ЖОМАРТ,

журналист