Қазақстан • 20 Қараша, 2017

X Mедиа-құрыл­тай: Цифрлы технологиялар жетегіндегі журналистика

499 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалай десек те соңғы жылдары медиа-нарықта үлкен өзгерістер жүріп жатқанын мойындауға тиістіміз. БАҚ-тың парқы да, нарқы да өзгерді. Әлмисақтан журналистика міндеті саналған ақпарат тарату қызметінің шаужайына блогерлер жармасты. Мультимедиалық технологиялар телевизия көрермендерінің толайым бір буынын өзіне қаратып отыр. Жарнама берушілер дәстүрлі БАҚ-тан гөрі сайттарға, әлеуметтік желілерге бет бұра бастады. Медиа-нарықтағы бұл жағдай қанша уақытқа дейін жалғаспақ? Оқырман мен көрермен кәсіпқой журналистиканың сөзіне сенетін кезеңдер енді орала ма?

X Mедиа-құрыл­тай: Цифрлы технологиялар жетегіндегі журналистика

Отандық БАҚ нарығын дамыту мә­селелеріне арналған X Mедиа-құрыл­тай­да бұл сауалдардың бәрі қамтылды. Ақпарат ай­дынын алаңдатқан ахуалдар осымен онын­шы рет оның өзгермейтін ұйым­дас­тырушысы – Қазақстан Баспасөз клубы өт­кізген құрылтайда бүкпесіз талқыланды. Биылғы басты тақырып «Медиа-нарық: жүйелі өзгерістер мен жаңа көзқарастар белесі» болды.

Бірден айта кету керек, мерейтойлық Ме­диа-құрылтайға Ақпарат және комму­никациялар министрі Дәурен Абаев қа­тысып, журналистердің көкейіндегі ең күрделі сауалдарға жауап берді. Әріп­тес­те­рі­міз министрмен барлық сұрақтарды өт­кір де ашық талқылады. Ал жоспар бой­ынша құрылтайға жиналғандар министрмен тікелей желіде тілдесуі керек еді.

Д.Абаевқа әріптестер тарапы­нан журналистік сауалдарға мәлімет ұсы­нудағы мемлекеттік органдардың жауап­кер­шілігі мен бұл іске жүрдім-бардым қа­­рау­ына қатысты сұрақтар көп қойылды. Ми­нистр тиісті мекемелер ақпарат пен тү­сініктемелер кезінде ұсынбаған жағ­дай­да бұл жауапкершілік сұрау келіп түскен мемлекеттік органның мойнында болады деді. Егер жауап белгіленген мерзім ішінде берілмесе, сотқа жүгінгені жөн. Сондай-ақ министр ақпаратты ұсыну мерзімі қысқарып келе жатқанын және кейде жауап ұсыну барысындағы кідіріс нақты себептерге байланысты туындауы мүмкін екенін жеткізді. 

Д.Абаев Медиа-құрылтай сынды іс-шаралардың арқасында еліміздің медиа саласында нақты өзгерістер орын алып жат­қанын атап өтті. «Өткен жылы маған мем­лекеттік телеарналардағы жарнамаға қатысты көптеген сауалдар жолданған бо­латын. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­­тап «Хабар» телеарнасы жарнамадан то­­лығымен бас тартайын деп отырғанын қуа­­нышпен хабарлаймын. Бұл өзінше бір сынақ болады. Жыл бойы не болатынын көрейік. Нәтижесіне қарап, келесі жыл­дың соңында осы бастаманы бас­қа да мемлекеттік бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарына ендіру мәселесі шешіледі», де­ді министр.

Алғашқы панельдік отырыс медиа-нарықтағы жүйелі өзгерістердің елдің жал­пы экономикалық және саяси жүйесіне ықпалына арналды. 
«Қазақстан сөз бостандығы және ин­тер­нет бостандығы рейтингі бойынша төменгі орында тұр. Егер Польша мен қазақстандық БАҚ-тың сипатын салыстырсақ, отандық басылымдарда польшалық БАҚ-қа қарағанда сын көбірек. Сондықтан көптеген халықаралық рейтингті қайта қарастыру керек болуы мүмкін», дейді «Нархоз» университетінің ректоры Кшиштоф Рыбиньски. 

Спикерлердің көбі Қазақстандағы медиа өз жұмысын лайықты деңгейде ат­қармай отыр, елдегі саяси және қар­жы­лық жағдайға тәуелділігі жоғары десе, Арманжан Байтасовтың пікірінше, мем­л­екеттік тапсырыс, жемқорлық, сот жүйе­сіндегі әділеттің жоқтығы секілді үш фак­тор БАҚ-тың өсуі мен оның ықпалын тежеп отыр.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орта­лы­ғының директоры Рахым Ошақбаев бұ­­ған қарсы ойды ортаға салды. Оның айтуын­ша, медиа нарығы қарқынды өсіп келеді және бұл салада талантты әрі бел­сенді қатысушылар көп. 

«Цифрландыруға көшу және ашықтық қазақстандық медиа үшін оңай шешіле салатын мәселе емес. Мемлекеттік тапсырыс та қазір интернетке бет бұрып отыр, нә­тижесінде біздің БАҚ жалқауланып, бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде, оңай бас­қарылатын құралға айналып келеді. Сы­ни тұрғыдан ойлауды дамыту тек қазақ­стандық журналистер үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам үшін үлкен маңызға ие», дейді Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова.

Медиа стандарттар институтының өкілі Кәмила Жүсіпова «Болашақ – жаңа медианың еншісінде. 2020 жылға қарай әлеуметтік желілердегі бейнетрансляция бүкіл контенттің 90 пайызын құрайтын болады», деді. 

Құрылтайдың бір сессиясы Медиа индустрияның білім беру элементтері мен журналист кадрларды дайындау мәселесіне арналды. 

Мәселен, Ratel.kz редакторы Марат Әсіпов «Соңғы жылдарда журналист бо­ламын деп келген кадрдан арнайы дип­лом сұрамаппын. Бізге тәжірибе жүзінд­егі жур­налистер қажет. Маған жаза алатын қаржылық, инженерлік білімі бар маман­дар ұнайды. Ең бастысы олар ақпарат, қозғай алатын мәселе тап­са болды. Қазір кез келген редак­ция­ға салықтық заңнамаларды бі­летін, эко­но­миканың ұңғыл-шұңғылын тү­сі­нетін адам керек» десе, оған қарсы пі­кір айтқан әріп­тесі де табылды.

«Forbes Kazakhstan» бас редакторы Асқар Әукенов керісінше, редакция табалдырығын аттаған жас тілші, кәнігі журналиспен жетектесіп жүріп, алған сұхбаттарын «расшифровка» жасау­ға болысып, сұрақтар қатары қалай қойы­ла­ты­нын үйреніп, қосымша ма­териалдар табуға көмектесе жүріп, журналистикаға машықтануы тиіс деп ойлайды.

Ал сонау АҚШ-тан келген NBS National News, CBS National News репор­тері Барбара Рейтлцтің шеберлік саба­ғын­да жаңалықтарды қалай табысты ету, кіріс түсіретін жаңалық кон­тентін құру мен БАҚ-тың жаңалық шығару, тарату стратегиялары сөз болды.

Сол сияқты Солфорд университетінің (Ұлыбритания) профессоры Марек Бе­керманның шеберлік сабағында де­рек­­тердің рас-өтірігін тексеру, жаңа муль­­ти­медиалық технологиялар заманында жал­ған жаңалықтардың қайта жандану се­бептері мен редакторлық бақы­лау­ды күшейту нақты материалдармен тал­қы­ланды.

Құрылтайды қорытындылаған Қазақстан Баспасөз клубы президенті Әсел Қарауылова «10 жыл уақыт ішінде Медиа құрылтай отандық БАҚ нарығын дамытумен байланысты жүйелі мәселелерді талқылауға арналған тұрақты алаң ретінде Қазақстан медиа нарығындағы айтулы оқиғаға айналды. Біз жыл сайын көкейкесті әрі сапалы контентті, жергілікті және халықаралық сарапшылардың сараптамасын, өзекті шеберлік сабақтарын ұсынып, мамандарға өзара байланыс орнатуға мүмкіндік жасаймыз», деді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ