Парламенттік тыңдауды ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен мен ауыл шаруашылығын, әсіресе су ресурстарын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін үдерістерді жай ғана цифрлық форматқа көшіру жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, саладағы ахуал туралы өзекті мәліметтерді, соның ішінде мемлекеттік қолдау жөніндегі ақпаратты біріктіретін, сондай-ақ қалыптасқан жағдайға дер кезінде мониторинг жасауға мүмкіндік беретін бірыңғай жүйе қажет.
«Агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрландыру мәселесі – еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды секторлардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттарды жетілдіруге үнемі баса мән беріп келеді. Қазір жекелеген мемлекеттік қызметтерді жай цифрландырудан толыққанды «smart» басқаруға көшіру қажет. Бүгінде аталған бағытта белгілі бір құқықтық негіз қалыптасты. Енді аграрлық және су жүйесінің бірыңғай цифрлық контурын құру керек. Бұл – үлкен деректерге, жасанды интеллектіге, жедел аналитика мен ресурстарды дәл есепке алуға негізделген басқарудың жаңа моделіне көшу деген сөз. Мұндай қадам қазіргі жағдайды тіркеп қана қоймай, құрғақшылық, су тапшылығы, ресурстарды тиімсіз пайдалану сияқты сын-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы бастапқы кезеңде ІТ-бастамалар жекелеген құрылымдардың қажеттіліктеріне сай жергілікті деңгейде енгізілгенін, ал қазір түрлі сервистен бірыңғай жүйеге көшу қажеттігін айтты. Кешенді басқаруға агроөнеркәсіптік кешен мен су ресурстарының ІТ-жүйелерін біріктіру қажет.
«Ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Ал оны тасымалдау шығындары 40 пайызға дейін жетеді. Бұл бүгінде су үнемдеу технологияларын енгізуді кеңейтумен қатар, судың қозғалыс жолының барлық кезеңінде цифрлық есеп пен бақылауды жүйелеу қажет екенін көрсетеді. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдауды объективті цифрлық деректермен ұштастыру керек. Мемлекеттік қолдау шаралары нақты көрсеткіштерге негізделуге тиіс. Мұндай тәсіл бюджет қаражатын бөлуді барынша ашық етіп, қолдау шараларының нысаналы әрі нәтижелі болуын қамтамасыз етеді», деп М.Әшімбаев алдағы уақытта палата мүдделі тараптармен бірлесіп атқаратын бірқатар міндетті белгілеп берді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл пайдаланушыларға консультациялық қолдау көрсетуге жасанды интеллект негізінде чат-бот енгізілген. Бұл мәселелерді жедел қарап, нақты жауаптар беруге мүмкіндік береді.
«Мал шаруашылығын цифрландыру – министрліктің басым бағыттарының бірі. Салада толық қадағалауды қамтамасыз ету үшін жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің бүкіл өмірлік циклін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді министр.
Сондай-ақ парламенттік тыңдауда өңірлермен тығыз әрі белсенді жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Атқарушы органдар орталық деректер базасының жай ғана пайдаланушысы емес, үдерістің толыққанды қатысушысы болуы керек. Әрбір өңір үшін цифрлық қамту деңгейі, автоматтандыру дәрежесі мен су шығындарын азайту көлемі бойынша нақты индикаторлар белгіленуі де қажет.
Су үнемдеу технологияларын енгізу, шаруаларға сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кәсіби кадрлар даярлау мәселелері де талқыланды. Палата спикері білікті маман даярлау ісінде мемлекет, жоғары оқу орындары, ғылым және бизнес арасындағы байланысты нығайту қажет деп атап өтті.
Парламенттік тыңдауға Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар баяндама жасап, пікірлерін білдірді. Іс-шарада айтылған ұсыныстар тиісті ұсынымдар әзірлеу кезінде ескеріліп, Үкіметке жолданады.