Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыруға, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру, негізгі Заң ережелерінен туындайтын заңнамалық шараларды жүзеге асыруға бағытталған.
Жоспар үш бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды: ұйымдастыру шаралары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Конституцияның орындалуын құқықтық қамтамасыз ету.
Атап айтқанда, ұйымдастырушылық іс-шаралар аясында Конституция мәтінін басып шығару мен тарату, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген форматта әзірлеу көзделді. Конституция электронды платформаларда орналастырылады. Сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету, ақпараттық-көрнекі безендіру, тақырыптық материалдар шығару, көрме және ағартушылық жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауатын қалыптастыру ісіне көңіл бөлінді. Жоспарға оқыту семинарлары мен білім беру іс-шараларын өткізу, мектеп пен ЖОО бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстарын, әдістемелік материалдар мен балалар басылымдарын әзірлеу кіреді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында бірқатар іс-шара мен кешенді медиа-жоспар әзірленді.
Конституцияның жүзеге асырылуын құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде заңнамалық шараларды іске асыру, қолданыстағы заңнаманы талдау, Негізгі заңның нормаларын ескере отырып, стратегиялар мен тұжырымдамаларды өзектендіру шаралары бөлек қарастырылған.
Жалпы алғанда, жоспар Конституция нормаларын халық арасында кеңінен түсіндіруді әрі еліміздің Негізгі заң ережелерінің толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.