Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының 844 елді мекенінде 3 млн-ға жуық халық тұрады, бұл дегеніміз, Қазақстан халқының алтыдан бір бөлігі деген сөз. Халықтың көптігі салдарынан бұл облыста әртүрлі мәселелер туындауда, атап өтер болсақ, баспана мен жұмыстың жетіспеушілігі, мектеп, балабақша, ауруханаларда адамдар санының белгіленген нормадан тыс көп болуы орын алған.
Ал Солтүстік өңірлерде (Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) керісінше, мұнда Қазақстан халқының тек 17 пайызы ғана қоныстанған, халықтың аздығы салдарынан жұмыс күші тапшы, мектеп, балабақшалар қаңырап бос қалуда. Аталған мәселелердің маңыздылығын ескеріп Елбасы алға қойған міндеттердің бірі – ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру. Халықты кең-байтақ жерге біркелкі жайластыру мақсатында Үкімет Елбасының тапсырмасымен еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты өз еркімен қоныстандыру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қолға алынып, іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде жұмыс күші тапшы өңірлерге (Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары) жұмыс күші мол өңірлерден (Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан) ерікті түрде қоныс аудару жүргізіліп, ол оң серпін беруде. Бағдарламаның жоспарына сәйкес, 2017 жылы оңтүстіктен солтүстікке 362 отбасы көшеді деп межеленсе, қазіргі таңда 1479 мүшесі бар 389 отбасы көшкен. Ал 2018-2020 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстікке 7 828, яғни жыл сайын 2600-ге жуық отбасын көшіру жоспарланған. Бұл 2018-2020 жылдар кезеңінде оңтүстіктен солтүстікке көшіру 2017 жылғымен салыстырғанда әр жылға 7 есе көп отбасын қамтиды деген сөз. Өз кезегінде бұл бағдарламаны одан әрі жетілдіруді көздейді, олай болмаса бағдарламадағы жоспар орындалмай қалуы мүмкін. Біз, сенат депутаттары Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, бағдарламаны жетілдіру бойынша төмендегі мәселелерді қарастыруды ұсындық:
- Республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныс аударушыларға тұрғылықты жеріне жетіп алу үшін қаралатын қаржыны алдын ала төлеу тетіктерін қарастыру керек, себебі қоныс аударатын отбасылардың көпшілігі үйі, жұмысы жоқ азаматтар. Олардың көшуге деген ниеттері бар, ал көшуге қаржылары жеткіліксіз;
- Қоныс аударушылар барғаннан кейін кемінде 1-2 ай көлемінде тиісті табыс ала алмайды, сондықтан алдын ала қаржылай көмек беру мәселесі қарастырылсын;
- Солтүстіктегі шекаралық селоларда қаңырап бос қалған, көшіп кеткендердің үйлерін жергілікті атқарушы органдар өз баланстарына қойып, оңтүстіктен келген қоныс аударушыларға 5 жыл бойы тегін беріп, кейін жекешелендіру шартымен берілгені жөн.
Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
сенатор