Семей – ең алдымен ұлы Абайдың елі. Тәуелсіздіктің 1995 жылы Абай жылы деп жарияланып, данышпанның 150 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өтті. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. 2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осы ұлық мерекені өз мәнінде атап өтуге дайындықты бүгінгі күннен бастаған жөн. Және ол еліміз көлемінде өтіп жататын түрлі мәдени-рухани шаралардан тақырыбы, мазмұны, тіпті көлемі жөнінен де мүлде бөлек, тың тұрпатты жағдайда ұйымдастырылса деген тілегіміз бар.
Осы мақсатпен Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаевқа сауал жолдап, төмендегі ұсыныстарды жасадық:
Біріншіден, Семей қаласынан Абай еліне, Қарауылға, Жидебайға баратын жолдың сапасы сын көтермейді. Сондықтан 181 шақырымдық Семей – Қарауыл жолын күрделі жөндеп қана қоймай, оның «Абай жолы» екендігін айғақтайтындай форма, мазмұн берілсе, арнайы ескерткіш белгілер орнатылса екен;
Екіншіден, Қарауыл, Жидебай сынды Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын қасиетті орындар – бүгінде ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі нысандар. «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті жерлерін» белгілеу мақсатында құрылған ғылыми-сараптамалық кеңес еліміздің қасиетті жерлерін анықтау, ғылыми тізімдеу мен жүйелеу барысында Абай елін ерекше ескерсін;
Үшіншіден, жыл сайын өткізілетін республикалық «Абай оқулары» байқауының аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы ұрпақтың қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатын көздеу керек;
Төртіншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалатын «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» ұлы Абай елінен басталып, одан Ақмешіттегі Алтын Шоқыға, Тараздан Теректіге, Саураннан Сарайшыққа, Қарабурадан Қараханға, Оқшы атадан Ойсылқараға және ұлағатты Ұлытауға ұлассын деген тілегіміз бар. Осы сауалдағы ұсыныстарды қолдап бірнеше әріптестерім қолдарын қойды.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Мәжіліс депутаты