Үкіметаралық комиссия отырысында бірінші болып сөз алған А.Мамин Қазақстан мен Ресей арасында орта мерзімдегі индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты дамыту қажеттілігіне екпін түсірді. Бұл үшін құны 4,5 миллиард АҚШ долларына тең бірлескен жоба әзірленуі тиіс. Осы тұрғыда ол екі тараптың сарапшыларына оны жүзеге асырудың екіжақты мүдделерін білдіре алатын бағдарлама жобасын әзірлеуді ұсынды. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі бағыт өзгеріссіз қала беруімен бірге, алдағы уақытта өзінің жаңа арнасын табуы қажет.
Бүгінгі күні отын-энергетика кешенінде ресейлік компаниялар қазақстандық мұнай-газ конденсат орындарын игеруде екі жаққа да тиімді қарым-қатынастар шеңберінде белсенді іс-қимыл танытып келеді. Соның ішінде үшінші елдер бағытына қарай мұнай тасымалдау ісінде екі ел мүдделері толықтай ескерілген. Ресей мен Қазақстан арасында көлік транзитін ұдайы ұлғайта түсу де жетекші орын алады дей келе Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары Ақтөбедегі кездесуде бұл мәселелер жөніндегі келісімдер одан әрі шегенделе түскенін жеткізді.
Өз кезегінде И.Шувалов Ақтөбе аймағындағы жылы қабылдау үшін өз ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, Қазақстанның бұл облысы – нақты жетістіктер мен табыстарға қол жеткізе білген ерекше өңір. Осындай экономикалық әлеуеті мол өңірдің Ресеймен шекаралас орналасуы өте маңызды. Мұндағы Ақтөбе рельс-арқалық зауыты атқарып отырған үлкен жобалар біз үшін де өте қажет. Біз оны бірлескен жобалар қатарына қоса аламыз. Өйткені зауыт өнімдерінің кейбір бөліктері мен бөлшектері Ресейде шығарылады, деді И.Шувалов.
Сондай-ақ үкіметаралық комиссия отырысында Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар алмасуда белгілі бір шектеулер мен «бір қайнауы ішіндегі» жобалар бар екендігі де тілге тиек етілді. Алдағы уақытта мұндай шектеулер алынып тасталуы керек. Сондықтан да екі елдің үкіметтік деңгейдегі сарапшылары бұған барлық күш-жігері мен ресурстық мүмкіндіктерін жұмсауы қажеттігі де отырыс қорытындысына арналған хаттамадан көрініс тапты.
Басқосуда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, үкіметаралық комиссия отырыстарының ықпалы мен әсері, оның шекаралас өңірлерге нақты тигізетін көмегіне қатысты ой-тұжырымдарын алға тартты. Облыс басшысы соның бір мысалы ретінде өткен тоғыз айда шекаралас өңірлердің арасындағы тауар айналымы 146 пайызға өскенін мәлімдеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы