![051111-10](http://old.egemen.kz/2011img/051111-101.jpg)
Ұлттық химия ғылымында тотығып-тотықсызданатын ионалмастырғыш шәйірлер және мембрандық электродиализ технологиясы деп аталатын жаңа саланың негізін қалап, оның әлеуетін әлем мойындаған биік деңгейге жеткізуші химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Платина-Тарлан сыйлығының иесі, Францияның «Ғылым маршалы» атағына ие болған академик Еділ Ерғожин 25 жасында химия ғылымдарының кандидаты атанған екен. Сөйтіп, ол кен қалдықтарынан сирек металдарды бөліп алатын шәйір ойлап тауып, қазақтың талантты халық екенін КСРО ғылыми әлеміне мойындатыпты. Осы жәйттерді естіген соң онымен танысуға ынтам ауа түсті.
Оның бір себебі, Алматыға келіп, сәлем бере барғанымда атақты химик-ғалым Батырбек Ахметұлы Бірімжанов: «Шәкіртім Еділ Ерғожин ерлеп тұр. Бүкіл қазақ ғалымдары арасынан Мәскеуден шығатын одақтық «Успехи химии» журналында мақаласы жарияланды. Ол журналға негізінен одақтық деңгейдегі академиктердің мақалалары ғана шығатын. Ал Еділ аспирант кезінде-ақ мақаласын сонда жариялап, ерлік жасады» деген еді. Сөйткен Еділ Ерғожин бар болғаны 33 жасында докторлық диссертациясын қорғап, сол кездің ең жас ғалымы болды. Қазақстан түгіл, ондай жетістік Одақ көлемінде де сирек кездесетін. Мұндай талантқа ынтызар болмағанда қайтерсің?!
Еділ Ерғожин жайлы мерзімдік басылымдарда шыққан мақалаларды іздеп жүріп оқитын болдым. Бірде сол кездегі ең үлкен дәреже саналатын КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінен қазақ ғалымы Еділ Ерғожиннің күміс медальді жеңіп алғанын оқып, төбем көкке жеткендей болды. Маған ол Мәскеуде ұлттың туын желбіретіп жүрген нағыз ердей әсер етті. Көп ұзамай сол күміс медальді әперген жаңалығы оны ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандырды. Тағы да қуаныш, тағы да таңғалыс!
Орайы келгенде айта кетейік, Еділ Ерғожаұлы дәл осы ғылыми ізденістерінен нәтижелер алу жолындағы шапшаң дамуы секілді қызмет бабында да тез өсті. Химия ғылымдары институтында зертхана меңгерушісі, Қазақ ұлттық университетінің химия факультетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, білім ордасының бірінші проректоры қызметтері бар болғаны 42 жасында жеткен мәртебелі орындар. Ал 45 жасында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Оның ректорлыққа тағайындалуы 1986 жылы болған бір игі қадам еді. Әттең, ол кезде 1986 жылдың 16 желтоқсанында не болатынын ешқайсымыз да: ол да, біз де болжап біле алмаған шығармыз.
Атақты академиктердің бәрі де өмірге, ғылыми әлемге баспалдақтап шығатыны баршаға белгілі ғой. Ал Еділ Ерғожиннің ғылымғұмырға аяқ басуы бар болғаны «өскенде әсем көк үйді өзім салып аламын» деген бала қиялдан басталса керек. Бала қиял қайсар ұлдың сертіне айналып кеткендей. Бұл жайлы Еділ ағамыздың өзі былай деп әңгімелейді:
– Мен Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жарық дүние есігін ашыппын. Ес біле көріп, қызыққаным ауылдың ортасындағы әсем «көк үй» болатын. Оның маңдайшасында «Сталиннен Досқожанова Нұрипаға» деген жазу тұратын. Досқожанова Нұрипа менің жақын жеңгем еді. Қызылшашылар звеносын басқарып, отызыншы жылдарда әр гектардан 900 центнерден астам тәтті түбір жинаған ол звеносындағы Бал жеңешемді ертіп, Мәскеудегі көсем Иосиф Сталиннің қабылдауына барады ғой. Иманды болғыр екі жеңешемнің Сталинді ортаға алып түскен суреті сол көк үйдің төрінде ілулі тұрушы еді. Ал мені қызықтырған көк үйді темірдей қатты әмірші Нұрипа жеңешем ауылға оралғанша Сібірден жеткізіп, сый ретінде тұрғызып берген екен. Сол кездің адамдары бұл үйді салудың өзін ертегідей қылып айтатын. Әр ағашы нөмірленіп келген үй бас-аяғы бір аптаға толмайтын уақыт ішінде тұрғызылып біткен екен. Міне, сол үй менің биіктерге талпынысымның бастауында тұрды. Көк үйдің оңайлықпен салынбайтынын білгендіктен, өзімді еңбектенуден аяған жоқпын. Мектепте жоспарлы пәндерді жақсы оқуым былай тұрсын «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларын жаттап өстім. Ғылымды қууыма да зеректігім жетекшідей әсер етті. Не керек, «көк үйді» өзім салып алу үшін ұмтыла-ұмтыла жүріп, ақыры қазіргі дәрежеме де жеткен екенмін, – деп Еділ ағай әрі ойлы, әрі шаттықты сезімде біраз күліп алды.
Бертін келе мектепке барған, мектепте жақсы оқыған балаң Еділ Текелідегі металлургия комбинатының маңында үйіліп жатқан кен қалдықтарын көріп, ондағы инженерлерден «бұл қалдықтардың ішінде де адамға аса қажетті заттар жетерлік, бірақ оны алуға қазіргі химия ғылымының күші әлсіз болып тұр» дегенді естиді де, енді сол қалдықтардан кен алатын химиялық жолды ойлап табатын ғалым болуға талпынады ғой. Тіпті қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне алғашқы жылы түсе алмай қалып, сол кезде «Осы балмен Ресейдің әскери институттарына түсуге болады» деген кеңес айтушылардың да сөзін тыңдамай, ғалым химик болуға біржола бекінеді. Қайсарлық, табандылық деп осыны айт!
– Менің бақытыма орай «химфак» деканы Батырбек Бірімжанов үлкен ғалым ғана емес, сонымен бірге ұлтжанды, талантты жастарға әкедей қамқор бола білетін жылы жүректі жан болып шықты. Ол мені бірден өз қамқорлығына алды. Орысша жөнді білмейтін едім. Ал Снегирева Нина дейтін зертханалық жұмыстардан сынақ алатын ұстазым тіпті талапшыл болып шықты. Білгенімді қазақша айтып берейін десем, көнбейді. Не керек, өзі алатын сынаққа бірнеше қайта кіргізді. Деканның алдына да жетелеп апарды. Сол жерде «бұл орыс тілінен мазмұндаманы қалай жазып жүр» деп менің оқуға түскендегі бағама күдік келтіргендей де болды. Мен орыс тілінен мазмұндама мәтінін үтір нүктесіне дейін мектептегі ұстазым жазып беріп, соны жаттап алғанымды бүкпесіз айттым. Сенбей, қайта айтқызды. Мұнымның өтірік емес екенін білген декан Батырбек Ахметұлы түйіннің шешілуіне жол ашқандай бір іс істеді. Жатақханада қазақ жігіттерімен жататын мені орыс балалары тұратын бөлмеге ауыстырып, оларға маған тіл үйретуді тапсырды. Әрі сөздікті жаттап, әрі орыс тілі грамматикасын ежіктеп, әрі бөлмедегі орыс балаларынан сөйлегендегі қатемді дұрыстап жіберулерін өтініп жүріп, не керек алғашқы семестрдің өзінде-ақ бұл тілді біраз үйреніп, көп ұзамай-ақ орыс тілінде баяндама жасайтындай жағдайға жеттім ғой. Алғашқы ұстазым Нина Ефимовна қатал, талапшыл, ал өмірлік ардақтыма айналып кеткен Батырбек Бірімжанов әкедей қамқор болды. Және солардың осындай істеріне орай еңбектенуден өзімді аямауым ақыры менің ғылым биігіне қанат қағуыма қозғаушы күштей әсер етті.
Ғылымғұмырының бастауындағы «қызықтарды» осылайша бүкпесіз әңгімелеген академик Еділ Ерғожин сол кездегі Одақтық химия ғылымы әлеміндегі ең беделді басылым «Успехи химии» журналына да бірінші шыққан қазақ ғалымы екенін жоғарыда айттық. Десек те, алпарыстың күштісі, жеңістің үлкені әлі алда болатын. Ол кезде одақтық химия ғылымы әлеміне өткізетін бір өте кінәмшіл «сүзгі» болған. Ол ғылымдағы «тазалықтың сақшысындай» академик Валентин Алексеевич Каргин еді. Бұл тұлғаны «алдап өтіп» ғалым болуың мүмкін емес. Ал оның алдынан өтіп «батасын алмасаң» әрі қарай аяқ баса алмайсың.
– Ардақты ұстазым Сағид Рауфович Рафиков бүкілодақтық ғылыми конференцияда баяндама жасауға тиіссің, деген соң мұқият дайындалғанмын. Соның өзін әлгі жетекшім екеуміз тағы да біраз екшеуден өткізгеннен кейін «Енді осыны Каргинге көрсетіп, оның бағасын ал» деп тапсырма берді. Атақты ғалымды бірінші көруім ғой. Салқын, сұсты, тас мүсіндей әсер етті. Қайдан, не үшін келгенімді айтсам да, ол тіл қатар емес. Сонан соң өзімнің «Успехи химии» журналына мақалам шыққанын айттым. Оған да жібитін түрі жоқ. Сонан соң қайсарлығыма басып, баяндамамдағы қамтылған мәселелерді түгел баяндап шықтым да, «Бұл бүгінгі химия ғылымындағы жаңалық» дегенді төбесінен жай түсіргендей нығарлай айттым. Манадан бері көңілі далада секілді көрінген ол «Расында да мынауың жаңалық секілді» деп бетіме енді ғана тура қарады. Сөйтсем, менің бүкіл баяндамам туралы айтқанымды мұқият тыңдап отырған екен. Баяндаманы тастап кетуімді сұрады. «Бағасын кейін естірсің, жазбаша түрде» деді. Болған жайды Сағид Рауфовичке баяндадым да, Алматыға іле қайта оралдым. Үйге келгенім сол еді, телефон шыр ете қалды. Ар жағынан Сағид Рауфовичтің қуанышты дауысын естідім. «Сүйінші баяндамаңды Каргин жоғары бағалапты» деп тұр.
Бұл болашақтағы әлемдік деңгейде мойындалатын үлкен ғалым Еділ Ерғожиннің ғылымғұмыры бастауындағы кезекті және шешуші жеңісі еді. Егер ол дәл осы қатал сыншы алдында бір рет сүрінсе, тарс жабылған есікті қайта ашу мүмкін болмас та еді-ау.
Бұл күндері төрткүл дүние түгел мойындаған көрнекті ғалым Еділ Ерғожиндей сом тұлғаның соғылып шығуы үшін ойлап отырсақ осындай өз ісіне сенімділік пен оның дұрыстығын қайсарлықпен дәлелдеу секілді қасиет те керек болған-ау деп ойлайсың. Демек, «табанының бүрі жоқтарға» ғылым әлеміне кірер есік ешқашан ашылмайтын секілді.
Сарабдал Мәскеу ғылыми орталығы енді қазақтың жас талантына дүниежүзілік конференцияларға қатысуға да жол ашты. Бірде ол Братиславада өткен халықаралық конференцияда баяндама жасауға жолдаманы одақ бойынша жеңіп алды. Неміс тілінде дайындалған баяндамасын оқуға Братиславаға келгенде ондағылар бұл болмайды дегенді кесіп айтыпты. Ол кезде Чехословакияның КСРО жоғары билігінің саясатына наразылық көрсетіп жүрген шағы көрінеді. Мемлекетаралық саясаттың салқыны енді қазақтың жас талантының қос өкпесінен тигендей бір құқай еді. Бұл жөнінде осы уақытқа дейінгі кедергілердің бәрінен өтіп, ақыры түпкілікті жеңімпаз болып шыққан академик былай деп еске алады:
Құр уайымдағаннан не шығады, баяндаманы қайтсем де жасаймын деген ұстанымымды ұстазым Сағид Рауфовичке жеткіздім. Ол: «Ағылшын тілін білмейсің ғой, қалай жасайсың» деп қынжылды. «Қынжылатын ештеңесі жоқ, сіздер аударып беріңіздер соны кирилицамен жазып алып, түні бойы тіл жаттықтырып, жаттап аламын. Сонан соң сол жаттағанымды ауызша айтып шығамын» дедім. Сонан соң Мәскеу университетінің профессоры Николай Альфредович Платэ Сағид Рауфовичпен бірлесіп баяндаманы ағылшын тіліне аударды да, оны Николай Альфредович дауыстап оқыды. Оның оқығанын мен кирилицаға түсіріп, сол қалпында жазып отырдым. Не керек түні бойы көз ілмей, әлгі жазғандарымды жаттап шығып, баяндама жасауға дайын екенімді айттым. Ақыры баяндаманы ағылшын тілінде айтып шықтым. Алғашқы сұрақтар неміс тілінде қойылды. Оған өзім жақсы білетін неміс тілінде мүдірмей жауап бердім. Келесі сұрақтар ағылшынша болып еді, аудармашылыққа Николай Платэ шығып, не керек жиналғандардың зор қошеметіне ие болдық. Конференцияға төрағалық жасап отырған америкалық профессор Пол Джон Флори мақаламды АҚШ елінде шығатын ғылыми журналға басуға рұқсат беруімді сұрады. Ол Нобель сыйлығын алған, әлемге танымал үлкен ғалым еді. Оны осыншалықты риза еткенім үшін өзім ғана емес, бүкіл отандастарым болып қуандық. Ақыры баяндамам АҚШ журналында шықты. Мінеки, ғылымда да осындай кедергілер кездеседі. Егер олардан өте алмай сүрінсең, жолың болмайды. Бүгінде біздің Мемлекет басшысы «Жастарымыз үш тілді меңгерсін», деген әдемі өміршең ұсыныс жасағаны өзімізге белгілі десем, оған кейбіреулердің қарсы болуына қайран қаламын. Оу, бұл білімсіздік қой демеске лажың жоқ. Орайы келгенде айта кетейік, Братиславада әлгіндей кедергіге тап болып, оны қайсарлығымен жеңіп шыққан Еділ Ерғожин Алматыға орала салысымен ағылшын тілін мектеп партасына жаңа отырған баладай ежіктеп оқуға көшті. Сөйтіп, бұл тілде ешкімнен қымсынбай баяндама жасай алатын дәрежеге жеткен.
Мен ұзақ әңгіме барысында академиктен:
– Әлемге танымал, электромембрандық диализ технологиясы саласында ашқан теңдессіз жаңалығы үшін әуелі КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медаліне, сонан соң Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған, 13 ғылым докторын, 80 ғылым кандидатын дайындап шығарып, 20 монография жариялаған, 300-ден астам авторлық патент алған, 40-тан астам халықаралық конференциялар мен симпозиумдерде баяндама жасаған, «Парасат» орденін алған, сондай-ақ еліміздегі «Платина-Тарлан» сыйлығының иесі болған ғалым Еділ Ерғожин феномені неде? – деп сұрадым. Сонда ол еш кідірместен былай деп жауап берді:
– Мен ғалым болып жаратылған адам емеспін. Данышпан Лев Толстой былай деген екен: «Адамға бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек қажет». Дұрыс айтылған сөз. Иә, мен бұрын-соңды оқып білмеген бөгде тілде баяндама мәтінін де бір түнде жаттап алатын алғыр да, зерек болдым. Бірақ оның өзі де еңбектен қашар болсам мені әлемге танымал ғалым етіп шығара алмас еді. Демек, менің бүкіл ғылымғұмырымда жан серігім болған еңбекқорлық барлық жеңістерімнің атасы. Зертханадағы зерттеулерімді бастаған кезде ғылымға беріліп, еңбектенгенім соншалық, тіпті жұмыс орнында ұйықтап қалған кездерім де болды. Оқудан да, зертханадағы ғылыми ізденіс деп аталатын «қара жұмыстан да» қорықпадым, қашпадым, жан тыныштығын іздемедім. Сол азаптардың бәрінде жеңдім. Сол азаптар ғана маған жеңіс дәмін татқызды.
Ғалымның осындай нақты деректермен бекітілген әңгімелерін тыңдай отырып, «Ғалымды ғалым ететін де еңбек екен ғой» демеске амал жоқ. Бұл – «ғылымды өміріме серік етемін» деген жастар үшін қазірден бастап санасына сіңіретін басты талап. Талантына еңбекқорлығын серік еткен академик Еділ Ерғожин Қазақстандағы ұлттық химия ғылымында тотығып-тотықсызданатын ионалмастырғыш шәйірлер және электромембрандық диализ технологиясы деп аталатын салалардың негізін қалады. Алып бәйтеректей сан бұтақты химия ғылымының осынау саласында қазақстандық ғылыми әлеует әлемнің ең дамыған мемлекеттерімен иық теңестіре алатындығы дүние жүзі бойынша мойындалған ақиқат. Бұл ақиқатты алпауыт АҚШ ғалымдары түгіл, мемлекеттік лауазымды қызметкерлері де елімізде КСРО мұрасындай болып қалған баллистикалық зымырандар мен ядролық оқ тұмсықтарды жою кезінде халықаралық конкурста жеңіп алған Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының тындырған жұмыс нәтижесі арқылы мойындады. Мойындағаны сол, академик Еділ Ерғожин бастаған ғалымдар тобының тамаша нәтижелі жұмысы үшін институтқа қозғалмалы экологиялық зерттеу зертханасын сыйға тартты.
Бұл күндері академик Еділ Ерғожин басшылық жасайтын Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты төрткүл дүниенің ғылым әлеміне түгел танымал. Ал оны тәуелсіздік жылдарында тұтастай дерлік басқарып келе жатқан Еділ Ерғожин өзінің өмірлік ұстанымын былайша түсіндіреді:
– Менің өмірімде екі тамаша аяулы ұстаздарым болды. Олар Батырбек Ахметұлы Бірімжанов пен Сағид Рауфович Рафиков болатын. Солардың ұдайы санама сіңіргені «ұстаз шәкіртімен көрікті» деген қағида еді. Ғылымғұмырымда осы қағидамен жүрдім. Қазір өзім ғана емес, сонымен бірге, бүкіл институттың ғылыми қызметкерлерінің, шәкірттерімнің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік жасаумен келемін. Олардың ғылыми ізденістеріндегі нәтижелерін, қорытындылаған мақалаларының халықаралық басылымдарда жариялануын жолға қойдық. Ол ол ма, бұрын халықаралық симпозиум, конференцияларда баяндама жасауға баратын санаулы ғалым болсақ, қазір мұндай мәртебеге біздің институттың көптеген ғалымдары қол жеткізген. Мұның өзі ғылым әлемі қазақ химиктерінің әлеуеті мен болашағын толық мойындады деген сөз емес пе?!
«Бұлақ көрсең көзін аш» деген даналықтың болмыстағы қарекетке айналуы осы болса керек. Осылайша тұтастай ұжымды әлемге мойындата алған академик өзінің бір керемет қуанышын жасыра алмайды:
– Мен осы институтта лаборант болып алғашқы ғылыми ізденістерімді жүргізіп жатқан кездері мұнда қазақ академиялық ғылымының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев келе қалды. Аты-жөнімді, қайда оқитынымды және немен айналысып жатқанымды сұрастырып біліп алған Қанекең сөз соңында былай деп еді: «Арпа ішінде бір бидай екенсің, қазақтың намысын қорғауға тырыс. Еврейлерді «жеңе алсаң», орыстар өзінен-өзі мойындайды». Аты аңызға айналған ағаның бұл сөзінің астарында не жатқанын бірден білдім. Ол кезде біздің институтта ғылым қуған қазақ саны бір қолдың саусағына жетпейтін. Басым бөлігі басқалар еді. Не керек, сол басқалардың өздері де мойындады ғой. Бірақ қуанышым бұл емес, қуанатыным – сөздің тура мағынасында қазақтың ұлттық химия ғылымының қалыптасқандығы. Қазір біздің институтымызда еңбек ететін ғылыми әлеуеттің 70 пайызы өзіміздің ағайындар. Бұл қуаныш емей немене! Есіңізде болсын, қазақтың ұлттық ғылымы Ұлы Отан соғысы кезінде эвакуацияланып келген Мәскеу, Ленинград ғалымдарының күшімен өмірге келген. Мұны жасырмауымыз керек. Соғыс аяқталған соң олардың көбі келген жеріне қайта оралды. Біразы қалды. Бір бөлігі күні кешегі тоқсаныншы жылдардағы қиындыққа шыдамай елден кетті. Енді мұнда «аспан айналып жерге түссе де» Қазақстаннан ешқайда кетпейтін өз ағайындарымыз қалды. Бүгінгі қазақ химиясын әлемге мойындатып жүрген солар.
Осы әңгімесін аса бір шаттық сезіммен айтқан ғалым енді бір кезекте химияның отандық экономикаға беретініне тоқталды:
– Қазіргі кезде он жылдық өміршең жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Елбасымыздың бұл ауқымды тапсырмасын өндіріске химия ғылымын кіріктірмей шешу мүмкін емес. Мұны атқарушы биліктің жауапты тұлғалары да толық түсінгендей. Егер бұрын біз ашқан жаңалықтардың басым көпшілігі КСРО державасының, Одақтың игілігіне айналып, басқа республикалардың меншігі болып кетсе, енді біздің өніміміз өз отанымыздың игілігіне айналады. Мен бұл он жылдықты Қазақстан экономикасында химияландыру кезеңі болады, дегенді батыл айтамын.
Иә, әлем мойындаған көрнекті ғалымның пікіріндегі «тоқетер» осы. Ұлттық ғылым академиясында вице-президент, Білім және ғылым министрлігінде вице-министр қызметтерін атқара жүріп, отандық білім-ғылымның жалпы адамзаттық өркениет көші деңгейінде болуына айтарлықтай үлес қосқан, адамзатқа дүние жүзі бойынша тұңғыш рет Қазақстанның Алматысы мен Астанасынан «Үшінші мыңжылдықтың ғылымы қандай болады» деген өміршең сұрақ қойған алқалы халықаралық конференцияны ұйымдастырушы Еділ Ерғожин бұл күндері былай деп толғанады:
– Ғылым дамыған сайын оның көптеген жаңалықтары қоршаған ортаға зиянды бола түсуде. Жерді көмкерген азон қабаты жұқарып, күннің ультракүлгін сәулесі пайдадан гөрі зиянды болып барады. Жер қойнауының қоры азая түсуде. Адамзат саны артып, жер бетінің оны асырау мүмкіндігі ықшамдалуда. Мәңгілік мұздақтар еріп жатыр. Көп ұзамай, ауыз су тапшылығы үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Міне, осындай проблемаларды адамзат бірлесіп шешпесе, бұдан былай «бет-бетіне түйе айдаған» жағдайда өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан біз әлемдік ғылымның ашық қоғам жағдайында интеграциялануын халықаралық деңгейге шығара алдық. Не боларын уақыт көрсетер.
Академикпен әңгімелескенде көбіне естігенім, ғылым айналысуға тиісті проблемалар. Ол мұнысын былайша ақтап алады. «Ғалым ұдайы проблемаларды шешу ісімен айналысады ғой. Бірін шешіп, одан оң нәтиже алған соң келесіне көшеді. Сөйтіп, шексіз ізденіс жағдайында өмір сүреді. Біздікі сол тірлік».
Иә, ол өмір алға тартқан ғылым орбитасындағы түйіндерді шешумен өмір сүретін секілді. Басқаға алаңы жоқ. Бәлкім, оның ештеңеге алаңдамай ғылым қуып, бұл жолда әлемдік маңызы бар жаңалықтар ашып, жетістікке жетіп жүруінде ғалымға «күйбең тірлікке көңіл бөлмей өмір сүру мүмкіндігін сыйлай алған» оның жары Зеннат апамыздың еңбегі ғалымның өз еңбегінен де көп шығар. Шотбаева Зеннат Мәмбетқызы ұзақ жылдар бойы Қаз КСР Жоспарлау комитетінде жемісті жұмыс істеген, университетте дәріс оқыған, экономика ғылымдарының кандидаты. Осындай жауапты қызметіне қоса бала тәрбиесін өз мойнына алып, мінсіз атқарған ана да болды. Ғалымның күндіз күлкісіз, түнді ұйқысыз өткізетін беймаза ғұмырында сүйікті жар, сенімді сүйеніш бола білген Зеннат апаймен Еділ ағамыз бұл күндері немере қызығын көріп жүрген әже, ата. Өздерінің үш қыз, бір ұлы жоғары оқу орындарын бітіріп, алды ғылым докторы дәрежесіне жеткен. Ата мен әже балалары түгіл, немерелерінің де шет тілдерін жақсы меңгеріп жүргендерін қуаныш әрі мақтаныш көреді. Олардың мұнысы да ұлтқа үлгі боларлық өнеге.
Жұмабек ЖАНДІЛДИН, журналист.