Кәсіпорынның жұмысымен танысқан аймақ басшысы жаңа зауыттың маңызды тұстарына тоқталды.
«Өндіріс саласында жақсы оқиға, ол осы ауданның және көрші аудандардың қажеттілігі үшін газобетон блогын шығаратын зауыттың іске қосылуы. Құны 120 млн. теңге болатын жобаның іске қосылуы құрылыс үшін маңызды. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймын. Аталған аудандағы индустриялды аймақта қазір жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпорындар ашылса, салық түсіп, ел бюджеті молаяды, тұрғындар жұмыспен қамтылатын болады», - деді әкім.
Сондай-ақ, өңір басшысы Қазығұрт Шымкент қаласымен іргелес жатқан көрші аудан екенін және Жібек жолы мен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» үлкен жолының бойында орналасқан аудан болғандықтан мұнда өндірісті өркендету қажеттігін айтып, мұндай бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.
Өндірісте алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялардың қолданылуы мен жоғары сапалы шикізаттың пайдаланылуының арқасында, зауыттың өнімі халықаралық стандарттардың ең жоғары талаптарына жауап беретін болады.
Мұнда жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың дана газобетон блогы шығарылады. Құрылыста тиімді болып келетін бұл өнімнің ені 30 см, биіктігі 40, ал ұзындығы 60 см. Аталған кәсіпорынның өнімдері өңірде салынатын көпқабатты тұрғын үйлерде қолданылатын болады.
Қазығұрт ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі жылына 25-30 тонна тәтті өнімдер шығаруға қауқарлы жеке кәсіпкер Гүлзия Бейсебаеваның кондитерлік цехының жұмысымен танысып, жергілікті 10 адамды жұмыспен қамтып отырған іскер азаматшаның жұмысын оң бағалады.
Бұл жобаның құны 80 млн. теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «ONтүстік өнімдері» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Банк несиелерін кепілдендіру» шарты бойынша қаржылай қолдауға ие болған. Түркиядан кондитерлдік өнім өндіретін құрал-жабдық әкелген Гүлзия Бейсебаева елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалғанын айтты.
Бұдан бөлек, әкім Қазығұрт ауданында жылына 63,2 млн кВт электр энергиясын өндіретін шағын гидро электр станциясын аралап көрді. Бүгінгі таңда кәсіпорын сынақ мерзімінен өтіп, электр қуатын шығаруды бастап кетті. Электр станциясы өндірілген өнімді Қызылсенгір елді мекенінің электр желісіне қосу үшін «Оңтүстік жарық» мекемесіне 1кВт 16,71 теңгеден электр қуатын өткізуде. Үлкен кескен каналынан 6м³/сек. су алынып, 450 метр төмен қарай электр станциясына келіп, арнайы қондырғылардан өтіп сағ/1000 кВт. электр қуаты шығарылады.