1970 жылы Өскемен педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын осы оқу орнында ұстаздық қызметтен бастаған. 1980 жылдан археологиялық зерттеулерге бет бұрып, кіші ғылыми қызметкерден бастап ғылым докторы дәрежесіне дейінгі қажырлы еңбек жолын жүріп өтті.
Зейнолла Самашұлының ғылыми ізденістерінің басты арнасы Орталық Азия жерін мекендеген халықтардың ежелгі және ортағасырлық тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеуге бағытталды. Ол Қазақстанның түрлі аймақтарында шоғырланған, тас дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі аралықтағы жартас бетіндегі суреттердің жүздеген жәдігерлерін ашып зерттеді. Ақбауыр, Баянжүрек, Сауысқандық, Теректі әулие, Төлеубұлақ сынды ескерткіштерде жүргізген кешенді зерттеулері мен Қазақстан петроглифтерін қамтыған докторлық жұмысы ғалымның ерен еңбегі дер едік.
Зейнолла Самашұлының ғылым жолындағы көлемді еңбектерінің бірі Алтай төріндегі әйгілі Берел қорымында жүргізген тыңғылықты зерттеулері болып табылады. Ол жетекшілік еткен археологиялық экспедиция жұмыстарының ең жарқын жаңалықтары қатарында, Берел жазығы мен Қарақаба өзені жағасындағы сақ және ежелгі түрк дәуірінің «тоң басқан» обаларынан табылған археологиялық жәдігерлерді айрықша атауға болады. Берел қорымынан табылып, осы күнге дейін бұзылмай сақталған органикалық материалдар арқылы Қазақстанның өте ертедегі ежелгі тарихына қатысты соны тұжырымдар жасап, көшпенділердің технологиялық даму дәрежесі мен дүниетанымы жайлы әлемдік ғылымға теңдессіз жаңалықтар ұсынды.
Зейнолла Самашевтің басшылығымен өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап Маңғыстау өңіріндегі Бәйте, Үстірттегі Қызылүйік сынды сарматтардың ғұрыптық кешендері мен қола дәуірінің Тоқсанбай қонысы, Жайық бойындағы Алтын Орда хандарының жазғы ордасы мен сол кезеңнің ірі орталығы болған Сарайшық қалашығында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Зерттеу нәтижесінде Алтын Орда мемлекетінің тарихы, экономикасы, ақша айналымы жайында тың мәліметтер алынып, ғылыми айналымға енді.
Ғалымның еңбектерінде Сарайшық қаласы Еуразия даласындағы тоқсан тарау, тоғыз жолды тоғыстырған, Алтын Ордадан кейінгі Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында да маңызды орын алған орталықтардың бірі ретінде бағамдалады.
ЮНЕСКО-ның 1993-1997 жылдар аралығында жүзеге асырылған «Орталық Азияның петроглифтер корпусы» бірлескен қазақ-француз археологиялық экспедициясының жетекшісі қызметін атқарды. Ал 2003-2010 жылдар аралығында Германияның Бохум қаласындағы тау-кен ісі музейімен бірлескен жобаның жетекшісі ретінде Қазақстандағы ежелгі тау-кен ісі мен металлургия және еліміздің шығысындағы қалайы өндірген ежелгі кеніштерді зерттеді.
Зейнолла Самашұлының ғылыми ізденістерінің келесі бір бағыты – 2007-2016 жылдар аралығында Моңғолия аумағындағы Еуразияның далалық көшпелілер дүниесіне ортақ мәдени мұра ескерткіштеріндегі зерттеулері. Осы жылдар аралығында бұғытастар, ежелгі түрктердің қалалары, Шивээт Улаан сияқты ғұрыптық кешендер мен монументалды өнер ескерткіштері және ғұндардың обалары зерттеліп, ғылыми айналымға енді.
АҚШ, Германия, Украина, Ресей және басқа да алыс-жақын шетелдерде көрмелер өткізу арқылы Қазақстанның тарихи мұраларын насихаттап, ел аумағындағы Берел қорық-мұражайын, Сарайшық қаласындағы ашық аспан астындағы музейді ұйымдастырудағы еңбектері ғалымның қоғамдық орайдағы қызметінің үлкен бір парасы екенін еске саламыз.
Ғалым Қазақстан мен Еуразия даласының көне тарихы мен археологиясына қатысты 400-ден астам ғылыми мақалалардың, оның ішінде 30-дан аса монографиялық еңбектің авторы.
Саналы ғұмырын қазақтың төл тарихын түгендеуге арнаған ғалым және осы жолда шәкірт баулып жүрген ұлағатты ұстаз. Тынымсыз еңбек пен биік парасат пайымының нәтижесінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының иегері атанды.
Көне сыр тартып, ескі тарихымыздың талай көмбелі қазынасын жарқырата танытып келе жатқан археология тарланына жамағат қауым мен елі риза. Зейнолла Самашұлы сынды қадірлі де қарымды әріптесіміздің еселі еңбегі, ұлағатты жолы жалғаса берсін деп тілектестік білдіреміз.
Мадияр ЕЛЕУОВ,
археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері