Ол осыдан екі жыл бұрын тапсырылған болатын. Көлемі – 2763 шаршы метр, құрылысына бюджеттен 788 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жаңа типті спорт ғимаратында үш жабық, үш ашық теннис корты бар. Өткен жылдан бері оның ашық және жабық корттарында бірнеше рет республикалық турнирлер өтті.
Елбасы келеді дегеннен спорт мектебінің директоры Людмила Окунева бастаған ұжымның, теннис орталығындағы жаттықтырушылардың, жас спортшылардың көңілі ерекше алабұртты. Жаттығу сабақтары да аса бір қызығушылықпен өтті. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі үздік спортшылардың бірі 13 жасар теннисші Екатерина Ситникова да бұл хабарға қатты қуанған.
Әкесінің ағасы, әулетіндегі бар бала «ата» деп атайтын Геннадий Ведяев Катяның алты жасында қолынан жетектеп, теннис спортына апарған. Дәрігер Геннадий Петровичтің өзі де спортшы, жетпістен асса да сүйікті мамандығы дәрігерлікті де, сүйікті ісі волейболды да тастаған жоқ. Теннис кішкентай Катяға да ерекше ұнап, алты жылдан бері спорт мектебінің үздік оқушысына айналды. Мектепте де белсенді, жақсы оқиды.
Ситникова Нұрсұлтан Назарбаевты теледидардан ғана көрген. Елбасымен жақын тұрып сөйлесу, қолын алу оның бала қиялының жай ертегісі сияқтанатын. Теннис кортына кірісімен Нұрсұлтан Әбішұлы айналаға ризашылықпен қарады. Ат шаптырым, жарық, биік корт. Ол өзін күтіп тұрған спорт мектебінің үркердей үздік теннисшілеріне жақындады.
– Қостанай теннистің жабық кортына зәру болатын. Бұл өңірдің қысы ұзақ, қатал, жазы қысқа. Мұнда бұрын қыс мезгілінде жаттығу үшін ештеңе болмайтын. Міне, сендерде енді теннис корты, күштілік спорт түрлерінің академиясы, жабық мұз айдыны, футбол стадионы – бәрі бар. Қыста да жаттығулар үзілмейді. Спорт – керемет іс, онымен бала кезден айналысыңдар, сонда өмір бойы денсаулықтарың жақсы болады, спорттан қол үзбейтін боласыңдар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы сөзін аяқтағанда балалардың алдыңғы жағында тұрған Екатерина Ситникова Нұрсұлтан Әбішұлының келгеніне балалардың барлығы өте қуанышты екенін және өзінің спорттағы жетістіктерін айтып берді.
– Мен 2016 жылы республикалық турнирде үшінші орын, биылғы өткен республикалық екі турнирде де екінші орынды иелендім. Теннисті өте жақсы көремін.Өскенде еліміздің намысын қорғайтын боламын, әлемдік жарыстарда Қазақстанның туын желбіретуді армандаймын және соған қол жеткіземін, – деді Катя. Арманы асқақ нәп-нәзік қызды Елбасы өз перзентіндей мейірлене бауырына қысты.
Елбасы балаларға өзінің де тенниспен айналысқанын айтты. Елбасының: «Мен де тенниспен айналыстым. Денсаулығы мықты және білімді адам ғана өмірде жетістіктерге қол жеткізеді. Сондықтан жастар спортпен айналысуы, достасуы керек. Сенде де достарыңа спортты серік ету керектігін айтыңдар», деген сөзі балалардың көкейінде жатталып қалатыны күмәнсіз.
Сол күні Елбасының Теннис кортына барғанын, балалармен арада болған әңгімесін, оның алдында Катяның және жас теннисшілер Санжар Бұқановтың, Диана Шәріпованың сөйлегенін соңғы жаңалықтардан көрсетті.
– Қуанғаннан жылай беріппін. Қызымның ұстаздары, жаттықтырушылары, туыстар, дос-жарандар телефон тұтқасын қойдырмады, құттықтап жатыр. Тіпті Ресейдегі туыстарымыз бен таныстарымыз көріп, телефон шалды ғой, – дейді Катяның анасы Елена. Ситниковтер Елбасының жас теннисшілермен сұхбаттасып тұрған және Катяны бауырына тартқан сәті бейнеленген суреттерді үлкейтіп, рамкаға салып, төріне іліп те үлгерді.
Мұндай суреттер Теннис орталығына да ілініпті. Жаттығуға келген спортшылар мен теннис әуесқойшылары оған қараған сайын Қостанай теннисінің жарқын болашағы сәуле шашқандай болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ