Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Кабинетті ашуға ұйытқы болған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауға 1 миллион теңге қаражаттарын аударған – осы мектепті 1978 жылы бітірген түлектер. Осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын білім ордасынан қанат қаққан түлектерді бүгінде Алматыда тұратын Қанатбек Қажыбеков пен Талдықорғанда еңбек етіп жүрген Болат Абаған сынды азаматтар бастап келіпті.
«Қайда жүрсек те, қай жерде қызмет істесек те туған жерімізді, өскен елімізді, ауылымызды, білім нәрін сепкен мектебімізді ешуақытта естен шығарған емеспіз. Кез келген адамның жүрегінің түкпірінде сақталатын, бойына қуат беріп, көңіліне шуақ шашып тұратын сезімдер болады. Соның ең үлкені, ең ізгісі – туған жерге деген сезім болса керек. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры, бәсекелестік ғасыры. Сол бәсекелестіктен шалғайдағы ауыл балалары да қалмаса екен деген тілекпен осындай игі істі қолға алған жайымыз бар», - деді «робот техникасы» кабинетінің ашылу рәсімінде сөз алған осы мектептің түлегі, бүгінде Жетісу топырағында қызмет атқарып жүрген белгілі журналист, «Өлке тынысы» медиахолдингі директорының орынбасары Болат Абаған.
Жетіарал мектебінің 1978 жылғы түлектерінің бірі, кәсіпкер Қанатбек Қажыбеков өздері әкелген роботтар бастауыш және жоғары сыныптарға арналғанын, оның кейбір жабдықтарын Санк-Петербургтен арнайы алдырғанын айтады. «Ауылдағы соңымыздан ерген бауырларымыз бен қарындастарымыз үшін аянатын несі бар деп ең сапалы роботтарды таңдап, арнайы бағдарламасы мен нұсқаулығын қоса ала келдік. Нұсқаулықтың ішінде барлығы мұқият жазылған. Онда 17 жоба бар. Балалар соны құрастыруы тиіс. Осыны меңгерсе елімізде өтетін жарыстарға қатыса алады», - дейді ол.
Жетіаралда былтыр ғана ашылған 300 орындық мектептің физика пәнінің мұғалімі Серік Ауғанбаев жақында Өскеменге 15 күндік оқуға барып, роботтармен жұмыс істеудің қыр-сырына қанығып келіпті. Білген-түйгенін оқушыларға үйретуге әзір екендігін жеткізді. Салтанатты шараға қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дауытбаева «робот техникасы» кабинеті Тарбағатайда ең алғаш болып Жетіаралда ашылғанын атап өтіп, жақында арнайы штат бөлінетіндігін тілге тиек етті.
Қазіргі уақытта облысымызда «Туған мектеп» атты ауқымды акция жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Шара аясында аймақтағы барлық білім ошақтарын Назарбаев интеллектуалды мектебі үлгісіндегі физика, химия, биология және «робот техникасы» кабинеттерімен жабдықтау жоспарланған. Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев өңірдің сыртта және облыс аумағында жүрген азаматтары аталған акцияға белсене қатысып, 75 миллион, 270 мың теңге көлемінде қаражаттарын аударғанын айтады. Бұл қаржыға аудандағы 17 мектептің сыныптары жабдықталатын болады. «Акцияға еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін атсалысып жатыр деуге болады. Ақжар мен Ақсуат ауылдарында түлектер форумын өткіздік. Форумға әрісі Алматы мен Астанада, берісі Өскемен мен Семейде еңбек етіп жүрген Тарбағатайдың тумалары арнайы келді. Олардың еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктеріне тәнтіміз. Тіпті 70-ке келген ақсақалдар да «Мен осы мектепті бітіріп едім» деп қолда барын әкеліп, қолдауын білдіріп жатыр», - дейді аудан әкімі.
Д.Оразбаевтың айтуынша, Тарбағатай ауданында 50-ге жуық мектеп бар. Соңғы жылдары 8 жаңа мектеп салынып, білім ошақтарын жөндеуге 500 миллионға жуық қаржы бөлініпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақтан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы