Тарих • 22 Қараша, 2017

Шірік-Рабат астана болмаған ба?

3468 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай бет алып, жүз шақырымдық жолды артқа тастасаңыз Сырдарияның көне арнасы Жаңадарияға барып тоқтайсыз. Мидай жазық далада көзіңізге төбе ұшырасар еді. Бұл – ежелгі сақтардың астанасы болған көне Шірік-Рабат қаласы. Тоқтаңыз. Осы уақытқа дейін біз Шірік-Рабатты сақтардың астанасы деп келдік. Енді олай емес, ежелгі қала сақтардың бас қаласы болмаған десек ше? Арзан сенсация қуып отырғанымыз жоқ. Көне қаланы зерттеген археологтар осылай дейді. Сөздерінде негіз бар ма? Дәлеліне табан тірей аламыз ба? Ендеше әңгімемізді ретімен баян етелік.

Шірік-Рабат астана болмаған ба?

Қолбасшының қабірі


Шірік-Рабат мәдениетін зерттеу жұ­мыс­тары 1946 жылы басталды. Сыр­да­рия­ның ежелгі арналары – Іңкәрда­рия және Жаңадария бойында орна­ласқан Шірік-Рабат мәдениетінің ескерт­кіштеріне Баланды және Бәбіш-мола қа­лаларының да жататынын айта кет­кен абзал. Ал алғаш археологиялық бар­лау жүргізіліп, қазбалардың алына бас­тауы 1950-60 жылдарға сәйкес келеді.

Ескерткіш мықты қорғаныс жүйе­лері­мен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Бүгінде оның тереңдігі бес метрге жуық, ені 40 метр шамасында. Одан шыққан топырақтан сыртқы дуал тұрғызылған. Сақталған биіктігі 3 метр, тарабындағы ені 8-10 метрді құрайды. Дуал қалашықты солтүстіктен және шығыстан қорғап тұрған. Бұл жерде қала жұртына қоныстанудың бірнеше кезеңі болғанын атап өткен жөн. Төбенің солтүстік беті, яғни биік жағы ең көне болып есептеледі. Онда екі үлкен оба мен үш биік қабырғалы, дөңгелек пішінді қоршаулар орналасқан.

«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситеті бірлесіп «Шірік-Рабат архео­логиялық экспедициясын» құрды. Жетекшісі – белгілі археолог Жол­дасбек Құрманқұлов. Олар ескерткіштердегі әр кезеңді қамтитын бірне­ше нысанға қазба жұмыстарын жүргі­зіп келеді. Бүгінде 30-ға жуық нысанда ар­хеологиялық зерттеулер жасалды. Олардың кейбірі толық зерттеліп бітсе, енді басқалары әлі қазылып жатыр. Қазіргі біз астана болған деп санайтын Шірік-Рабат қаласының елдің ордасы емес, үлкен қабірстан, яки пантеон бол­ға­нын да осы экспедиция мәлімдеп отыр. 

Қазба барысында бұған дейінгі қабірлердің ешбіріне ұқсамайтын күрделі қабір құрылысы шыққан. Пішіні төртбұрышты бұл қабірдің ішінен бір-біріне ұқсас батыс және шығыс лақаттар табылған. Лақаттардың арасы 3 метр шамасында. Екі лақаттың аузы да қам кесектермен жабылған. Айта кетерлігі, батыс лақат бөлігі ерте заманда тоналған. Оның аузына қаланған кірпіш қалдықтары, марқұммен бірге жерленген бұйымдар, адам сүйектері шашылып қалған. Ұрылар аса қымбат заттарды алғанымен, аса бұзылмағаны шығыс лақаты. Ұзындығы 2,85 метр, ені 1,75 метрді құрайтын шығыс лақаттың төбесі күмбез тәрізді. Оның аузын жапқан қабырғаның биіктігі еден деңгейінен 165 сантиметр болса, ені екі қам кесек қалыңдығындай. Лақат ішінен үш адамның мәйіті шықты. Бастарын оңтүстікке қаратып жерленген олардың шығыс іргедегі екеуі бірінің үстіне бірі қабаттастырылып қойылған. Сондай-ақ мәйіттермен қоса көмілген бұйымдар табылған. Атап айтқанда, батыс беттегі жеке жатқан мәйіттің сол жақ тұсынан ұзындығы 1 метрден асатын темір семсер мен белдіктің қоладан жасалған жапсырмалары мен тоғасы шыққан.

Семсердің ромб тәрізді болып келетін жетесі мен конус секілді балдағы қоладан құйылған. Мәйіттің оң жағынан темір қанжардың қалдығы алынған. Шығыс бетте екі мәйіт бір-бірінің үстінде жатыр дедік қой, шамасы олар киізге немесе кілемшеге оралып қойылған. Астындағы әйел адам, ал үстіндегі жасөспірім ер баланың мәйіті. Ғалымдардың пайымдауынша, ол жерленген батырдың күңі мен құлы болуы мүмкін. Астыңғы мәйіттің белінен қайыс белдіктің қалдықтары мен киімдерге жапсырып тігілген алтыннан, пастадан, інжуден және асыл тас­тардан жасалған моншақтар табылды. Мәйіттердің сол жағында құрбандық малының сүйектері, бас жағынан сыртында парфяндық жазу үлгісінде, соны­мен қатар Есіктен табылған күміс тостағандағы таңбаларға да ұқсас жазуы бар қыш құмыра-көнек пен кү­міспен құрсауланған ағаш тостағанның қал­дығы шықса, ал аяқ жағында қыш­тан жасалған шамдал жатқан. Сол сияқты мәйіт маңында алтын жіптер­мен әсемделген парша тәрізді мата, ағаш зембілдің қалдықтары болған. Та­был­ған дүниелерге қарап бұл жерге сақ тай­паларының әлдебір қолбасшысы жерленген деп тұжырым жасауға болады.

 

Ғибадатхана ғұрыптары


Шірік-Рабатта төрт ғиба­дат­ханаға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның бірінде өлікті өртеу, екіншісінде жуып, бальзамдау, үшіншісінде әйел мүсініне табыну іздері анықталған. Соның ішінде мол жәдігерлер шыққан біреуі бар. Төрт бұрышты болып келген ғибадатхананың бү­гін­­гі сақталған биіктігі 1,5 метр­ге, көлемі 20х20 метрге жете­ді. Қабырғасы тік бұрышты қам ке­­сектермен тұрғызылған. Құры­­лыс керамикасының ішкі беті пахса блоктарынан өрілге­ні бел­гілі болған. Бұл қабыр­ғаның үсті жұқа сылақпен сыла­­нып, ақ түспен боялған. Сы­лақ­­та қызыл және қара түсті бояу­лардың да іздері бар. Кезінде сурет салынған сияқты. Ғимарат то­налған. Соған қарамастан, одан бірқатар құнды заттар алынды. Атап айтқанда, б.д.д. ІІІ-ІІ ға­сырлардағы Шірік-Рабат мәде­ниетінің ескерткіштеріне тән қыш ыдыстардың, темір жебенің сынықтары, алтын жапсырмалар, ағаш қалдықтары және эллинизм дәуіріне жататын екі ыдыс табылды. Гипстен жасалған мұндай ыдыстар Жерорта теңізінің бойындағы елдерде кең таралған. Сол жақтан әкелінген деу­ге болады. Өйткені екеуінің де иығында көне грек алфавитімен жазылған жазу сақталған. 

– Жазуды оқыған ресейлік ғалымдар оны осы ыдысқа құ­йыл­ған бальзамның аты деп анық­тады. Бальзам Африка құрлы­ғында өсетін ағаштан жасалған. Не­гізінен мүрдені о дүниеге жөнелту кезінде пайдаланған. Ол, әсіресе көне Мысырда кең қолданылған, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев. Сонда Сырдың бойын мекен еткен сақтардың Африка елдерімен байланысы болғаны, мәйітті бальзамдау тәсілін меңгергені осыдан аңғарылмай ма? Ғажап, ә?!

«Біз жүргізген зерттеу жұ­мыс­тары Аралдың шығыс бетін б.д.д. І мыңжылдықта мекен ет­кен қалың елдің тарихын әр кезең­мен анықтап, материалдық, руха­ни мәдениетінің деңгейін білуге мүмкіндік берері анық. Осы қазба жұ­мыстарының нәтижесінде адамдардың қалашықта бірнеше мәрте қоныстанғандығы анық­талды. Екі бекініс қамалы мен қор­шалған, аумағы 40 гектардан астам жерді алып жатқан ескерт­кіштің солтүстік бөлігіндегі құ­рылыстар б.д.д. ІV-II ғасырларда тұрғызылса, ал биіктігі 4 метрге, ені 4,5 метрге жететін мықты бекініспен қоршалған оңтүстік бөлігі моңғол шапқыншылығына дейінгі дамыған орта ғасырларда, яғни, Х-ХІІ ғасырларда пайда болған. Сонда оғыз тайпалары мың жылға жуық уақыт тыныш жатқан сақтардың пантеонына айналған Шірік-Рабаттың үстіне қала салған. Шірік-Рабаттың көлемі үлкен болғандықтан олар тек құрылыстың жартысын пайдаланған. Орта ғасырларда келген халық бекіністі қамал ішінде биіктігі 15-20 метрге жететін обалар мен ғибадатханаларды қарауыл төбелер немесе бекіністі мұнаралар ретінде пайдаланған», дейді экспедиция жетекшісі Жолдасбек Құрманқұлов.

Олай болса, бүгінде біз астана санап жүр­ген Шірік-Рабат пантеон бол­ған деп тұжырым жасауға толық негіз бар сияқты. Арада мың жыл­ға жуық уақыт өткенде оғыз­дар оның үстіне қала салған. Сол се­бепті де Шірік-Рабатты қала атап кеткен. Экспедиция мүшелерінің зерттеуі осылай деп отыр. Негізсіз емес тәрізді.

Жалпы алғанда, Шірік-Рабат қалашығының өңірдегі стра­те­гиялық маңызы зор болған. Ол – Әмудария мен Сырдарияның ара­лығындағы керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан. Қала Бактрия, Парфия, Қосөзен аралығындағы мемлекеттермен және Мысырмен саяси және сауда-саттық байланыста болған. Табылған жәдігерлер б.д.д. І мыңжылдықта өмір сүрген тайпалардың ірі рухани-әкімшілік орталықтары болғанын, беделді ру немесе мемлекет басшылары өмір сүргенін, сонымен қатар абыз, әскербасылар сияқты са­ты­ларға бөлінгенін көрсетіп отыр. Көлемді де күрделі қала құры­лысы оның төңірегінде қоныстанған елдің санының көп болғандығын айғақтайды. Және бұл жұмыстарға жаугершілікте қолға түскен тұтқындар мен жалдамалы жұмысшылар еңбегі пайдаланылғанынан хабар береді.

 

Бәбіш-мола астана ма?

 

Шірік-Рабатты астана бол­маған дедік. Сондай-ақ бұл жерде үлкен тайпалардың өмір сүргенін, олардың басшылары болғанын, әлді әскермен жасақталғанын айттық. Осындай құрылымның астанасы болмауы мүмкін емес қой енді. Онда олардың орталығы қай жер? 

Қармақшы ауданының Кө­мек­баев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырым жерде Бәбіш-мола дейтін ескі қаланың орны бар. Ғалымдар Шірік-Рабат осы өлкені мекендеген сақ тайпаларының діни-рухани орталығы болса, онда Бәбіш-мола бірнеше мыңдаған адам қоныстанған ірі орталығы немесе астанасы болған деп болжам жасап отыр. Бәбіш-мола ескерткіштерінің өзі екі бөліктен тұрады. Жаңадария сағаларының арасында орналасқан қала мен ғибадатхананың көлемі ендік бағытта 40 шақырым және мери­диандық бағытта 15-20 шақы­рымға дейін созылып жатыр.

«Бәбіш-мола қалашығы – бекіністі дуалдармен қоршалған қоныс орны. Оның солтүстік бөлігінде пішіні шаршы цитадель орналасқан, қабырғалары пахсадан салынған, шығыс бөлігінің ортасында және бұрыштарында шағын шеңберлі мұнаралары бар. Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша бекіністі қамал бірнеше құрылыс кезеңдерінен тұратындығы, олар б.д.д. ІV-ІІ ғасырларға сәйкес келетіні анықталған. Бәбіш-мола оази­сін­дегі елді мекендер де осы кезеңмен мерзімделеді», дейді Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеев. Былайша айтқанда, Бәбіш-мола қаланың барлық өлшемдеріне сәйкес келетін ірі орталық. Онда адамдар өмір сүріп, шаруашылықпен айналысқан. Сонымен қатар қаланың жанында ғибадатхана да орналасқан. Ал Шірік-Рабатта пантеоннан басқа халық өмір сүрді дейтін дәлелдер жоқ.

Бәбіш-мола ғибадатханасы қаладан батысқа қарай 200 метр жерде орналасқан. Көлемі – 21х21 метр, биіктігі – 7 метр. Ғимараттың жоспары симметриялы. Дәл ортадан қиылысқан төбесі балқы етіп жабылған. Дәліз жерлеу камераларына бөліп тұр. Бөлмелердің ішкі қабырғалары алебастр аралас сылақпен сыланған. Жерлеу дәстүрі барысында өлік жай еденнің үстіне немесе суфаға қойылған, сонымен бірге байлар мү­ліктерімен қоса жерленген. Қанша жерден тоналса да алтын жапсырмалар, сырғалар, моншақтар және басқа да бұйымдар қалған. Ғибадатханадан табылған керамикалар қала құрылысына пайдаланған заттарға ұқсас келеді. Кесене б.д.д. ІV-ІІ ғасырларда са­лынған деген болжам бар. Бәбіш-моланы тексере келе, ғалымдар сақ тайпаларының астанасы осы ара деп топшылап отыр. 

Шірік-Рабат ескерткішінен шы­ғысқа қарай 40 шақырым жерде Баланды қаласы орналасқан. Бұл қаланы 1959 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ашып, зерттеген. 2006 жылдан Шірік-Рабат архео­логиялық экспедициясы қайта зерттеп, географиялық коорди­нат­тарын анықтап, суретке тү­сірді. 2007 жылы қырық жылға жуық үзілістен соң Баланды ес­керт­кішінде тұрақты археоло­гиялық қазба жұмыстары басталды.

Баланды бекініс қонысы тікбұрыш пішінді, аумағының өл­шемдері 80х130 метр, қам кесек­терден тұрғызылған қабыр­ғамен қоршалған. Бекініс қабыр­ғаларында екі мұнара сақталған. Олардың биіктігі – 3 метр. Қа­быр­ғалар мен мұнараларда атыс ойығы салынған, қамалға кіре­тін қақпа солтүстік-батыс қабыр­ғада орналасқан. Қамал жекелеген үйлерден тұратын қонысқа жалғасып кеткен, оның беткі қабатында қыш ыдыс фрагменттері мен кварцит сынықтары шашылып жатыр. Үйлердің арасынан қонысты солтүстік және солтүстік-батыстан суландырып жатқан кішігірім каналдан бастау алатын арықтардың қалдықтары анықталды. Каналдың ұзын­дығы 2,5 шақырым, ені 2,5 метрден ас­пайды. Баланды қамалы Арал маңы­ның урбанизация процесі мен шаһар шаруа­шылығының қалыптасуынан мәлімет беретін антикалық мәдениеттің эталонды ескерткіші деп санайды ғалымдар. 

Баланды кесенесі бекіністен шығысқа қарай бір шақырым жерде жатыр. Күмбезді құрылыс осы уақытқа дейін Орта Азияның антикалық кезеңінің архитектурасында белгісіз болып келеді. Ал мұнда үлкен күмбезді ғимарат бар. Сол нысанға тағы жеті кішкене бөлмелер жапсарласа салынған. Олардың да төбесі күмбезделген. Ғалымдар бұл ғибадатхананы б.д.д. ІV ғасырға жатады деп топ­шы­л­айды. Мұндай күмбезді ғимарат­тар Рим архитектурасында кез­деседі. Олардың салынуын б.д.д І ғасыр деп белгілейді. Олай болса, Баландыдағы күмбезді құрылыс Рим империясынан бұрын пайда болған деуге әбден болады.

 

Бабадан қалған бекініс


Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Баланды қоныстарының арасы егістік алқаптармен және ауылдармен жалғасып жатыр. Оларды батыстан, яғни Хорезм жақтан қорғайтын Шірік 3, Қарабас қала әскери бекіністері болған. Ал солтүстік тұсынан, яки  Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан жерлерін мекен еткен көшпелі тайпалардан туындайтын қауіптен сақтану үшін Қабылдың қорғаны мен Алыптың қорғаны сияқты әскери қамалдар тұрғызылған. Бұл қалалардың әскери-инженерлік және архитектуралық-құры­лыс­тық тәсілдерінде хорезмдік мәде­ниетінің әсері анық байқалады. Хорезмнің сақтар мәдениетіне ықпалы керамикалық өндіріс саласынан да көрінеді. Десек те, жергілікті дәстүр де басымдыққа ие. 

Ондағы әскери бекініс жүйе­лерін анықтау мақсатында Шірік-Рабат қаласының, Баланды бе­кінісінің және Қабылдың қор­ғанының дуалдарына қималық қазбалар салынған болатын. Нәтижесінде, қамалдардың салыну әдістері мен мерзімдері анықталды. Осы зерттеулерді жалғастыру мақсатында Шірік-Рабат қаласынан батысқа қарай 9,5 шақырым жерде Жаңадарияның оң жағалауында орналасқан Қарабас қала бекінісінде зерттеу жүргізілді. Ескерткішті 2006 жылы «Шірік-Рабат археологиялық эспедициясының» барлау отряды анықтап, өлшемдерінің жобасын, сипаттамасын және шамамен өмір сүрген кезеңін анықтады. Бекініс төртбұрышты, шығыс қабырғасының ұзындығы – 130 метр, батыс бөлігі – 105 метр, солтүстігі мен оңтүстігі 40 метр­ге тең. Қабырғасының қалың­дығы – 2-2,5 метр, биіктігі – 1,5-2 метр. Жеті бекіністі мұнара­лары сақталған. Оңтүстік-шығы­сы мен оңтүстік-батыс бұры­шында құрылыстың іздері анық бай­қала­ды. Осы екі құрылыстың ортасын­да бекіністің негізгі қақпасы бол­ғанға ұқсайды. Шығыс қабыр­ға­сындағы екі мұнарада жебе атуға арналған ойықтары сақталған. Сыртқы көріністері бойынша Баланды бекінісіне ұқсайды.

Бұл әскери бекіністі Шірік-Рабат мә­дениетінің өкілдері салған және олардың негізгі қызметі осы аймақты қорғау болған. Қамалдардың географиялық орналасуының өзінде мән жатыр, олар Шірік-Рабат оазисінің батыс және солтүстік шекараларында орналасқан. 

Шірік 3 және Қарабас қала бекі­ністерінің Шірік-Рабатқа қарама-қарсы, яғни Жаңадарияның оң жағалауында орналасуы олардың өзеннен өтетін порт қызметін де қоса атқаруы мүмкін деген ойға жетелейді. Бұл қамалдар Александр Македонскийдің Орта Азияға жорығымен байланысты болуы да мүмкін дейді экспедиция мүшелері.

Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Баланды қалалары мен қамалдар, олардың арасын жалғап жатқан ауылдар, ірі шаруашылықтардың іздері бұл арада үлкен мәдениеттің болғанын айғақтайды. Өркениетті өмірдің қалыптасқанын көрсетеді. Ал Шірік-Рабат пен Бәбіш-мола қалаларының қайсысы астана болғанын ғалымдар алдағы уақытта әлі де нақтылай түседі деген ойдамыз.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы