«Махаббаттың құдірет күші әлдилеп...» Иесі рингтонға кәдімгі «Дос-Мұқасанның» «Той жыры» әнін бар нақышымен жүктеп алған екен.
Жабырқаулы жұртты әрі-сәрі қылған қалта телефон, қолдан қолға өтіп, түймесі әрең басылып, үні әрең өшіп, иесіне қайтып оралды-ау дегенде, әлгі саз қайта басталды... Барша қауымды ыңғайсыз күйге ұшыратқан осы құбылысты елең қылмай қоштасу дұғасын сабырмен аяқтаған имам жұртқа қарап, «Уа, жамағат! Алла тағалам сауаптан жазсын, әлгінде баршаңызға қалта телефондарыңызды өшіріп қойыңыздар деуді ескертпеппін. Кешіріңіздер...» деді. Имам айтпаса да істелінетін қаракеттер ғой. Десе де жап-жас иманжүзді имамның бұл ұлағатына жұрт өте-мөте тәнті болып қалысты.
Маған бұған дейін тілші ретінде жаназа жайлы қалам тербеймін-ау деген ой келмепті. Бүгін жазуға тура келіп тұр. Оған бір ғана Талғардағы жаназа үстіндегі «Той жыры» себепші емес, әрине... Жаназа үстінде өзіміз үнемі куә болып жүрген кейбір жайсыз жайттар дер едім. Қандай да әулет болмасын ерте ме, кеш пе қаралы жайтты басынан кешері анық. Абайша айтқанда «Өлу үшін туғансың ойла, шырақ» дегендей, өзекті жанға өлім бар. Біреу дүниеге келеді, біреу бақилық боп жатады. Ол – өмір заңдылығы. Міне, Алматының қақ төрінде кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген арыстай азаматтан айырылып, басымыз иіліп тұрмыз. Биік тас қамалмен қоршалған онсыз да тар аулаға адам лық толды. Жұрт алдына тосын шыққан имам дауыстап «Жамағат, жаназаға дайындалыңыздар» деді де, іле «Араларыңызда дәрет алмағандар болса, былай шығыңыздар» деп оң қол жағындағы оймақтай орынды бұйыра нұсқады. Бейне сыныптағы «Үй тапсырмасын орындамағандар былай бұрышқа шығып тұрыңдар!» дейтін қатал ұстаз дерсіз. Жаназаға кім дәретсіз келетін еді, айтыңызшы?! Имамның мұны білмегені ме? Талғардағы қазанамада «Той жыры» бейуақытта білместіктен үш рет айтылса, мына имам күллі жұрттың алдында әлгі бұйрықты төрт рет қайталады.
Қапас қоршауда онсыз да орын таппай тыпыршыған жұрттың мазасын қашырған имам ер-азаматтың біреуі ортаға шығып, «мен бүгін дәрет алған жоқ едім» деп, ерлер мен әйелдер арасында ол ұсынған «қара белдеуге» барып тұрады деп ойлады ма екен? Абырой болғанда іштен мәйіт көтергендер шығып, имам тыншыды, «дәретсіздерді» ұмытты. Әркімнің діни біліктілігі әрқилы болғандықтан ешкім әлгі имамды этикасыз қылығы үшін жазғырмады, сөкпеді. Мүмкін ол шариғат талаптарына бағынған шығар?! Әйтсе де менің бала кезімнен есімде сақталғаны – бейіт басына балалар мен әйелдер бармайтын. Оны әркім-ақ білетін. Мәселе тағы да сол балалардан басталды.
Зират басындағы күрек ұстап қара жамылған нөпірдің үн-түнсіз іс-әрекеті 5-6 жасар үш баланың ішін пыстырды, төмпешіктен (бейіттен) сырғанай жарысып, «Я первый... я первый...» деп біраз шуласты. «Тәйт» деген пенде жоқ. Имам да үнсіз. Мен сияқты талай жанның айтары ішінде қалды. Баршамыз құлақ қойған уағызының арасында қатал-имам «ата-бабаларымыз қабір басына балалар мен әйелдерді алып баруға болмайтынын ерте бастан айтқан емес пе?! Міне, зират басындағы бала тірлігін өздеріңіз де көріп тұрсыздар» деуі керек еді. Тар ауланың ішінде барша ер-азаматтың «апшысын қуырған» имамның өресі соны айтуға жетпеді, ғапу өтінемін... «Неге?!» деген өкінішті ой құшағында қалдық.
Ұзынағашта жаңадан бой көтерген 3000 орындық зәулім мешітте Әли есімді имам ініміз, Алла разы болсын, бізге пышақтың қырындай бір кітап ұсынды. Кітаптың аты – «Жаназа және жерлеу рәсімдері». Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жазылған. Кітаптың мақсаты – діни рәсімдердің атқарылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды жойып, орындалуын бірізділікке түсіру, жамиғатқа бірдей бірыңғай үкімдерді жеткізу екен. «Өйткені мұсылмандық діни рәсімдердің түп негізі – шариғат үкімдері» дейді кітап әрі көпшілікті толғандырған кез келген сұраққа жауап береді. Ол нақты шариғи дәлелдермен, дәйектемелермен нақтыланған. Өмірлік талай түйткіл шешімін әдемі тапқан. Ендігі жерде бұл кітап қолына тиген ешбір имам жұрт алдында «өзім білемдікке» салынбайды. Білгенге – үстеме, білмегенге – үлгі. Өйткені жер-жерде имамның іс-әрекеті – ұлағат. Қаралы жиын басында имам сөзі хақ болар! Бұл кітаптың қолымызға тигендегі қуанған жайымыз сол еді...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»