Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Алматыда «Ән салсаң, Әсеттей сал..!» музыкалық қойылымы сахналанды

859 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Даланың рухын, бабаның ғұрпын іздесеңіз ең алдымен қаймағы бұзылмаған дәстүрлі өнерімізден табасыз. Рухани тәрбие мен салт-санамыздың алтын діңгегі саналатын бұл өнер тарих төріндегі талай тұлғаларды түлетті. Олардың тағылымын ұрпаққа үлгі етіп табыстау – тарих алдындағы міндетіміз. Осы ретте, Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ән салсаң, Әсеттей сал..!» атты музыкалық қойылым өтті. Дәстүрлі өнерімізді дәріптеген мерейлі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асып отыр. 

 

Алматыда «Ән салсаң, Әсеттей сал..!» музыкалық қойылымы сахналанды

Сазгерлігі мен ақындығы, дарқан да­л­аны әсем үнімен тербеткен ән­ші­лік өнері халықтың жүрегінен орын ал­ған заманының заңғар тұлғасы Әсет Найман­байұлының рухын аспан­дат­қан айтулы шараға жиылған Алматы жұрты рухани кештен Әсет тіріліп кел­ген­дей әсер алды десек, артық бол­мас. Қазақы қара өлеңнің киесін кеті­р­мей, тұнығын лайламай саф таза кү­йінде бүгінге жеткізген дара тұл­ға­­ның мол мұрасы халқының рухани қазынасына айналды. Қойылым бары­сында Әсет Найманбайұлының дү­ние­танымы, ой тереңдігі, әсіресе айтыс жанрында кеңінен танылғаны баяндалды. Талант иесінің Ырысжан, Бақтыбай, Әріп, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысы, «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұғман-Нағым», «Мәлік-Дарай», «Жәмсап», «Кешу­бай» атты қисса-дастандары, «Жас жігіт надандықпен алданады», «Өсиет­нама», «Қарақұрсақ Күшік болысқа», «Сеніспей уағдалы серттен қайтпа», «Жақсы әйел», «Жасболат кісі-ақ едің алшақтаған», «Ақырғы сөз», «Жас шама» сынды оқырман қауымға кеңінен таныс шығармалары әлі күнге дейін өзегін жоғалтпай келеді.

Дәстүрлі өнер тарихындағы тұңғыш мюзиклдың басты ерекшелігі Әсеттің әндері, айтыстары, қисса-дастандары топтас­тырылып халыққа бір қойылымның аясында ұсынылып отыр. Сондай-ақ қойылымда әнші-композитордың өмірі мен шығармашылығы, әндерінің шығу тарихы тегіс баяндалады.

Сахна шымылдығы: «Халқым!.. Қай­да барсам да елімнен сый көре­мін. Сол үшін әлім жеткенше аянған емес­пін. Барымды елім үшін жұмсап өтсем, арманым не?..» дейтін Әсеттің өз сөзі­мен ашылып кәусар өнерге су­сап келген көрерменнің көңілін бір­ден баурап алды. Оқиға әрі қарай тарихымыздағы «Қоянды», «Қарқара» жәр­мең­келерін көрсету арқылы халқы­мыздың қазыналы бай мұрасын, ұлттық ойындарын, таным-тарихымыздан сыр шертетін дәстүрлі өнерін Әсет өмірі­мен сабақтастыра суреттейді. Кез келген қазақы жиын-тойдың шұрайын кел­­тіретін бұқа тартыс, күрес, ақындар ай­т­ысы сияқты бәсі биік ұлттық өнері­міз бен дәстүрлеріміз қойылымда кеңінен көрініс тапқан.

– Қандай өнердің болсын ең негіз­гі ба­ға­лау­шысы – халық пен уақыт. Әсет­тің өнері, Әсеттің әлемі – қазақ рухани мұ­ра­сының жауһар мұрасы. Бір бойына бірнеше өнер қатар дарыған дарын­­ның бүкіл болмысын осы қойы­лым­ға сый­дыруға тырыстық. Әсет шығар­ма­шы­лығы арқылы халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын, өлмес өнерін насихаттауға күш салдық. Базар­бек Аты­­ғаев деген бауырымыздың идея­сы­нан бас­тау алған бұл қойылымды өз дең­гейінде көрерменге жеткізу үшін көп күш салдық. Әсеттің өмірі мен шығар­машылығынан сыр шертетін үш көркем әдеби кітапты, төрт деректі туын­ды­ны оқыдым. Себебі қанша жерден көр­кем дүние болса да шынайы тарихтан алшақ кетуге болмайды. Жан-жақты зерттеп-зерделеп тарихи жағына да көбірек көңіл бөлдік. Халықтың мұң-мұқтажы, арман тілегі Әсет шығармашылығы­нан тыс қалмаған. Мәселен тарихтағы Әсет пен Ырысжан айтысы – ақындар айтысының шоқтығы биік, аса көркем үлгілерінің бірі. Мұнда халық өмірінің ауыр жағдайы мен ел билеушілердің зорлық-зомбылығы жұмбақ-жауап түрінде әсерлі сипатталған.

Құрыл­ға­ны­на бірер жылдың айналасы болған жас театрымыздың аталған жанрдағы тыр­нақалды туындысы көрермен көңілінен шық­қанына қуаныштымыз. Барлық рөл­дер­ді алып шыққан театрдың 30-дан астам дәс­түрлі әншісі өздерін сан қыры­нан көр­сете білді. Зал іші лық толып, көрер­меннің қойылым соңына дейін тап­жыл­май тама­шалағаны еңбегіміздің жемі­сі деп бі­лем. Алдағы уақытта бұл бастама­ны әрі қарай жетілдіріп, кенжелеп қал­ған мю­­зикл жанрын жандан­дыр­сақ де­ген ниеті­­міз бар, – дейді қойы­лымның сце­на­­­рий авторы әрі режиссері Берікжан Қасымов.
Үш бөлімге созылған музыкалық қойы­лымда Әсет Найманбайұлының рөлін­ халықаралық байқаулардың же­ңім­­­пазы, дәстүрлі әнші Сәулежан Тақ­­зия сомдады. Оқиға желісіне орай қо­йы­­­лым­да Әсеттің өз орындауында әй­­гілі үш әні шырқалды. Әсіресе Әсет­тің «Мақпалы» әуелеп сала бергенде ән­­сүйер қауым ықыласын жасыра ал­май қошеметін жаудырды. Көп­ші­­лікке кеңі­нен танымал бұл әннің шығу тарихы ерек­ше. Жансұп дейтін жігіт моң­ғолдың Мақпал деген қызына ғашық болса керек. Қыз да Жансұпты ұна­тып қалған екен. Бірақ екеуінің де ата-анасы оларға бата­сын бермеген көрі­неді. Жансұп осы қай­ғы-мұңын Әсет­ке айтыпты. «Мақпал» әні осылай дү­ние­ге келген көрінеді. Бұл ән елге кеңі­нен тараған соң, қыздың да, жі­гіт­­тің де ата-аналары балаларының тіле­­гін орын­­дап, баталарын берген екен. Осы­­л­ай­­ша екі ғашық мұратына жетіп­ті. 

Әсер­­­лі кеште көрерменді әсем әні­мен тер­­беген Әділжан Шомбалов, Ай­сәуле Қайр­­ғази­на, Сандуғаш Мүбарак­қызы, Шат­­тық Уатқан, Рауан Әбіл­баев, Нари­ман Әб­­д­і­рахманов, Азат Дулат­ұлы, Айнұр Жұма­­қадыр, Нәсіпжан Басшы­бай, Ма­рал Мұхамметқалиева сын­ды дәс­түр­лі ән орындаушылары көп­ші­лікті Әсет пен Әміре, Ақан мен Біржан сал­ған салқар көш­тің сарқыл­май­­тынына сендірді.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ