Аймақтар • 22 Қараша, 2017

Атырауда Нұрлан Балғымбаевты еске алу кеші өтті

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрында мұнайшы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғым­баевтың туғанына 70 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Оған қазақ мұнай өнеркәсібі басшылары, ардақты азаматпен үзеңгілес, қанаттас болған достары, әріптестері, мұнайшылар, марқұмның жары Нағима, ұлы Төлеген мен қызы Самал, немерелері қатысты. 

Атырауда Нұрлан Балғымбаевты еске алу кеші өтті

Кешті жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев алғы сөз­бен ашып, Нұрлан Өтепұлы­ның еліміздің тәуелсіздігіне, саяси-экономикалық дамуына қосқан үлесін, мұнай өнеркәсібінің өркен­деуіне сіңірген еңбегі туралы айтып өтті. Әсіресе оның адами қырларын сипат­тап, елдік мәселелерді шешудегі табан­дылығын, ұтымды пікір­лерін, іскерлігін баса айтты. Ол сондай-ақ Қазақ­стан­ның Ресейдегі елшісі И.Тас­ма­ғам­бетовтің осы шараға ар­найы жолдаған ізгі тілек-сәле­мін көпшілікке оқып берді. Онда Нұрлан Балғымбаев­тай асыл ұлдарын ұлықта­ған елдің бұл ардақты ісі бір­лік пен тірлікті, ерге деген құрметті білдіретіні айтылса, Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев өз жеделхатында «Нұрлан Өтепұлындай қа­рым­ды қай­раткердің еліне сіңір­ген ең­бегі ұшан-теңіз, ол – тәуел­сіз­дігімізді баянды етуге барын салған, еліміздің мұнай саласының жедел жетіліп дамуына өлшеусіз үлес қосқан нағыз азамат», деп айрықша атап көрсетілген. 

Қонақтарға қош келді­ңіз айт­қан Атырау облысы әкімі­нің бірінші орынбаса­ры С.Лұқ­панов өңір басшы­сы­ның сәлемін жет­кізіп, Атырау аймағы үшін Нұрлан Балғымбаев мұнай­шылар әулетінің белді өкілі, майталман мұнайшы, мемлекет қайраткері, асыл азамат болып қала беретіндігін атады. Әріптестері Ұ.Қарабалин мен Н.Шманов Нұрлан Өтепұлының қайраткер ретіндегі сан қырын ашып, Мәскеуде, шетелдерде алған тәжірибесін ел мұнай өнеркәсібінің дамуына шебер жұмсағандығын атап айтты. Ұзақбай Қарабалин: «Нұрлан бізге әрі басшы, әрі аға, әрі әріптес ретінде ыстық. Ол үнемі тек жұмыс бабында ғана емес, саламатты өмір салтын ұс­тану, қоғамдық мәселелер бо­йынша да ақыл-кеңесін айтып жүретін», деп еске алды. Оның жарқын істерін бү­гінгі ізбасарлары абыроймен жал­ғастырып келе жатқанын айтып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мың­баевтың жолдама-хатын оқы­ды. Онда: «Қазақ мұ­на­йының бастауында Бал­ғым­баевтар әулеті аталады. Соның ішін­де Нұрлан Өтепұлы сала­ның тәуелсіздік жылдарын­да оң жолға қойылуына, қарыш­тап дамуына ерекше еңбек сіңір­генін білеміз. Оның жарқын жүзі бәріміздің жадымызда сақталады» деген жолдар бар. 

Сонымен қатар Нұрлан Өтепұлымен қоян-қолтық араласа қызмет еткен белгілі мұнайшылар Меңдеш Салихов, Ғалиаусат Кешубаев қайраткер азаматтың Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі министрі, Қазақ­станның Премьер-Ми­нистрі болып тұрған кезіндегі іскер­лік қабілеттерін, ел ырысы­ның далаға шашылмауына жаны күйіп еңбек еткенін үлкен ын­тамен жеткізіп, оның қа­шанда тұтас мемлекетке тиім­­­ді ұтымды пікірлер айтып, соны бұлжытпай орындай білгенін баса атап өтті. «Нұрлан Өтепұлының есімі аталған жерде біз мұнай кә­сіпшілігін қоса айтамыз. Өйт­кені саланың жаңаша дамуы, инвесторлармен тығыз байланыс, өнімді тиімді өн­діру – оның жанын салып кіріс­­кен істері. Қазіргі мұнай саласының дамуы өз кәсібі­нің майталманы Н.Балғым­баев салған ізбен келе жатыр. Осы шараны ұйымдастыру­да да мұнайшылар зор үлес қосты. Соның ішінде біздің ұсы­ны­сымызды қолдаған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ бас директоры Құр­манғазы Есқазиевке алғы­сы­мызды білдіреміз», деді ол.

Нағима апа да шараны ұйым­дастырушыларға рахме­тін айтып, мұнайшыларға, барша қатысушыларға алғы­сын біл­дірді. Шара соңында Р.Отар­­баев­тың халықаралық «Бәй­­терек» қорының төраға­сы Н.Бал­­ғымбаев бас кейіп­кер­лер­дің бірі болып табылатын «Бас» пьесасынан үзінді қойыл­ды. Сонан кейін ақын, журналист Б.Жетекбайдың ре­дак­ция­лауымен шыққан «Нұрлан Бал­ғымбаев» атты кітап­тың тұ­сау­кесері өтті. Кі­тап үш бө­лімнен тұрады. Онда өмірі, қыз­мет жолдары, дос-жа­ран­дар­дың естеліктері қамтыл­ған. Кеш соңында Нұрлан Бал­ғым­­баев­тың өмірі мен қызмет жолдарынан деректі фильм көрсетілді.

Қосұйым МҰҚАШЕВ

АТЫРАУ