Көрнекі сурет
«Мектеп президентін сайлау» жобасы болашақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында оқушыларға сайлау қызметінің практикалық бағдарланған білімді, машықтар мен тәжірибені беру үшін жағдайлар жасауға бағытталды. Мектеп президенттерінің сайлауалды науқаны Астана қаласында 20 қыркүйекте басталған. Бірыңғай дауыс беру күні 22 қазанда жалпы білім беру мектептерінің – №37 орта мектептің, №6 мектеп-гимназияның және №76 мектеп-лицейдің базасында, яғни елорданың әр ауданының бір-бір мектебінде өтті. Жобаға аталған мектептердің 2-11- сынып оқушылары (барлығы 6 026 оқушы) қатысты.
Үш мектеп президенттерінің лауазымына 22 кандидат – 9-10-сынып оқушылары үміткер болды. №76 мектеп-лицейде жеңімпаз сайлаушылардың 50%-ның дауысын жинап, бірінші кезең нәтижелері бойынша анықталса, №6 мектеп-гимназия мен №37 орта мектепте сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылды. Екінші кезеңде бірінші кезеңде ең көп дауыс жинаған екі кандидаттың арасынан көшбасшы таңдалды. Ал сайлау процестерін мектеп сайлау комиссиялары ұйымдастырды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина мектептердің сайланған президенттері – №37 орта мектебінің 9А-сынып оқушысы Томирис Күлмаеваны, №6 мектеп-гимназиясының 10Б-сынып оқушысы Иван Нечаевты, №76 мектеп-лицейдің 10А-сынып оқушысы Мирас Скендрд, сондай-ақ мектеп сайлау комиссияларының төрағаларын құттықтады. Іс-шараға қатысушылардың барлығы Ортсайлауком төрағасының атынан Алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»