Медицина • 22 Қараша, 2017

Білім саласындағы сыбай­лас жем­қорлық – бола­ша­ғымызға жасал­ған зұлымдық

3763 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа анықтама берудің қажеті жоқ шығар. Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Өмірлік тәжірибемде көзім жеткені бұл – үлкен індет. Әрбір саналы азамат болашақ ұрпағының қамын ойласа, қатерлі дертпен батыл күресуі керек. Осы ретте «Бұл індетті жоюға не кедергі?» деген сауал туындайды. Қоғам өзгерді, нарық өмірімізге дендей енді. Ақша, дүние-мүлік бас­ты құндылыққа айналды. Бұл жерде ұлы Абайға жүгінбесек болмайтын секілді. Данышпан өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем деп, екіншісі көрсем, білсем деп туады» дейді. Мемлекеттік қызметте де әуелі адамның табиғи мінезіне, қарым-қабілетіне назар аударуға көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметші қанағатшыл болуы керек. Ал егер де «мен бай болғым келеді» деген дүдәмал ойы болса, бизнес саласына бет бұрып немесе өзінің кәсібін ашқаны дұрыс.

Білім саласындағы сыбай­лас жем­қорлық – бола­ша­ғымызға жасал­ған зұлымдық

Ауылдағы жұрттың негіз­гі күн­көрісі, тіршілігі жерге ті­келей қатысты екені бар­шаға белгілі. Сыбайлас жем­қорлық­тың ушығып тұр­ған үлкен бір саласы осы жер­мен­ байланысты. Лауа­зым­ды қызметкер жермен ай­на­­лыс­қандардың алған өні­мі­нен, субсидиядан табыс келіп жатқанын жақсы біле­ді. Өзінің бір туысы арқылы жерді сол кісінің атына ресім­дейді. Со­дан ке­йін ол жерге егін салу үшін бір ша­руа қо­­жа­лығымен келіседі, оған қар­жы төлемейді, лауазымын пай­даланады. Яғни қосымша жер алып беру, субсидия құ­жат­тарын әзірлеу сияқ­ты мем­лекет мүддесіне қар­сы жұмыс жүргізіледі.

Қазір оған көп мүм­­кіндіктер бар, жердің мемлекеттік актісі болса несие алу үшін кепілдікке қоюға болады. Шаруа қожалығының бас­шысы жаңағы қызметі үшін лауазымды қызметкерді де өз қажетіне пай­даланады. Ал жер­мен айналысқысы кел­ген шаруалар жерге қол жеткізе алмай, халықтың наразылығы туады. Мен бұл арада жерге қатысты агро­техникалық жұмыс­тарды, минералды ты­ңайтқыштар шығару туралы айтып отырған жоқпын. Ол көп шығынды қажет етеді. Лауа­зымды қызметкерге бұл қажет емес. Жылда көп жерлерде күн­бағыс егілетіні – соның дәлелі. 

Бұл түйткілді шешу жол­дары­ның бірі ретінде лауазымды мем­ле­кеттік қызметшінің табыс көзі толық тексерілуі керек деп ойлаймын. Өйткені 80-дегі апаның атында да, мектеп мұғалімінің атында да шаруа қожалықтары тіркел­ген, бірақ ол жердің нақты қожайыны кім екенін халық жақсы біледі. Екінші, сыбайлас жемқорлық тудыратын са­ла мемлекеттік сатып алудағы тендер мәселесі. Қазір тендерді үйде оты­рып-­ақ ұтып алады. Содан кейін суб­­мердігерлерге береді. Ұтып алу үшін ең төменгі баға қояды. Нақ­ты жұ­мыс істейтіндер ұтып ала алмайды. Техни­касы жоқ адамдар тендерді жеңіп алады. Жұмыстың сапасының  болмауы, оның  уақтылы аяқталмауы – соның салдары. 

Осы ретте мемлекеттік тендер жа­сал­ғанда құзыр­лы органдар тендерге қатысқан­дарды қатаң тексерсе, жауап­кер­ші­лікті арттыратын заңның тетік­тері күшейтілсе дұрыс болатын секілді. 

Білім саласындағы сыбай­лас жем­қорлық – біздің бола­ша­ғымызға жасал­ған зұлымдық. ҰБТ тапсыру кезінде сыбайлас жемқорлық белең алатыны анық аңғарылады. 11 жыл білім алған түлектерге мектеп әкімшілігі және аудандық оқу  бөлімі  «таныс  таптыңдар ма, тиісті адамдармен сөйлесіңдер, ата-аналарың жұмыс істесін» деген секілді тапсырмалар бе­реді. Басқа оқу сабақтары оқы­тыл­май, тек қана ҰБТ-ға­ тиісті пәндер оқы­тылып, әр апта сайын ақылы тестілер тапсырылады. Бұл қаржыны есептеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ, өткен жылғы тестілерді қайта тексеріп, оқушылардан ақша жинау науқаны бас­талады. ҰБТ-ға смартфон алып кіру, оны шығару барлығы келісілген. Ал біліміне сенетін, өз күші­мен түскісі келетін оқушы осы «психологиялық» үрдіске төтеп бере алмай жатады. Оны шешудің жолдары қандай? Бірінші кезеңде мектепте орташа оқыған баланың ҰБТ кезінде жоғары балл алуы жан-жақты тексерілуі керек секілді. Грантпен оқуға түскен, яғни  жоғары балл жинаған түлектің студент кезіндегі 1–2­-семестрдегі оқу үлгерімі де назарға алынып, сараптама жа­салуы қажет. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін оқыту мектеп қабырғасынан, балабақшадан басталуы керек деп ойлаймын. Сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын көп себептің бірі – мем­лекет­тік қызметшілердің ең­бек­ақысының аздығы. Мемле­кеттік қызметші ешкімге жал­тақтамай, өзіне берілген міндеттерді адал орындау үшін еңбекақысы оның тұр­мыстық қажеттілігін өтеуі ке­рек. Біз сонда ғана жас­тар­ды осы салаға тартып, қы­­­зықтыра аламыз. Бірақ осы қиын­шылық­тарға қарамастан ма­гниттей тартып тұратын бір күш бар. Ол – ұлт­тық патриотизм, халыққа қызмет ету. Үлкендер айту­шы еді «Бұдан да жаман кезі­мізде тойға барғанбыз», деп. Біз­дің әкелеріміз бен аналарымыз соғысты да, аштықты да көрген. Солардан біз үлгі алуымыз керек. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында «Біз сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоймасақ, алда қойған міндет­терді орындау мүмкін емес», деген болатын. Қорыта келе айта­рым, тәуелсіздігімізді сырт­­қы жаудан, терроризмнен қа­лай қорғау керек болса, сыбай­лас жемқорлықтан да солай қорғануымыз керек.
 
Нұрлан НАЗАРХАНОВ, 
Үлкенбөкен ауылдық 
округінің әкімі

Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы