Кітапқа әсте қастерлі деп
қараймын,
Кітап – көзі, ақыл-ойдың,
арайдың.
Болмаса егер ішінде бір
кітабы,
Құны қанша алтындаған
сарайдың?
Шын мәнінде дүниеде кітап пен кітапхана болмаса, адамдар рухани білімін үнемі жетілдіріп отырмаса, мына өмірде тоғышарлық орнап, адамзаттың сауатсыздануы, адами құлдырауы басталған болар еді. Өйткені кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі ғимараты болса, кітапханашы сол ғимараттағы рухани қазынаның шырақшысы әрі ақыл-ой әлеміне жол сілтеуші іспетті.
ХХІ ғасыр – руханият, мәдениет һәм ақпарат ғасыры. Қай қоғамның да тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, рухани тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапхана. Сондықтан біздің мақсатымыз оқушылардың кітапқа деген тілегі мен сұранысын қанағаттандыруды күннен-күнге жақсарта беру болмақ. Жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер ертеңгі ел тұтқасы. Болашақ мамандардың заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына қажетті ресурсты кітапханадан табасыз. Қазіргі заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманында кітапхананың назардан тыс қалмай, әрдайым оқырманға мінсіз қызмет етуі, кітапқа, мерзімді басылымдарға қызығушылығын арттыруы, әлем әдебиеті мен мәдениетін насихаттауы, Отанымыздың тарихын, мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, зиялыларының өмірі мен шығармашылығымен таныстыруы және білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық.
Жасөспірімнің кітапқа деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастыру – кітапханашының негізгі міндеті. Мектеп кітапханасында осы бағытта біршама жұмыс атқарылып келеді. Кітаптар, мерзімді баспасөз мақалаларының картотекасы енгізіліп, оқытушылар мен оқушылар картотеканы тиімді пайдалана бастады. «Бір ел – бір кітап» атты акция аясында қазақтың ақиықтары Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаевтарға арналған әдеби-сазды кештер өтті. Интерактивті тақтаны пайдаланып өткізген «Сөз маржаны» сайысы оқушылардың тіл байлығын дамытуға, сөздік қорын пайдалана білуге, өзін көпшілік алдында ұстауға, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Оқушылар түрлі іс-шараларға көмек көрсетіп, кітапханалық бюллетень шығаруға, кітаптарды өңдеуге қатысады.
Жалпы, жас ұрпақтың бойында патриоттық, әділдік, бауырмалдық қасиеттерді қалыптастыруда кітапхананың маңызы өте зор. Оқушыларды тәрбиелеу кітапхана босағасын аттағаннан басталады. Сонымен қоса кітапхананың ішкі безендірілуі талап пен талғамға сай бол-уын қамтамасыз етіп, оқушы кітапхана бөлмесіне кіргенде мәдени орталық екенін сезінуіне баса мән береміз. Кітапханаға жиі келіп тұратын оқушылармен пікірлесе отырып, олардың басқа балаларға қарағанда ерекшелігі бар екенін байқай бастайсыз. Оқушылар түрлі шараларға белсене қатысып, өздерінің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, кітапхана ісі және библиографиядан білімдерін көрсетеді. Осы арқылы оларды кітапқұмарлыққа, сауаттылыққа, дүниетанымын кеңейтуге, сөздік қорын молайтуға баулимыз.
Бүгінгі мақсат – дамыған елдермен терезе теңестіру. Бұл төл тарихымыз бен әдебиетіміз арқылы жемісті бола бермек. Сол себепті оқудан қол үзбейтін оқырмандарды көбейтіп, оқу-тәрбие жұмысы оң болуына үздіксіз еңбек етеміз. Жаңалыққа жаны құмар жасөспірім бойына ақпарат айдынында адастырмайтын ақпараттық мәдениетті сіңіру үшін айналасына арнайы дағды, машық дәнін себетін ақпараттық ортаны құратын мектеп кітапханасы екенін естен шығармау керек.
Кітап оқу – өнер, рухани жаңғыру кепілі. Кітапсыз ешкімнің де алға баса алмасын көріп отырмыз. Оқырманды зерттеу, оқырмандар талабымен санасу – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Кітап ел мен елді жақындастырар, түсінікке бастар рухани дүниеге негіз қалайды. Ақпарат пен білім кітап әлеміндегі шегі жоқ ұлы көш деуге болады. Ұстаздар мен оқушылардың сапалы білім алуының кепілі ретінде білім мен ақпаратты беру және іздестірумен қамтамасыз ету, рухани байыту – кітапхананың төл ісі. Бүгінде мектеп кітапханасы білім ошағының өркендеуі мен қалыптасуы және балалар мен жасөспірімдерге тәрбие беруінде үлкен демеу болып келеді. Кітап сананы нұрға бөлейді. Сондықтан кітапқа қызықтыру – кең дүниетанымға қызықтыру.
Кітапханадағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы «Жылдың ең үздік кітабы» сайысы, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы сияқты көптеген шаралар оқушылардың оқу, ойлау, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда зор маңызға ие. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сынып жетекшілері қаладағы бірқатар мәдени орталықтармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде оқушылардың кітапқа деген көзқарасы өзгеріп келеді.
Рауза БҮЛКЕНОВА,
Қ.Бекхожин атындағы №12 жалпы білім беретін
орта мектептің кітапханашысы
ПАВЛОДАР