Білім • 22 Қараша, 2017

Мұғалім пайымы: Қайта басылса да қатеден арыла алмай отырмыз

644 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдің үні «Егемен Қазақстан» республикамыздағы білім беру ісінің жай-күйін барлық уақытта назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе соңғы кездері, газеттен арнайы «Білім», «Тәлім» беттері ашылғалы бері жастарды оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне қатысты ойлар кеңінен айтыла бастады. Оның қатарында көпшіліктің жеке көзқарастары, ғалымдардың дәлелді тұжырымдары, журналистердің ел ішінде жүргізген зерттеулері бар. Ол жөн де. Өйткені қай мәселенің де оңды шешімі көп болып ақылдасып «жеті рет өлшеп, бір рет кескенде» табылатыны белгілі.

Мұғалім пайымы: Қайта басылса да қатеден арыла алмай отырмыз

Ширек ғасырдан аса уақыттың ішінде еліміздегі білім беру саласында қанша реформа жасалғаны, оның қайсысы қандай мақсатты көздегені де есте қалмай барады. Өйткені ешқайсысы соңына толық жеткізілген жоқ. Оның орнына әркім әр жаққа тарта бермей, білім беру үдерісін ғы­лыми негізде жан-жақты зерттеп, атқарылып жатқан оңды істер мен орын алып жатқан елеулі кемшіліктерді нақты анықтап, оны түзету жұмыстарын жүр­гізуге болар еді. 

12 жылдық оқу жүйесі үш рет кейінге қал­ды­рылды. Бұл оқушылардың пси­хологиялық жағынан 12­ жыл­дық оқытуға көшуге мұға­лімдердің оған теориялық-әдіс­темелік жағынан дайын­ бол­мағандығынан да емес. Шынында, 12 жылдық білім берудегі негізгі мақсат – мектептің жоғары сатысында бейіндік оқытуды жүзеге асыру. Оған дайындық өткен ғасырдың 80-90-жылдарында факультатив сабақтар өткізу, белгілі бір пәндерді тереңдетіп оқытатын сыныптар, мектептер ашу түрінде басталған болатын, ол әлі көздеген межеге жете алмауда.

Сенат депутаттары 12 жыл­­­­­дық білім беретін елдерде­ оқу­шылар бір ауысыммен оқи­тынын, бізде екі ауысым былай тұрсын, үш ауысымды жоя алмай отырғанымызды ал­ға тартады. Бұл – біздің 12 жыл­дық білім беруге көше алмай оты­руымыздың басты себебінің бірі. Оның үстіне бізде оқу орнын салумен бірге оны қажетті құрал-жабдықтармен жарақтау, қорды үнемі толықтырып, жа­ңартып отыру қажеттігі ес­ке­ріле бермейді. Оқыту ісінде ди­­­­дак­тикалық талаптардың бұ­дан өзге де түрлері болатыны ойы­на кірмейтін шенеуніктер оқушылардың білім сапасының төмендігін тек мұғалімдердің біліктілігінен іздейді. Білімі тө­мен мұғалімнің білімді оқу­шы дайындай алмайтыны рас. Өткен ғасырда қызмет еткен мұғалімдердің атына ешкім мұндай сын айта алмайтын. Жаңа ғасырдың басталуымен бірге білімі, біліктілігі төмен мұғалімдердің көбеюінің сыры неде? Оның себептерін зерттеп жүрген ғалымдар не айтар екен?

Мектептерді бес күндік оқу­ға көшіру мәселесі орынды кө­теріліп отыр. Өйткені ересек жастағы ата-аналардың өзі екі күн демалып отырғанда, дене бітімі әлі толық қалыптасып үлгірмеген балаларды алты күн бойы оқыту орынды дей алмаймыз. Оның үстіне қазіргідей аптасына 39-40 сабақ оқытуды да ретке келтіру қажет. Өйткені балалардың көпшілігі көңіл қалауы бойынша осы сабақтардан тыс әртүрлі үйірме, секцияларға қатысады, көптеген мектепте қосымша сабақтар өткізіледі.

Бес күндік режімге көшуді бастаған мектептер жоғарыдағы сағаттарды бес күнге сыйғыза алмай бастары қатуда. Мұның жолын табу да қиын емес. Бұл үшін бірнеше пәннің «басы артық» оқу материалдарын қысқарту жеткілікті. Осыдан кейін оның апталық сағат саны өзінен-өзі қысқарады. Басқа пәндерді айт­пағанда, соңғы екі сыныпта алгебра және анализ бастамалары пәнінде дифференциялдау, интегралдау мәселелері қаншама сағат бойы оқытылады. Ал бұл жоғары оқу орындарында «әліппесінен» бастап қайталанады. Осынша ұзақ қайталау кімге қажет? Оның үстіне ғылымның қазіргі жетістіктерінің бәрін оқушыларға мектепте игертіп шығу мүмкін де емес, оның қажеті де жоқ. 

Мектептің оқулығы туралы әңгіме кейінгі кездері ауыздан түспейді. Біз де 7-8 сыныптардың гео­метрия оқулықтарындағы тео­риялық қателіктер туралы­ республикалық басылым бет­терінде бірнеше рет әңгіме еттік. Біз айтқан пікірлерді терістеген немесе қателіктердің орын алуы­ның себептерін айтқан еш­кім болмаған соң, биыл маусымда Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атына хат жаздық. Министрден жыл сайын қайта басылатын не­ме­се жаңадан жазылатын оқулықтарда бұрынғы кеткен кемшіліктердің қайталанбауын ұйымдастыруын сұрандық. Бірақ жаңа оқу жылы басталғанда геометрия оқулықтарының автор­ларының саны арта түскені болмаса, түзетілген қателікті байқай алмадық.

Қаржысы бар автор оқулыққа не жазуды өзі шешіп, оның жазылуы сапасын қадағалайтын ешкімнің болмағаны ма? Мүмкін, кейбіреулердің оқулықтағы кем­шілік ешнәрсе емес, мұғалім бі­лімді болса болды, оқушыға сапалы білім беруге болады деп жүргені осыдан болар?

Мектеп мұғалімдері оқушы­ларды үнемі оқулықтағы әрбір пікір, тұжырымды ойсыз қабыл­дай бермей, оған өзінше сыни талдау жасауға, мүмкіндігі болса, кездескен қатені түзете бі­луге баулиды. Дегенмен оқулық авторларының жіберген қатесін түзетіп оқып, жаңалық аша салуға сыныптағы кез келген оқушының қабілеті жете бер­мейді. Егер мұғалім ол қатені түзетіп оқытса жақсы, түзетпесе оқушылардың оқулықтағы жал­ған мағлұматтарды қабыл­дауы­нан басқа амалы қалмайды. Сондықтан да оқулықтағы қате­лікті түзету ісін бір сәтке де ке­йінге қалдыруға болмайды. Ди­дактикалық әдебиеттерде А.Киселевтің «Геометрия» оқу­лы­­ғының 1930 жылға дейін қырыққа жуық қайта басылғаны айтылады. Мұны әңгіме еткенде біз оқулықтың қайта басылғанын емес, әрбір келесі басылымын шығарарда бұрынғы басылымда орын алған кемшіліктердің түзетіліп, өңделіп, жетілдіріліп отырғанын айтқымыз келіп отыр. Осыдан біз де тәлім алуымыз керек.

Еліміздің тәуелсіздігінен ке­йін қазақ тілінде жазылған геометрия оқулығы ең алғаш 1993 жылы басылып шықты. Бұрын әр сынып бір оқулықпен оқитын болса, қазір 7-8 сыныптардың әрқайсысы үшін төрт оқулықтан жазылған. Бірақ олардың әрқай­сысы, басқаны айтпағанда, тео­рия­лық қателерден кенде емес. Дәл осы қалпымызбен жүре берсек, ширек ғасыр бойы түзетілмей келген қателер ғасырларға же­туі мүмкін. Тарихта мұндай да жайттар болған. Мысалы, ежелгі гректің ұлы философы Арис­тотельдің шыбынның төрт ая­ғы бар деген пайымы мен гео­­метрияның атасы саналатын Евклидтің параллелограмдар­дан өзге төртбұрыштардың барлығы тра­­пеция деп аталады деген тұжырымының екі мың жыл бойы қолданылғаны белгілі.

Одан арғыны айтпағанда, 1500 жылдың өзінде жұрт «Ғалым болу үшін Аристотельді жатқа білу керек. Оның айтқандарын түгел түсіну міндетті емес, ал оның қағидаларына күмән келтіру құдайға тіл тигізумен бірдей» дегенді заңдай қабыл­дапты. Дәл осы мазмұнды әңгі­мені орыс математигі Н.Я.Ви­ленкин де айтады: «Ев­клидтің беделі екі мың жыл бойы сақ­талып келді. Евклидтің қан­дай да бір пікіріне күмән келтірудің өзі сол адамның ма­те­матика саласындағы атақ- абыройынан жұрдай болғаны деген сөз еді». Ал қазір біз кімдердің бе­делінен қаймығып жүрміз, әл­де оқулықтардағы түзетілетін қа­теліктерді байқай алмай жүрміз бе? Қалай айтсақ та сапалы оқу­лық терең білімнің алтын арқауы екені сөзсіз.

Қалмырза ІЗТІЛЕУҰЛЫ,
 Білім беру ісінің үздігі

 ШЫМКЕНТ