22 Қараша, 2017

Суицид көрсеткіші - қоғам әл-ауқатының барометрі

1706 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елдің экономикалық дамуы мен халқының әл-ауқаты жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ), жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), ұлттық кіріс  көлемі секілді  макро-экономикалық көрсеткіштермен бағаланады. Осылардың негізінде мемлекеттердің рейтингісі жасалады. Алайда бұл көрсеткіштер біз бен сіз өмір сүріп отырған  әлеуметтік  өміріміздің шындығын көрсете ме?!  Бұл – мәселенің басқа қыры. Осы тұста өз-өзіне қол жұмсау – әлеуметтік дертін де жан-жақты қарастыру қажет.

Суицид көрсеткіші  - қоғам әл-ауқатының барометрі

Өз-өзіне қол жұмсау – бұл бір адамның немесе оның айналасындағылардың ғана психологиялық проблемасы емес. Бұл – микро-көзқарас және мәселенің тек салдары.  Негізгі себептерін тереңірек іздеу керек. Өзін-өзі өлтіру жағдайы –  қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының барометрі.

Жиырмасыншы ғасырда француз әлеуметтанушысы Эмиль Дюркгейм  «Суицид. Социологиялық зерттеу» кітабында қоғамда суицид пайызының өзгеріп отыруына әсер ететін әлеуметтік ортаның әртүрлі  жағдайын бөліп қарастырған болатын  (діни нанымдары бойынша, отбасылық жағдай, саяси өмір және т.б.).  Автордың пікірінше, ұжымдық қарым-қатынас  және қоғамның  ауызбіршілігі өзіне-өзі қол жұмсауды тежейді. Қоғамның бірігуі әлсірегенде, адам қоғамдық өмірден алшақтап, ортақ игіліктен өзінің жеке мақсаттарын  жоғары қояды. Мысалы, суицидке саяси жағдай, соның ішінде ұлтаралық соғыстар да әсер етеді.

АҚШ-Ресей әлеуметтанушысы Питирим Сорокин қоғамның әл-ауқатының деңгейін адамның  әлеуметтік мәртебесімен  анықтайды. Әлеуметтік мәртебе оның мамандығының беделі, білім деңгейі, табыс көлемі, билікке қол жеткізуінен тұрады. Бұл тұжырым бүгінде көптеген зерттеулермен дәлелденген.  Өзін-өзі өлтірген әлеуметтік-демографиялық топтар арасында білім деңгейі, әлеуметтік мәртебесі мен жағдайы төмен адамдар басым.

Қоғамның игілігі материалдық, рухани құндылықтарды қамтиды және адамның өмірлік мүдделерімен байланысты. Әлеуметтік әл-ауқатқа қол жеткізу қашан да  жеке тұлғалардың еңбек етуіне негізгі түрткі  болды. Басқаша айтқанда, адамдар әрдайым өмір сүруге тырысады және  ұмтылады. Дәл осы мотивпен кезінде адам «отты игерсе»,  бүгінде «айфон»  ойлап тапты. Бүгінгі күннің негізгі  ұрандардың бірі – «жайлылықта өмір сүру».
Әлеуметтік әл-ауқатқа толық  қол жеткізу үшін жай ғана «ыңғайлы» немесе молшылықта өмір сүру жеткіліксіз, «жайлылық» адамның жүрегінде орын алуы керек. Мысалы, адамның  жүрегі тыныштық, көңіл-күйілі  болса, ол ешқашан өз-өзіне қол жұмсамайды.

Әлеуметтік желілердің бірінде қойылған «Сіз үшін «жайлылық» деген нені білдіреді?» деген ашық сұраққа ғаламтор қолданушылары:  «адам жанының жайлылығы дегеніміз сүйікті және саған жақын адамдардың жанында болып, ауырмай жүруі», «жан тыныштығы  ауыр немесе негативті уайым жоқ кезде орнайды», «жан тазалығы болуы керек, яғни барлық мәселелер шешілген, ал шешілмегені – шешім  жолында» деп жауап берген.

Демек, жанның жайлылығы материалдық әлем мен әлеуметтік мәселелермен де байланысты. Уайым, шешілмеген мәселе  жұмысқа орналасу, несие, оқу ақысын  төлеумен байланысты  болуы мүмкін. Ата-аналардың мұндай проблемалары тікелей немесе жанама түрде балаларға әсер етіп, үйдегі жалпы көңіл-күйді қалыптастырады.

Бүгінде әбден жұмысқа жегілген ата-аналардың өз балаларына назар аударуға уақыттары  жоқ. Отбасының тәрбиелік функциясы бұзылған. Тәрбие тұрғысында барлық міндеттерді  ата-аналар балабақша немесе мектеп, жоғары оқу орнына беріп қойған. Көптеген ата-аналар жай балаларымен отырып сырласпайды. Міне, осыдан барып жасөспірімдер суицидтерінің себептері  көріне бастайды...

Әлеуметтік зерттеулер бойынша  кәмелетке толмағандар арасында өзін-өзі өлтіру оқиғаларының шамамен 70 пайызында  олардың ата-аналарымен қарым-қатынастарында  проблемалардың бары анықталған. Одан кейінгі орында оқу орнымен байланысты және достармен қиындықтар тұр. Негізінен көбіне сезімге байланысты мәселелер жасөсіпірмдерде жиірек кездеседі.

Өкінішке орай, бүгінгі күні ата-аналар мен  балаларының арасында эмоционалды жылы қарым-қатынастар жоқ. Мұндай қатынас  жас ұрпақ кездесетін көптеген ауыр сынақтарда  сенімді қорғаныс болар еді.  Осы жастардың өзіне қол жұмсауы ата-аналардың назарын өзінің мәселесіне аудартудың соңғы амалындай көрінеді.  

Отбасының ұйытқысы суицид жағдайларында маңызды рөл ойнайды. Себебі,  өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің жартысының ата-анасының біреуі қайтыс болған немесе  тастап кеткен. Жас өскін тығырыққа тірелгенде, көбінесе өмірден кетуді ойлайды. Зерттеулерге сәйкес, 90 пайыз жағдайда жасөспірімнің өзіне-өзі қол жұмсауы - дабыл сигналы. Тұйықталған отбасынан шыққан балалар көбіне өзін-өзі өлтіру арқылы проблемаларын жиі шешеді. Сондықтан, әлеуметтік саясаттағы кемшіліктер   ересектердің өз-өзіне  қол жұмсауы  және  жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлықына әсер етеді.  

Цюрих университетінің зерттеушілері 2000 жылдан 2011 жылға дейін 11 жыл бойы әлемнің 63 елінде өлім туралы жиналған деректерге  талдау жүргізді. Осы уақыт ішінде жыл сайын 233 мың адам өздерін өлтірсе, оның 45 мыңы тікелей  жұмыссыздық әсерінен осындай жолға барған көрінеді. Ғалымдардың пікірінше, экономикалық тұрақтылық пен даму  кезеңінде адамдар жұмысын жоғалтып алуды көбірек уайымдайтын көрінеді және бұл кей жағдайда өзін-өзі өлтіруге итермелейді екен.  

Өз-өзіне қол жұмсауға бейім балалардың  белгілі бір ауыртпалығы бар әлеуметтік ортасы болады:  тұрмысының нашар болуы, толық емес отбасыда өсуі, жалғыздық және тастандылықты басынан кешуі, ересек адам қолдауының болмауы және т.б.  

Осылайша, отбасылық мәселелер жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына тікелей әсер етеді. Бала көбіне  ересектердің мінез-құлқына тәуелді  болады және кейбір отбасылық проблемалар үшін өзін  кінәлі сезінеді.  Бұл, сайып келгенде,  жасөспірмдердің бойында оқшаулану және толық дәрменсіздік сезімін тудырады.

Ата-анасының біреуі ғана тәрбиелеген толық емес отбасыларда балаға көбіне көңіл, назар жетіспейді.  Мәселен, анасы  әдетте, жұмыс, үй және баланың тәрбиесі арасында сүрініп-қабынып жүріп, онымен толық қарым-қатынас жасау үшін жеткілікті уақыт да бола бермейді. Нәтижесінде, жасөспірім әдеттегідей  өз қиындықтарымен достарына барады немесе тұйықталып қалады.

Осылайша, отбасымен байланысты әлеуметтік мәселелер жасөспірімнің өзін-өзі өлтіру әрекетін тудыратын факторлардың негізгі  тобына жатады. Жоғарыда айтылғандай, ата-анасының ажырасуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық жанжал және отбасыда ересек адамның болмауы салдарынан жасөспірім оқшауланып, тіпті өзіне қол жұмсайды.

Неліктен отбасылар толық емес?! Қоғамда жыл сайын ажырасу көлемі тек өсіп отырғандығы құпия емес.  Ажырасудың себептері – жұмыссыздық, отбасылар табысының төмен болуы және тұрғын үй жоқтығы сияқты және т.б. әлеуметтік мәселелер. Әрине, бұл проблемалар ажырасудың барлық жағдайында себеп бола бермейді Алайда, әсіресе біздің қоғамымызда бұл мәселелер өткір болып отыр.

Сондықтан  экономикалық макрокөрсеткіштері туралы әңгіме болғанда ең алдымен қоғамның өзіне үңіліп қарауымыз керек: азаматтар осы жетістіктердің әсерін сезініп отыр ма, жұмыссыздар саны қанша, елдегі табыс деңгейі қандай, кедейлік деңгейі, нәрестелер өлімінің саны, өз-өзіне қол жұмсау және т.б. Сонда ғана осы қоғамның немесе ел өмірінің қаншалықты жақсы екенін көре аламыз.

Экономикалық өсу индикаторларына емес,  атап айтқанда халықтың әлеуметтік әл-ауқатының көрсеткіштеріне қарап елдегі жүргізіліп отырған саясаттың жемісіне баға беруге болады. Ал әлеуметтік қорғау әрбір адамның әлеуметтік қауіпсіздікті сезінуімен өлшенеді.

Бір жағынан, тоқтық өмір жоқтықтан жақсы боп көрінеді. Алайда, жүргізілген зерттеулер бұл көзқарастың толық дұрыс еместігін көрсетті. Ағылшын психологы М. Аргайл  кросс-мәдени зерттеулердің қорытындысын шығарды: жеке бақыт деңгейі материалдық жағдай мен өркениеттілікке байланысты емес екендігін анықтады. Адам бақыты байлық және тұрмыстық заттарға  тәуелді емес екенін  тауып: осы көрсеткіштер Франция және Чад, Нигерия және АҚШ-тан зерттелетін адамдарда тең болып шыққан. Сонымен, бақытты сезіну әр адамның өмірді субъективті қабылдауына байланысты екен.

Қоғамның өркендеуі үшін бәріне бірдей жалақы немесе әлеуметтік төлемдерді  көтерудің қажеті жоқ. Заңның аясында әрбір жеке адам өзінің қабілеттері мен дарынын дамыта алуы керек  және өз ісін ілгері жылжыту үшін нақты тетіктер болуы тиіс. Әлеуметтік иерархия бойынша көтерілуге мүмкіндік беретін «әлеуметтік лифт» жұмыс істеуі керек.

Қысқасы, азаматтар әлеуметтік әділеттілікті сезінгенде ғана қоғамның әлеуметтік, рухани т.б. жаңғыруына куә бола аламыз. Адамдар философиялық (өмірдің мағынасын жоғалту) және психологиялық (күйзеліс, торығу), әлеуметтік (әлеуметтік қанағаттанбаушылық, беделі, мәртебесін жоғалту, және т.б.), этикалық, құқықтық, және медициналық өздерінің түрлі мәселелерін еңсеруге қабілетті болады.

Осылайша, әлеуметтік «сау» қоршаған орта жасау арқылы жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға болады.  Ал суицид көрсектіші қоғамның экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуын өлшейтін «лакмус» іспеттес. Түптің-түбінде  экономикалық өсім қоғамға қызмет етіп, әлемуеттік өмірімізге әсер етуі тиіс.  

Айсұлу Молдабекова

әлеуметтанушы

“Bilim Foundation” қоғамдық қоры