Қазақстан • 23 Қараша, 2017

«Астана клубы»: саяси үнқатысу алаңы

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Астана халықаралық ірі жиындар өтетін саяси үнқатысулар алаңына айналды. 

«Астана клубы»: саяси үнқатысу алаңы

Бұл өз кезегінде Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен ықпалын, белсенді іс-қимылын көрсетеді. Таяуда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Астана клубының» үшінші отырысы елорданың саяси диалог жүргізуге ыңғайлы, әлемдік ауқымдағы күрделі мәселелерді қозғауға мүмкіндік беретін беделді де берекелі орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Тәуелсіздіктің қазаққа берген бір жетістігі де осы болды. Соның арқасында қазір қазақ халқы оқшауланған шағын топ емес, әлемнің айтулы, танымал халықтарының бірі болып келеді. Ашық диалогтар мен пікір алмасуларды көздеген жиындар да жиі өткізілуде. 2015 жылы құрылып, белгілі саяси, экономикалық сарапшылар, дипломаттар, бизнес көшбасшылары мен саясаттанушылардың басын қосуды мақсат еткен «Астана клубы» да соның бірі. Клубтың бас ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен оның жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты. Клуб серіктестері – CarnegieEndowment, DGAP, КАСМО және Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі. Қазақстан Республикасының Батыс пен Шығыс арасындағы көпір іспеттес болуы «Астана клубы» үшін заманауи әлемнің өзекті мәселелерін талқылауға арналған тәуелсіз, бейтарап және ашық алаң ұсынуға мүмкіндік береді.

Клубтың алғашқы отырысы 2015 жылдың 9-11 қарашасы аралығында өтіп, оған Батыс Еуропа, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінен 50-ге жуық алдыңғы қатарлы интеллектуалды және саяси элита өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің басшылығы, елдегі сарапшылар қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Бұл клубтың басқа жиындардан айырмашылығы – ғаламдық өткір проблемаларды биік, адами, әділетті тұрғыдан бағалауға арналған. Егер медиа-форум сияқты жиындар әлемдік проблемалармен бетпе-бет келетін медиа мамандарының мәселелерін алға шығарып, кәсіби дүниелерді көбірек қаузаса – «Астана клубының» тақырыптары бір кәсіптің шеңберімен шектелмей, дүние проблемаларын ауқымды масштабта қарастырады.

2016 жылдың 14-16 қарашасы аралығында өткен клубтың екінші отырысына Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Франция, Жапония секілді жалпы саны 21 елден 60-қа тарта беделді саясаткерлер мен алдыңғы қатарлы сарапшылар қатысты. Сонымен бірге шараның жұмысына Президент Н.Назарбаевтың қатысуы – оның беделін арттыра түсті.

Еуразия кеңістігі мен әлемде 2016 жылы туындаған сын-қатерлер саясаткерлерден өзара сенім мен сыйластыққа негізделген көзқараспен ортақ ымыраның жолын табуды талап етті. Сонымен бірге проблемалар мен текетірестердің сыры шыншылдықпен мойындалғанда ғана прогреске қол жеткізуге болады.

Қазақстанның өзі осындай саясат ұстануының арқасында қазір әлемдік қоғамдастықты мойындатып, халықаралық қатынаста болып жатқан көптеген өткір дағдарыстарды шешуде делдал болып отыр. Екінші жиында осы және басқа мәселелер талқыланып, пікірлер мен ұсыныстар білдірілді.

Ал жуырда, «Астана клубының» үшінші отырысы болып, ол «Үлкен Еуразия – 2027: текетірес немесе серіктестік» атты тақырыппен өтті. Үшінші рет өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан жиынның жұмысына әлемнің үздік «ақыл-ой орталықтарының» сарапшылары мен ең беделді саясаткерлер қатысып, Астанада бас қосты. «Chathamhouse» ережесі бойынша өткізілген шарада жаһандық үдерістерді талқылау мен Еуразияның барлық елдеріне әсер етіп жатқан ең маңызды мәселелердің шешімі қандай болмағы туралы ойлар мен пікірлер ортаға салынды. Сонымен қатар болашаққа бағдар жасалып, қазіргі болып жатқан үдерістердің 10 жылдан кейінгі келешегін көруге талпыныс жасалды. 27 елден келген 60-қа жуық білікті мамандар ортаға салынған тақырып бойынша сан түрлі пікірлері мен көзқарастарын, болжамдары мен байыптарын ортаға салды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде «жаһандық мәселелерді шешу үшін бүгінгі әлемге жетіспей тұрған бірлік, тұтастық пен толеранттылықты туындатуға талпынамыз. Қазақстандық дипломатия диалогқа, мәмілеге, өзара тиімді әріптестік түсінігіне негізделген. Мұның бәрі Сирия мәселесі бойынша бітімгершілік әрекетімізден, ядролық қаруға қарсы бастамаларымыздан, күн тәртібіндегі мәдениет, өркениет және әлеуметтік –экономикалық мәселелердегі дағдымыздан анық байқалады. Қазақстан қазір БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ауыспалы мүшесі, 2018 жылдың қаңтарында еліміз Кеңеске төрағалық етеді. Соған байланысты әлемде болып жатқан өткір оқиғаларды ескереміз», деген еді Президент өзінің сөзінде. Одан әрі Н.Назарбаев терроризм мен экстремизмге қарсы күрестердің пәрменді болмай отырғанын сынға алып, 2016 жылы ғана 104 елде терактілер болғанын атап өтті. «Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке арналған қазіргі жүйе ескі мәселелерді шешіп, жаңа түйткілдердің туындауына тоқтау сала алмай келеді», деді ол. Әлемдік көшбасшы елдердің қару-жарақ шығындарының да жыл сайын өсіп отырғанын айтқан Н.Назарбаев сол кезде адам өміріне қажетті ресурстардың шектеулі болуына лайықты көңіл бөлініп отырмағанын атап өтті. Сонымен бірге ол Ислам атын жамылған содырлар әрекетінің асқындап бара жатқанына пәрменді тоқтау болуы керектігіне назар аударды. Өзінің сөзінде ол ғаламдық экологиялық проблемалар, көші-қон мәселелері және т.б. туралы да айтып өтті. Осының бәрі тыңдаушыларға ой салып, қызу пікірлер мен ұсыныстардың тууына түрткі болды. Қатысушылар осындай пайдалы диалог алаңдарының жиі болып тұрғанын қалайтынын білдірді.

Сайып келгенде, қазіргі Қазақстан достықты ту еткен игі бастамаларымен әлемдік қоғамдастық алдында абырой-беделге ие болып келе жатқан, әлемге айтары бар мемлекет. Мұны «Астана клубының» басқосуы тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»