– Жақында Елбасымыз партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізіп, сол жиында Қазақстанда Президент тапсырмалары қалай орындалып жатқанын тексеруді маған тапсырған еді. Міне, сол үшін кеше Маңғыстау облысында, бүгін Батыс Қазақстанда болып, Елбасы тапсырмаларының орындалу барысын қадағалап жүрмін, – деді Мұхтар Абрарұлы журналистерге өз сапарының мәнісін түсіндіріп.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің осы сапар барысында алғашқы барған жері – «Күбілей» ЖШС болды. Жылына 10 мың тоннадан аса өнім шығаратын бұл кәсіпорында күніне 250 ірі қара, 700-ге дейін қой сойылады. Мал еті әртүрлі тоңазытудан өтіп, бөлшектеліп, вакуумды қаптамаға салынып, тұтынушыға жол тартады. «Күбілейдің» 50 пайыз өнімі экспортқа шығады. Осы кезге дейін кәсіпорын дайындаған ет Мәскеу, Санкт-Петербург секілді ірі мегаполис қалалардың сөрелеріне түссе, биылдан бастап Иранға да жөнелтіле бастады. Өндіріске халал технологиясын ендіру арқылы жаңа көкжиек ашылған. Қалдықсыз технология қолға алынып, мал сүйегінен ұн жасайтын жүйе жақында іске қосылмақ. Мұхтар Құл-Мұхаммед кәсіпорынды түгел аралап, жұмысшылармен кездесті.
– Президенттің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысына 340 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – өте үлкен қаражат. Осы қаржыға қазірдің өзінде 30-дан астам жаңа кәсіпорын салынды және өңірге, елімізге жұмыс істеп тұр. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығына қолайлы өңір ғой. Мұнда 1 миллионнан астам қой, 570 мыңнан астам ірі қара бар. Енді бұл өнімді иігілікке жарату, нарыққа сай өткізу керек. Міне, етті Иран нарығына шығару әрекеті жемісті басталды. Осындай кәсіпорындар көп болса, өңірдің экономикасы да алға жылжиды, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейін «Стеклосервис» ЖШС-нің жұмысымен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына көңілі толғанын айтты. Әу баста әйнек кесумен ғана айналысқан шағын кәсіпорын бүгінде әйнектің бірнеше түрін шығарып, өнімінің тең жарымын экспортқа жібереді. Жылу сақтағыш, соққыға шыдамды, қауіпсіз бұл өнімдер Аустрия технологиясымен дайындалған. Әдеттегі әйнектен 7 есе мықты өнімнің кереметін көзімізбен көрдік: салмағы 100 килодан асатын жігіт үстіне шыққанда майысып солқылдағанымен, шыны сынбады! Сөйтсек, «Стекло-сервистің» өнімі Астанада өткен өндірістік бағыттағы тауарлар көрмесінде жүлде алған екен. Бұған қоса Финляндияның «Дженерал Финланд» компаниясымен бірігіп шығарып жатқан құрылыс материалдары, есік-терезелер жылу сақтағыштығымен ерекшеленеді.
– Міне, жаңа технологияны өндіріске енгізу нәтижесі осындай болады. Елбасымыз «экономиканы әртараптандыру керек» дегенде дәл осы мәселені айтқан болатын. Қазір Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да құрылыс қарқынды дамып жатыр. Астанада, еліміздің солтүстігі мен шығысында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендейді. Ол жерлерге мынадай жылу үнемдегіш жабдықтар, жаңа технология өнімдері өте керек. Алтай Сейдірұлы, бұл өнімдерді Астанада жақсылап таныстыру қажет, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед өңір басшысына қарата.
Әрине, іс тетігін маман шешетіні белгілі. Индустриялық-инновациялық даму жолына түскен елімізге жаңа технологияға сай еңбек ететін білікті мамандар керек. Әсіресе, тікелей өнім шығаратын төменгі буын жұмысшылардың маңызы ерекше. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірде арнаулы орта білім беретін оқу орындарының жай-күйімен танысу үшін Орал мұнай-газ және салалық технологиялар колледжіне арнайы келді. 16 түрлі мамандық бойынша білікті мамандар даярлайтын бұл білім ордасында 2140 студент білім алып жатыр. Барлық зертхана, шеберхана, сынақ алаңдарымен жабдықталған колледжде мұнай-газ саласынан өзге бүгінде сұраныс көбейген мал дәрігері, құрылысшы, өрт сөндіруші, жерге орналастырушы секілді мамандар да оқытылады. Колледж директоры Серік Мұхамбеталиевпен бірге оқу орнын аралап шыққан М.Құл-Мұхаммед өңірдегі барлық арнаулы оқу орындары өкілдері жиналған көрмеге де бас сұқты.
– Батыс Қазақстан облысында жақсы үрдіс байқадым. Мұнда Кеңес кезінен қалған арнаулы орта білім беру жүйесін жоймай, сақтап, тіпті дамытқан екенсіздер. Кейбір өңірде мұндай колледждер жаппай жекешеленіп кетті. Олар кейін жекеменшік ЖОО-ға «айналып», топырлатып заңгер мен экономист «шығарумен» айналысты. Бізге олардан түк пайда жоқ, бізге жас мамандар, іс адамдары керек. Мәселен, 4-5 жыл оқып, жоғары білім алған мұғалімнің жалақысы 70-80 мың теңге болса, өз кәсібін меңгерген мықты жұмысшылар 100-150 мың теңге жалақы табады, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының екінші күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. М.Құл-Мұхаммед аралап көрген 180 пәтерлі үйді «Болашақ-Т» компаниясы тұрғызған. Немістің Vollert фирмасының үлгісімен тұрғызылатын ірі панелді құрамаларды компания өз комбинатында жасайды. Мұндай үйдің ерекшелігі – өте аз уақытта, бар-жоғы 2 ай ішінде құрастырылады. Құрылысқа керекті материалдың 80 пайызы – отандық өнім.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы екі жылдың ішінде өңірге шамамен 20 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Оның бір бөлігі облыстағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалды. Батыс Қазақстан облысы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөнінен еліміз бойынша бірінші орында тұр. Мұхтар Құл-Мұхаммед нұротандықтардың маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ