Сондай-ақ өзара қатынастардың даму қарқыны да халықаралық құқықпен айқындалады. Сондықтан халықаралық қатынастар жүйесінде аса зор қызығушылық танытып отырған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындап алу күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің қатарына жатады.
Мүдделер тоғысы мен «қақтығысы»
КСРО-ның жойылуының нәтижесінде жаңа тәуелсіз елдердің құрылуы бұл аймақта геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруіне әкелді. Бұрын Каспий теңізі аймағы екі ғана мемлекеттің мүдделерімен айқындалған болса, енді ол Каспий жағалауындағы бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның мүдделері тоғысып отыр. Сондай-ақ Каспий бассейніндегі бай энергетикалық қор аймаққа таяу жатқан елдермен қоса әлемнің жетекші елдерінің де осы өңірге деген қызығушылығын арттыра түсті. Себебі мұнай – энергия көзі ретінде қазіргі әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарда аса маңызды рөлге ие. Каспий теңізінің мүмкіндігі Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығын мұнай және газбен жабдықтаудағы стратегиялық маңызы ерекше екенін көрсетеді.
Жалпы, мүдделі мемлекеттер арасындағы қатынастардың заманауи үлгіге сай болуын қалыптастыру үшін бірінші кезекте аймақтың халықаралық құқықтық қағидаларына байланысты құқықтық мәртебесін нақтылап алған жөн. Бұл мәселенің аса маңыздылығына барлық қатысушы тараптар түсіністікпен қарағанымен және оның шешімін іздеуде барынша түсіністік танытқандарымен Каспий маңы елдері әлі күнге дейін нақты бір байламға келе алмауда. Дегенмен, халықаралық қатынастар жүйесінде көпжақты дипломатиядан гөрі екіжақты дипломатияда қатысушы тараптардың өзекті мәселелерге қатысты келіссөздерде ымыраға келу мүмкіндігінің әлдеқайда жоғары болатынына Каспий мәселесі де дәлел болып тұрғандай. Өйткені өткен ғасырларда Каспий мәселесі Ресей империясы мен Парсы шахы арасындағы шарттармен, кейінгі ғасырда Кеңес Одағы мен Иран арасындағы екіжақты келісімдермен реттелген болатын. Мысалы, Кеңес Одағы мен Иран арасындағы екіжақты шартта Каспий теңізін «кеңестік және ирандық» теңіз деп жариялай отырып, оған үшінші елдердің қатысуы мүмкін еместігін атап өтеді. Оның үстіне Каспий теңізі үшінші елдер үшін әскери-саяси салада да жабық болды.
Жасыратыны жоқ, өз егемендігін алған республикалар алғашында КСРО-ға тиесілі болып келген Каспий суларын өзара бөлісіп, ал Иранға сол кезеңдегі иеліктерін ғана қалдыру ұсыныстарын да талқыға салған болатын. Бұл ұсыныстардың негізінде Иран Каспийдің қазіргі ауданының оңтүстік жағалауын қамтитын 11 пайыздық аумаққа ие болар еді. Алайда бүгінгі геосаяси жағдайда Иран бұл бөлісте өзіне тиетін үлестің едәуір аз болатынын алға тартуда. Соған байланысты Иран бастапқы кезден-ақ өзінің ұсынысын білдірумен келеді. Олар тепе-теңдік қағидасына сай каспийлік бес елдің жағалаулары шебінің көлеміне қарамай, Каспий аумағын тең бөліске бөлу, яғни әр елге 20 пайыздан үлес беру қажет деп санайды. Бұл жерде ирандық тарап КСРО мен Иранның Каспийге қатысты қабылдаған бұрынғы келісімін жоққа шығаруда. Айтар негізгі уәжі – саяси картада енді КСРО деген мемлекеттің жоқтығы.
Сарапшылардың пікірінше, бұл халықаралық құқық өлшемдеріне қайшы келеді. Себебі Кеңестер Одағы тараған соң Ресей КСРО-ның негізгі мұрагері болып танылды. Сондықтан екі субъекті де саяси картада бар. Ал халықаралық құқықтың қағидалары мен өлшемдерін негізге алатын болсақ, Каспий жағалауындағы жаңа тәуелсіз мемлекеттер мұрагерлік қағидаларына сай бұрынғы кеңестік-ирандық шарттарды жоққа шығармайды. Каспийдің қазіргі геосаяси жағдайына орай жаңа саяси мәртебесін айқындауда оның бұрынғы мәртебесі негізге алынуы тиіс. Бірақ жаңа тәуелсіз мемлекеттердің ішінде де өздерінің мүдделеріне сай ұсыныстары мен ұстанымдары бар. Мысалы, Әзербайжан елі стратегиялық тұрғыдан мұнай тасымалының тиімді жолында орналасуына байланысты Каспий теңізінің мәртебесін кеңес-ирандық шарттармен заңдастыруға болмайды деген пікірде. Себебі онда балық аулау мәселелері ғана қарастырылған.
Каспий теңіз бе, әлде көл ме?
Бүгінгі геосаяси жағдайға байланысты Каспийдің мәртебесін айқындауда оның теңізге, әлде көлге жатқызылуын нақтылау мәселесі туындап отыр. Бұл жерде Каспийді географиялық тұрғыдан көл немесе теңіз деп айқындау емес, ең алдымен оның БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі конвенцияларына жатқызуға бола ма, деген мәселені нақтылау қажеттілігі тұр. Себебі Каспийдің теңіз болуы және оның көлемінің үлкендігі мәселені шешуге негіз бола алмайды. Ал теңіздің көлге немесе теңізге жатқызылуын БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі конвенциялары оның әлемдік мұхиттарға ашықтығымен байланыстырады. Осы құжаттар бойынша Каспийді теңіз деп атауға болмайтындай. Бірақ бұл оның теңіз деген мәртебеге ие болуына кедергі емес. Ол үшін барлық Каспий жағалауындағы мемлекеттердің келісімін алса жеткілікті. Егер Каспийге халықаралық деңгейдегі «теңіз» мәртебесі берілсе, онда оған автоматты түрде БҰҰ-ның 1958 және 1982 жылдардағы құрлықтағы қайраңы мен Теңіз құқығы жөніндегі конвенциялардың құқығы таралады. Осылай болған жағдайда әр каспийлік мемлекеттің 12 мильдік аумақтық өңірге және 200 мильдік экономикалық аймаққа егеменді құқықтары болады. Ал Каспийдің ені 200 мильден аспайтындықтан, оны мемлекеттер арасында орта сызық бойынша тең бөлу қарастырылады. Мұндай жағдайда, өзге де мемлекеттердің кемелері суда жүзу, белгіленген теңіз үстіндегі әуе кеңістігінде ұшу, теңіз астымен коммуникациялық желілер мен мұнай, газ құбырларын салу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және басқа да қызметтер атқару құқығына ие болары анық. Осындай «ашық теңіз» нұсқасын кезінде Ресей, Иран және Түрікменстан қолдаған еді. Осы нұсқаға бірқатар шетелдер әлі күнге дейін мүдделілік танытып келеді.
Заңнамалық тұрғыдан алғанда «көлдің» ешқандай экономикалық өңір, қайраң, аумақтық сулар деген санаттары жоқ. Ол жағалаудағы мемлекеттердің ішкі суларына жатады және оған халықаралық тәртіп құқықтары таралмайды. Сондықтан мұндай сәтте БҰҰ-ның мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасы жүзеге асады. Халықаралық заңдарға сай бірнеше мемлекеттің ортасында орналасқан көлдер олардың келісімі бойынша немесе мемлекеттік шекаралар негізінде және көлдің орталық нүктесінен өзара бөлісулері қажет. Яғни көлдің құқықтық тәртібін айқындау жағалаудағы мемлекеттердің ғана құзырына жатады. Мұндай жағдайда Каспийде кеме жүзуінің, балық аулау, сондай-ақ теңіздің басқа биоресурстарын сақтау және тиімді пайдалануда жағалаудағы мемлекеттер өзара қиындықтарға тап болары сөзсіз.
Асықпаған, ақылдасқан жақсы-ау...
Каспий жағалауындағы мемлекеттердің саяси және экономикалық мүдделерін тиімді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан БҰҰ конвенцияларының ережелеріне сәйкес Каспийде аумақтық теңіз, балық аулау аймағын және ортақ су кеңістігін орнатуды ұсынады. Сонымен қатар осы аймақтарға қатысты тиісті ережелер мен тәртіпті айқындау қажет деп есептейді. Аумақтық теңіздің сыртқы шекарасы оның шегінде жағалаудағы мемлекет барлық егеменді құқықтарды толығымен пайдаланатын мемлекеттік шекара болып табылуы тиіс. Мұны аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы аясында қауіпсіздіктің қосымша кепілдеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігімен дәйектейді. Бұған қоса, біздің еліміз балық аулау мен биоресурстарды пайдалануды тиісті аймақтарда және ашық теңізде кәсіпті лицензиялау мен аулаудың келісілген квоталары негізінде жүзеге асыруды, балық аулау аймағын, оның ені мен тәртібін Каспий маңы мемлекеттерімен келісе отырып жеке санатқа бөліп шығаруды ұсынады.
Қазіргі кезде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі арнайы жұмыс тобының аясында келіссөздер жүргізілуде. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің мәселелері екі және үшжақты пікір алмасуларда да келісілу үстінде. Сондай-ақ келіссөздерде Каспийдің экожүйесін сақтап қалу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кеме қатынасын дамыту, минералдық және биологиялық ресурстарды игерудегі өзара іс-қимыл да күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты әр жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егеменді құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігі түбінің ара-жігін ажырату туралы келісім, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізі түбін шектеу туралы келісім және Қазақстан, Ресей және Әзербайжан арасындағы Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін межелеп бөлу сызықтарының түйісу нүктесі туралы келісім жасалды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған өзге де құжаттар баршылық.
Жалпы, Каспий жағалауындағы мемлекет басшыларының аталған мәселеге байланысты төрт саммиті өтті. Президенттердің әр кездесуі қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауға қатысты тиісті құжаттарды қабылдауымен ерекшеленеді. Мысалы, 2014 жылдың қыркүйегінде өткен саммитте мемлекет басшылары Каспий теңізінің су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы келісімге, Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий теңізінің гидрометеорологиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Жалпы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің табанын бөлуде Қазақстан – 23 пайыз, Ресей – 19 пайыз, Әзербайжан – 18 пайыз үлеске ие. Түрікменстанның үлесі – 21 пайыз, Иран елінің үлесі 13 пайыз деп есептеледі. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция 90 пайызға дайын. Ал президенттер ол құжатты қашан және қайсы саммитте талқылайтыны белгісіз.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»