Жиынды кіріспе сөзбен ашқан хатшылық меңгерушісі Наиль Салимов Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен түсіністікті орнатудың бірегей институты болып табылатынын, оның маңайына топтасып отырған этномәдени бірлестіктер мен ұйымдар өздеріне жүктелген тұрақтандырушы, топтастырушы рөлдерін ойдағыдай атқарып келе жатқанын жеткізді.
Бүгінде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда 13 қоғамдық келісім кеңесі құрылып, адамдарды жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық, жол-көлік, медициналық қызметтерін жақсарту, тағы басқа әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенділікпен араласып жүр. Одан әрі ол өз сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның жаңа редакциясына тоқталып, онда Ассамблея кеңесі мүшелері мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қатысты мәселелер нақты көрініс тапқанын атап өтті.
Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева жаңа заң жобасында барлық этностардың мүдделерін бір арнаға тоғыстыратын Ассамблеяның құқықтары мен міндеттеріне қатысты енгізілген толықтыруларды қолдайтынын, мұның бәрі елдің тағдыры үшін жауапкершілікке негізделгенін алға тартып, қоғамдық бақылау пәрмендігін арттырудың, оған жекелеген адамдарды, үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырудың маңыздылығына тоқталды.
Қаржыландыруға, оқушыларды тамақтандыруға байланысты мәселе қаралғаннан кейін қалалық білім бөлімі өз жұмысын ширатып, кемшіліктерден қорытынды шығарған. Демек, осындай әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдану арқылы түйткілді проблемаларды бірлесіп шешу Ассамблеяның да, қоғамдық келісім кеңестерінің де беделін арттырады.
«Қызылжар су» кәсіпорны жанында жұмыс істейтін қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Бауыржан Тәжин өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Ұжымда жұмыстың табысты, нәтижелі болуы ең алдымен ондағы еңбек ахуалына, әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты. Осы орайда бастамалар мен жобалар қолға алынып, жұмысшы-қызметкерлер тарапынан қолдау тапқан. Іскер диалог, ашық қарым-қатынас, түйткілді мәселелерді бірлесіп шешу ғана алға ілгерілеуді, өзара үйлесімділікті қамтамасыз етеді.
Облыстық ассамблея жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Рашид Надиров өз сөзіне жас буынды жақсы дәстүрлер мен өміршең құндылықтар рухында тәрбиелеу мәселесін арқау етті. Еңбек ардагері Раиса Полищук заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар көпшілік көңілінен шыққанын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы