Медицина • 23 Қараша, 2017

Алматыда әлеуметтік-меди­ци­­налық форум өтті

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік-медициналық форум аясында балаларға арнап қойған қойылымды олардың өздері ойнап, кейіпкерлерін жүрекке жылы етіп сомдады.

Алматыда әлеуметтік-меди­ци­­налық форум өтті

Алматыда «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дас­тыруымен Әлеуметтік-меди­ци­­налық форум болып өтті. Бұл шара­ның ба­рысында вакцинация және онко­ло­гияға қатысты айрықша шиеленіскен сауалдарды талқылау мүмкіндігімен ашық әңгіме өткізудің тиімді екендігін көр­сете білді. Форумға қатысқан меди­циналық қызметкерлер пациенттермен және балалардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасаудан баға жетпес тәжірибе алып отырғанын, сонымен қатар дәрігерлік қабылдау барысында талқылауға мүмкіндік бермейтін күр­делі мәселелер бойынша пікір алыс­ты. Онда балалар онкологиясы жетіс­тік­тері, проблемалары мен перспекти­валары жөнінде әңгіме қозғалды. «Вакциналау – дені сау ұлт» деген тақырыпта қатысушы жұртшылық сауалдарына мамандар толымды жауаптар берді. «Кел, ертегі суретін саламыз!» атты балалар суреттерінің еліміз бойынша өтіп жатқан байқауының қ­орытындысы шығарылды. Форум қонақтарының алдында Алматы қаласы балалар хирургиясы мен педиатриясы ғылыми орталығында ем қа­б­ылдап жүрген бүлдіршіндердің кү­шімен Қазақстанға еңбек сіңірген ұс­таз Мұқан Қуатбаевтың «Батыл вак­цина» қойылымы көрсетілді. Өнер көрсеткен бүлдіршіндер арасында Вика Тимофеева, Батырхан Жүсіп, Әмира Рысмаханованың өнерлері шынайы шықты.

«Сену және өмір сүру» атты әлеу­мет­тік-медициналық форум түрлі ме­­ди­циналық салаларда ақпараттық қол­­­жетімділікті дамытуға және сау­ық­тыру қызметтерін, жұқпалы жә­не ісік ауруларының алдын алу, диа­гнос­ти­калық, емдеу жетістігінің аясындағы жа­ңа табыстарды көпшілікке таратуға, сонымен бірге саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен ықпалын ти­гізетінін көрсетіп отыр. Балалардың қыл­қаламынан шыққан суреттегідей өмір де мөлдір күйінде әдемі бола бер­сін деп тіледік. Өйткені олар егемен елі­міздің ертеңі ғой.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ