Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Алмаз Нұразхан, экспедиция жетекшісі, поляк саяхатшысы және зерттеушісі Яцек Палкевич, Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры Андрей Хазбулатов және «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев қатысты.
Жиын барысында қатысушылар экспедиция барысында Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Ресей, Беларусь пен Польша арқылы өту жоспарланғанын жеткізіп, жобаның негізгі мақсаты – Ұлы Жібек жолының мәртебесін қайтару, жандандыру және Азия мен Еуропа арасындағы сауда керуендері арқылы қатынасқан елдердің мәдени байланысын нығайту екенін тілге тиек етті.
«Жаңа Жібек жолы – 2018» халықаралық экспедициясы – Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында іске асырылатын жоба. Сонымен қатар шара тарихшылар, археологтар мен этнографтардың қатысуымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында іске асырылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасымен сабақтасады. Бүгінгі күні біз осы бағытта үлкен жұмыс жүргіздік. Мәдени-тарихи белдеуге кіретін нысандардың тізімі жасалды. Қазақ ғылыми зерттеу-мәдениет институты құрастырған виртуалды карта іске қосылды. Жоспарланған экспедицияның нәтижелері мәдени мұрамызды толықтыруға мүмкіндік беріп, оны бүкіл әлемге әйгілейді», деп атап өтті Алмаз Нұразхан.
Экспедиция сәуір айында Қытайдан басталып, маусымда Польшада мәресіне жететінін айта кетсек дейміз. Оның барысын барлық қатысушы елдер бақылай алады, құрамы мен бағыты туралы ақпаратты және осы тақырып бойынша барлық жаңалықтар экспедицияның ресми сайтында (http://silkroad-2017.com.) жарияланады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»