Мария Егорқызы Рекинаның мазары Қорғалжын ауданына қарасты Сабынды ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан. «Туған жер» арнайы жобасы аясында аталған құлпытас туралы айтпасқа әддіміз жоқ. Өйткені кезінде қазақтың Дүйсен есімді жігітіне ғашықтық сезімінен туған әні арқылы орыс қоныс аударушысының қызы қазақ тарихынан ойып тұрып орын алды. Өзінің жігітіне арнаған әнімен халық жүрегіне жол тапқан қыздың арман-мұңы жатыр бұл әнде. Жастардың қосылуына екі ұлттың әдеп-ғұрыптарындағы өзгешеліктер кедергі келтірсе керек. Оның үстіне діни наным-сенімдері де басқа. Бірақ сол заманда да жүрекке, махаббатқа әмір жүрмеген ғой.
Бірде Марияны айттырып қойған көрші ауылдағы құдалары келіп күтіп отырады. Тағдырдың мұндай тәлкегіне көне алмаған қыз өзін қоярға жер таппай, құла дүзге қаша жөнеледі. Аты аңызға айналған «Дудар-ай» әні сол кезде туған деседі. Бұны естіген Дүйсен сүйіктісінің соңынан іздеп барады. Көп қиыншылықты бастарынан өткерген жастар тағдырдың тауқыметіне шыдап бағады. Олар өзен жағасында тұрып, қамыстан баспана тұрғызып мекен етіп жатады. Қазақ жігіті мен орыс қызының махаббаты туралы ғажап әңгіме күллі атырапқа жайылады.
Күндердің күнінде баласының тауқымет көріп жүргенін естіген Дүйсеннің ата-анасы екі жасты үйге алдырып, тойларын жасап берген екен. Қиындықтың қандайына болса да төзе білген ғашықтар ақыры өз дегендеріне жетеді. Бірақ олардың бұл бақытты шағы, жеңіске жеткізген қуанышты кезеңдері ұзаққа бармайды. Үйлену тойынан кейін-ақ Дүйсен патша әскері қатарына шақырылып, өз борышын өтеуге кетеді. Әскер қатарында жүргенде өкпе дертіне шалдыққан Дүйсен көп ұзамай қайтыс болыпты. Небәрі 18 жасында жесір қалған Мария уақыт өте қайта тұрмыс құрған.
Дүниеге төрт бала әкелген ана ретінде бақытты өмір сүріпті. Білетіндердің айтуынша, Марияның екінші күйеуі оның жанын жақсы түсінген кісі болған деседі. Алғашқы сүйген жары – Дүйсенді жүрегінің түкпірінде сақтаған Мария өзінің кейінгі күйеуін де қадірлеп, өмір бойы сыйлап өтіпті.
Реті келгенде ән авторы туралы бірер дерек айта кеткен жөн шығар. Мария Егорқызы Рекина 1899 жылы өмірге келген. Өз өмірінің көп бөлігін Қорғалжын ауданы Кеңбидайық ауылында өткізген ол Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып бара жатқан жерлестеріне әндерін арнап, жігерлендіріп отырған көрінеді.
Сол үшін де оған «Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілген. Ал оның «Дудар-ай» әні әлі күнге дейін айтылып келеді, қазіргі кең тараған әндердің бірі. Қытай елінде де танымал.
Ғашық жанның ішкі толғанысы мен ғашықтық сезімін білдіретін осынау бір ән тыңдарманын ерекше күйге бөлеп, бойдағы бар сүйіспеншілік сезімді оятады. Сонысымен де ән арада бір ғасыр уақыт өтсе де халық жүрегінен орын алып келеді. Ал Мария Егорқызы Рекина мазарының Ақмола облысы киелі жерлер картасына енуі өте орынды деуге толық негіз бар. Халық жадында сақталған есім тарих бетінен де өшпек емес.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы