Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Шахматтың жаңа түрі табылды

1506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде небір ойын түрлері бар. Соның ішінде адамдардың ой озықтығына әсер ететіндей шахмат ойыны бүгінгі таңда қарапайым қалыптан дамып, күрделеніп келе жатқаны белгілі. Олай дейтін себебіміз, күннен күнге шахматтағы шаршы саны өсіп, жаңа фигуралар қосылып жатыр. 

Шахматтың жаңа түрі табылды

Жүз шаршылы шахмат жайлы бұрын-соңды естіп келсек, жақында оны Қарағандыда ойнаудың сәті түскен. Жалпы жүз шаршылы шахматтың әлем бойынша осы күнге дейін 28 түрі бар екен. Біздің баяндайын деп отырғанымыз демек, 29-түрі.

Шахплей немесе ферзоконь деп аталатын жүз шаршылы шахматты ойлап тапқан талай тектілерге тұғыр болған қасиетті Ақтоғай өңірінің азаматы – Дәнелия Хамзин. Сексеннің сеңгіріне шыққан Дәнелия ақсақал саналы ғұмырының 56 жылын математика пәнінің ұстаздығына арнаған. Зиялы қарт бүгінде жағымды жаңалығымен қуантып отыр.

– Мен математик болғандықтан 1959 жылдан бері шахмат ойыны туралы әртүрлі ойларда келдім. Жаңадан ойлап тапқан ойынымның негізгі идеясы тақтадағы ат фигурасының жүрісіндегі ерекшелік пен кемшілікті ескеруден туды. Ал ат қазаққа пырақ есепті қасиетті ұғым екені белгілі.

Атақты шахматшылар Ботвинник пен Таль әлемі біріншілігінде ойнағанда ерекше жаңа жүрістер таппай, ақырында тең ойынға келіседі. Сол жылдары осы жүз шаршылы шахматтың алғашқы нұсқасын жасадым. Ойында екі ферзі, бір бүркіт (ойынға қосылған жаңа фигура осылай аталады) қана бар. Қалған фигуралар бұрынғы ретпен тігіледі. Ойынның артықшылығы да сол, бүркітте аттың да, ладья мен пілдің де жүрісі болғандығы, – дейді Дәнелия Хамзин.

– Ақтоғайдан көшкен немістер Германияға кетті. Солардан естігендері бар, Германия мен Жапониядан келген бірнеше шетелдік жігіттер маған жолығып жүрді.

Осы ойыны­ңызды бізге сатыңызшы деген қолқа да салды, – дейді ол.

Бұл ойынды 1959 жылдан бері ойнап келе жатқан адамдар да бар екен. Мәселен, Шай­молда Балықов есімді ардагер біздің өнер­тапқышпен өзара ойнап келген. Осыдан жеті жыл бұрын ақсақалдың жанашыр бауыр­ларының бірі жаңа ойын түріне қазақстандық авторлық патент алып беруді айтады.

Алпыс жылға тақау айтылмай, жазылмай келген жаңалық бүгін ғана жалғанның жарығына шығып отыр. Жуырда Әділет министрлігінен сертификатын алып берген де сол жан. Астанаға хабарласқан өнертапқышқа республикалық патенттің бір жылдан кейін ғана берілетінін және 200 мың теңге ақша екенін айтады.

 

 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы