Сотта анықталғандай, «Форте Лайн» ЖШС-нің директоры украиндық Б. мен «Траст-Премьер» ЖШС-нің директоры Т. 2014-2015 жылдары қасақана, пайдақорлық ниетпен, бөтен мүлікті алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен, ірі және аса ірі көлемде пайда табу мақсатында, Ақтау қаласы аумағында заңсыз инвестициялық компаниялар ашып, арнайы жарнамалар таратып, қала тұрғындарына жалған ақпараттар беріп, клиенттерге ыңғайлы және қолжетімді «Дом-35», «Дом-15», «Копилка» бағдарламалары арқылы жалған инвестициялық келісім шарттар жасақтап, ірі мөлшерде ақша алып отырған.
Яғни, сотталушы Б. 2015 жылдан бастап тұрғын үй алуға көмектесу мақсатында әр жәбірленушімен 1 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін әр түрлі көлемде жалған келісім шарт жасақтап, қаржылай шығын келтіріп отырған. Ал, Т. өзінің заңсыз ашылған компаниясы арқылы азаматтарға қаражат салған жағдайда аз уақытта үстем ақымен ақшасын қайтарып ала алатынын айтып, сеніміне кіріп, жалған инвестициялық бағдарламаға қызықтырып, 200 мың теңгеден бастап 4 млн теңгеге дейін әр түрлі көлемде жалған келісім шарт жасасып, қаржылай шығын келтіріп отырған.
Сот үкімімен Б. мен Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4 бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүліктерін тәркілеумен, сәйкесінше, 6 жылға және 5 жылға бас бостандықтарынан айыру жазалары тағайындалды.
72 жәбірленушінің азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылып, сот үкімінің азаматтық талап бөлігінде сотталушылардан олардың пайдасына келтірілген шығын көлемін толық өндіру туралы көрсетілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар үкімге он бес тәулік ішінде апелляциялық шағым беруге және апелляциялық наразылық келтіруге құқылы, делінген баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ, Ақтау қалалық сотында Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 мекемесінің басшысы Т.-ға қатысты сот үкімі жарияланды.
Сотта анықталғандай, сотталушы Т. мекеме бастығы қызметін атқарып жүріп, пайдақорлық ниетпен, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адам бола тұра, лауазымдық жағдайына байланысты пара алуға ықпал жасай отырып, жалпы қамқорлығы және жол берушілігі үшін мүлiк сипатындағы пара алу мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған. Яғни, жазасын өтеушілердің бірінен туыстары арқылы жаңа ноутбук алған.
Сот үкімімен Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 1 тармағымен кінәлі деп танылып, жеке меншігіндегі қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, «әділет майоры» арнаулы атағынан айырумен бірге, мемлекеттiк қызметтегі белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы