Жыл: 2017
Ел: АҚШ
Режиссер: Ли Анкрич, Эдриан Молина
Басты рөлдерде: Энтони Гонсалес, Гаэль Гарсиа Берналь, Бенджамин Брэтт, Аланна Юбак, Рене Виктор, Хайме Камиль, Альфонсо Арау, Херберт Сигенса, Габриэль Иглесиас, Ломбардо Бойяр
Сценарий: Ли Анкрич, Эдриан Молина, Мэттью Олдрич
Композитор: Майкл Джаккино
Продюсер: Джон Лассетер, Дарла К. Андерсон
Жанр: Комедия, Фэнтези, Детектив, Отбасылық, Қызық оқиғалы, Мультфильм, Мюзикл
Әлемдік премьера: 30 қазан 2017
Қазақстандағы премьера: 23 қараша 2017
Жас шектеуі: PG - Ата-аналардың қадағалауы ұсынылады
Ұзақтығы: 109 минут
Фильм сюжеті жан-тәнімен музыкант болғысы келетін 12 жасар Мигель есімді баланың арманына құрылған. Мигельдің арманы Мексикада аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғастыру. Ал оның отбасында музыкаға тыйым салынғаны сондай, үйдің ішінде бір де бір нотаның дыбысталмауы қатаң бақыланады. Отбасы етікшілікті ата кәсіп санайды, осы себепті де бала Мигель асқақ арманынан бас тартып, отбасылық кәсіпке мойынсұнудың аз-ақ алдында. Бұл қалада «өлгендер күні» мейрамында қайтыс болғандардың аруақтары өздерін әрдайым еске тұтып жүретін туыстарының үйіне келеді деген сенім тұрақтаған. Сондай күндердің бірінде Мигель әлдеқашан о дүниелік болып кеткен ата-бабаларын кездестіріп қалады. Осылайша әйгілі әншіні іздестіріп табуға жолға шығады. Мультфильм сюжеті әр әрекеттің арманға жасалған маңызды қадам екенін ұқтырып, көрерменді сырттай тілекші етіп қояды.
Pixar студиясының суретшілері бұл жолы өлілер мекенін тақыр далаға айналдырыпты. Тек әр бұрыштан қылтиған қырмызы гүлдерін тегін өсіп тұр деп ойлап қалмаңыз. Мексикада бұл гүлдің жұпар иісі аруақтарға жақындарының үйін адаспай табуға көмектеседі деген сенім қалыптасқан. Ал фильмдегі бас кейіпкердің бірі Данте атты иттің бейнесі үшін де суретшілер аз еңбектенбеген. Мәселен, жануардың мінезі мен анатомиясын игеру үшін студияға ксолоитцкуинтли породасына жататын итті арнайы алдыртыпты. Мұндай иттердің денесі жүнсіз келеді әрі тістері санаулы болғандықтан үнемі дерлік тілдері салақтап жүреді. Сонымен бірге фильмде майя, ацтек мифологиясында иттің от пен найзағай құдайы Ксолотль ретінде аталатындығы есепке алынған.
Мультфильмдегі Санта-Сесилья тұрғындарынан бастап о дүниедегі Эрнесто де ла Крустің кешіне жиналған қонақ-қаңқалардың киімі мексикалық бишілердің үлгісінен нақпа-нақ көшірілген. Картинадағы жан-жақты зерттеліп барып жазылған әңгімелер мен толымды кейіпкерлер бейнесі сыншылар тарапынан оң бағаға ие болды.
Сюжеттің өн бойында Мексика халықтарының салт-дәстүрі жатқаны туралы фильм режиссерінің мына сөзі аңғартады.
«Картинаны түсіреміз деп шешкен күні алғашқы экспедиция жасағын құрдық. Үш жыл бойы музейлерді, шіркеулерді, шеберханаларды, базаларды, Мехико, Оахакедегі молаларды түгел араладық. Тлаколула, Эль-Туле, Сан-Маркос, Абасоло тұрғындарымен тілдесіп, өмір сүру салты, сүйікті асы туралы сұрап білдік. Ең бастысы олардың отбасына деген шексіз сүйіспеншіліктеріне куә болдық», дейді Ли Анкрич өзінің сұхбатында.
«Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған фильм бүгіннен бастап ел кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Анимациялық фильмнің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, дубляж жұмыстарына 70-ке жуық маман жұмылдырылған.
Ая Өміртай,
«Егемен Қазақстан»