Конференцияда қазіргі терминжасам, терминқорды жүйелеудің мәселелері, Алаш қозғалысы зиялыларының қазақ терминжасам қағидаларын қалыптастырудағы орны, терминдерді реттеу, бірізділеу мен стандарттаудың маңызды теориялық және ғылыми-тәжірбиелік мәселелері қозғалды. Ғасыр басында академик Әбдуәли Қайдар: «...Өзіндік дәстүрі бола тұрса да терминология мәселесіне қайта оралудың қажеттігін танытып отырған үш түрлі себеп бар сияқты: бірінші себеп – ғылыми-техникалық прогрестің айнасы ретінде әрбір өркениетті ел терминологияның сақадай сай болуына ерекше мән беріп, замана талабына сәйкес оқтын-оқтын оның бағыт-бағдарын анықтап, үрдісін белгілеп отыруы тиіс; біз де сондай ел санатына жатамыз; екінші себеп – қазақ әдеби жазба тілі – мемлекеттік тілдің негізі, ал терминология мен ғылым тілі – оның жон арқасы, бүкіл рухани-мәдени өміріміздегі жаңалықтардың бәріне де сезімтал, өзгеріп отыруға өзі де бейім құбылыс; сондықтан да мемлекеттік әдеби тіліміздің бүгінгі күйі мен ертеңгі жағдайы терминологияның даму деңгейімен, реттілігімен, жүйелілігімен, тұрақтылығымен және қолданыс аясының кеңдігімен өлшенеді; үшінші себеп – қазақ тілі терминологиясы бүгінде әртүрлі объективті де субъективті жағдайларға байланысты белгілі дәрежеде дағдарысқа ұшырап отыр; қалыптасқан ғылыми принцип терминологиялық процеске бағыт-бағдар беріп, алдында жүрудің орнына, оның артында қалып, термин практикасы аяқасты болып қалды; осының нәтижесінде әркімнің өз білгенінше термин жасау немесе оны ауыстыру, алмастыру тәрізді бейберекет «бұқаралық» әрекетке (анархияға) жол беріле бастады; ал мұндай жаңа үрдістің бел ала бастауына ең алдымен тіліміздегі ұлттық және интернационалдық терминдердің ара салмағындағы табиғи үйлесімділіктің бұзылуы, ескі дәстүрдің біржақты дамуы себеп болып отыр», деген болатын.
Терминология мәселесіне байланысты мұндай ғылыми конференция 2011 жылдан бері өтпеген екен. Қордаланған мәселе атан түйеге жүк. Жиынның тізгінін ұстаған белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы мәселенің маңыздылығына тоқталып, терминология саласы тек қана тілші-ғалымдардың жұмысы еместігін, оған салалық мамандардың да көмегі қажеттігін айтты. «Алаш қайраткерлері әртүрлі ғылымдардың терминологиясын жасады. Қ.Сәтбаев алгебра, Б.Қаратаев заң, М.Жұмабаев психология, Ж.Аймауытов педагогика, А.Байтұрсынов қазақ тіл білімі мен әдебиеті терминдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Одан бері де Жолдасбеков, Дарханбаевтар да өз салаларының терминдерімен айналысқан. Терминология саласын тек қана тілші-ғалымдар иемденбей, салалық терминологияны жақсарту үшін мамандармен бірлесе жұмыс атқарған жөн», деді.
Тілдері дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш: «Латын графикасына көшу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сол ретте терминология мәселелерін де реттеп алғанды жөн санаймыз. Біздің министрлік осы жұмысқа тиянақты дайындалып отыр», деп ғалымдардың жұмысына табыс тіледі.
Жақсыбек Құлекеев жақында біздің газетімізде терминологияға қатысты үлкен мақала жариялаған болатын. Сол мақаласының өзегімен екі үлкен мәселені айтты. «Оның бірі, қазақ тілінде бар сөздерді немесе түркі тілінен орыс тіліне енген сөздерді қайта қазақ тіліне аудару, оны өз түпнұсқасында да қолдана берсек болмай ма? Екінші мәселе, халықаралық стандартқа кірген немесе әлем халықтары бірдей қолданатын сөздерді орынсыз қазақ тіліне аударып жүргенімізді орынсыз», деді.
Жиында терминология түйткілдері біршама қызу талқыланып, ғалымдар әлі де көп жұмыс күтіп тұрғанын айтып, басты мәселелердің басын ашты. Ендігі кезек ғалымдардың жемісті жұмысында.
Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»