24 Қараша, 2017

Әскери-патриоттық тәрбие қашан да қажет

1549 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның қатысуымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіруге арналған ведомствоаралық кездесу өтті. 

Әскери-патриоттық тәрбие қашан да қажет

Шараға Парламент депу­тат­тары, Қарулы Күштер қатар­ында қызмет ететін сала ма­мандары, мемлекеттік орган­дардың өкілдері мен әс­кери-патриоттық клубтардың және кадеттер класының тәрбиеленушілері қатысты.

Кездесудегі сөзінде сенатор Д.Назарбаева жас­тар арасында патриоттық тәр­бие жүргізу арқылы жоға­ры рухани-патриоттық қасиет­терді, Отан алдындағы міндет­терін терең сезіну мен азамат­тық жауапкершілік сезімін қалыптастыру – мемле­кет­тік органдардың, жастар ұйым­дарының, отбасы мен қоғамның мақсатты және жұмыла әрекет етуін талап ететінін атап өтті. «Оқу­шылардың ақыл-ой, рухани және күш-қуат әлеуетін іске асыра алатын мектептердегі әскери-патриоттық клубтар осы бағыттағы маңызды миссияны атқарады. Мектеп ішіндегі осындай құрылымдар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл болашақ патриоттар тәрбиелеуге өте жақсы мүмкіндік және оны барынша пайдалануға болады», деді Сенат комитетінің төрағасы.

Ал жиынға жетекшілік еткен Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов биылғы жылдың ақпан айындағы кездесуде Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалар салада өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. «Біздің бүгінгідей басқосуымыздың жастарға әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Осы мақсатта мұндай шараларға ардагер әскери мамандарымыз бен әскерилер отбасын және өзінің қызметтік борышын мінсіз атқарып жүрген жандарды мейлінше көбірек қатыстыруға тырысудамыз. Себебі олар біздің саланың майталман мамандары. Сондықтан да біз ондай азаматтарды қай кезде де кейінгі толқынға үлгі-өнеге ете аламыз. Әсіресе, елімізде жас әскерилер легін қалыптастыру мен олардың пікір алмасып, тәжірибемен бөлісу алаңқайларын ұйым­дас­тыру қай жағынан алсақ та ұтымды», деді С.Жасұзақов.

Бүгінде республика бойынша 101 кадеттер класы ашы­лып, ол жерлерде 2 800-ден астам жасөспірім білім алуда. Министрдің мәлім­деуінше, кадеттер класының тәрбиеленушілері әскери саланың негізін оқумен қатар, ментальді арифметика, бал биі, салт атпен жүру, қоян-қолтық ұрыс пен әдеп, шет тілі сынды салаға қатысты тәртіп-талаптарды оқып, үйренеді. 

Кездесуді қорытын­ды­лаған Парламент Сена­тының депутаты Дариға Назарбаева елімізде әрбір аза­мат үшін бейбітшілік пен тұрақ­тылықтың маңызы ерекше екенін алға тартты. «Бүгінгі таңда біз салиқалы саясат ұстанған тұрақты билігі бар ынтымағы жарасқан бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Ал өркениетке құлаш ұрған қазіргідей заман талабы қызық әрі қиындықтарға толы. Тіпті, білім алып, қызмет істеймін, айқын мақсатыма жетемін деп болашағыңды жоспарлай алудың өзі жас әскерлеріміз үшін зор бақыт», деді сенатор. Сондай-ақ ол кездесуге келген жас жауынгерлер назарын азаматтық парыз бен жауапкершілікті сезіну қабілетін қалыптастыру мәсе­лесіне де аударды. «Белгілі бір деңгейде қол жеткізген жетіс­тіктерімізді еселей түсу үшін бізге жас әскери құры­лым­дарды мемлекеттік деңгейде да­мыту мен қолдау бойынша бірегей республикалық бағ­дарлама қажет», деді Д.Назарбаева.

Жиын соңында Қорғаныс министрі С.Жасұзақов сенатор Д.Назарбаеваға «Eл қор­ғаны» бірінші дәрежелі ве­домстволық медалін тапсырды. Сонымен қатар кездесуге қатысушы тараптар арасында еліміздегі әскери-патриоттық жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»