Қазақстан • 24 Қараша, 2017

«Жыр тұнған Көкпектінің жағасында»

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Толағай тауының баурайындағы жұрт «айтыстың ақ бораны» атанған белгілі айтыскер, шежіреші, өлкетанушы, журналист Қалихан Алтынбаевтың 90 жылдық торқалы тойын ел есінде қаларлықтай тағылымды шаралармен атап өтті. Қазақ айтыс өнерінде есімі алтын әріптермен жазылатын ақын Жарма ауданында дүние есігін ашқанымен, саналы ғұмырын Көкпекті топырағында өткізгені белгілі. 

«Жыр тұнған Көкпектінің жағасында»

Қара сөздің зергеріне ар­нал­ған мерейтойлық шаралар легі Көкпекті ауылындағы тари­хи өлкетану музейінен басталды. Тұлға құрметіне арнайы ашылған залда ақынның жазған хаттары, мақалалары, кітаптары, айтыстарынан үзінділер, ұстаған домбыра­сы, үйдегі сағаты, ұзын са­ны 300-ге жуық жәдігер орын алыпты. Музейдің қор сақ­таушысы Клара Смайылова осын­дай құнды дүниелердің жинақталуына айтыскердің ұлы Қалбай мен келіні Үміт көп көмек көрсеткенін айтады.

Бұдан кейін ақынын ардақ­таған жұрт Қ.Алтынбаев атын­дағы Мәдениет үйінің алдына жиылып, мерейтой иесінің кеу­де мүсінінің ашылу салтанатын тамашалады. Осы жерде бір топ айтыскерді бастап келген Жүрсін Ерман, ақынның шә­кірті, Семейдегі халықтық ақындар орталығының жетек­шісі Дәмеш Омарбаева сынды тұлғаның көзін көрген қонақтар айтыстың бәйтерегі жайындағы тұшымды естелік­терін ортаға салды. Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Са­ған­дықов тағылымды шара Ел­басының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталып өтіп жатқанын тілге тиек етті. Ұлы Қалбай әкесінің Көкпекті топырағындағы еңбек­теріне кеңінен тоқталып, әуелде аудан­­дағы қазақ тілі қоғамын бас­қарып, жер-су атауларын өзгертуге үлес қосқанын, 1994 жылдан бастап шежіреге, тарихқа бет бұрып, талай жерге қызметке шақырса да бас тартып, елден кіндік үзбегенін айтты.

Айтыскердің тойы ай­тыс­­сыз өткен бе? Түс ауа ай­тыс­сүйер қауым Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Аспан­бек Шұғатаев, Оңғар Қаб­денов бастаған азулы ақын­дар мен Серік Қуанған, Манар­бек Сатыпалды, Марат Ахме­тов, Тоба Өтепбаев, Жас­ұлан Мақаев қостаған жас ақындардың өне­рін тамашалады. «Жыр тұн­ған Көкпектінің жағасында» ат­ты бес сағатқа созылған сөз дода­сының ақтық сынына жұрт алдын ала болжағандай, 4 ақын (Ринат Зайытов-Серік Қуанған, Рүстем Қайыртайұлы- Аспан­бек Шұғатаев) суырылып шық­қанымен, суперфинал болатынын ешкім де күткен жоқ еді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, суперфиналға Ақсуаттың тумасы Рүстем мен Аягөздің жүйрігі Ринат шығып, ежелгі қарсыластар елдің айызын қандырған айтыс жасады.

«Бір кезде айтысты өлтір­меу­ге, өзінің бойындағы қанын құйған, Қалихан ақсақалдың қай жері кем, елі үшін хас батырдан жанын қиған» деп сөз сабақтаған Рүстем Қайыр­тайұлы мерейтой иесінің ел­ білмейтін қырлары мен сыр­­ларына тереңнен үңіліп, айтысқа тас түйін келгендігін анық аңғартты.

«Қалихан де­ген әуелі, Әли­­хан деген бала еді» деп жыр толғаған атақ­ты қарсы­ласы айтыстағы ізбаса­ры­ның қарымына сүйсі­ніп: «Қабан­байд­ай атқа қонсаң расында, Боранбайдай қолдап жү­рем қасыңда» деп ағалық қам­қор­лығын танытқанымен, қа­­­­зы­лар алқасы бас жүлдеге Ринат Зайытов лайық деп ше­шім қабылдады. Осылайша, бірінші орынды 12 жасында ақыннан бата алған Рүстем Қайыртайұлы еншілесе, екінші орын Аспанбек Шұғатаевқа, үшінші орын Серік Қуанғанға бұйырды. Көкпектілік жас ақын Жасұлан Мақаев аудан әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы

Суретті түсірген автор