Осы мәселенің себептерін анықтау мен шешу жолы төңірегінде өңірімізде облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Облыстың аудан, қалаларында отбасының беделін көтеру, неке және отбасы құндылықтарын дәріптеу және қоғамның гендерлік мәдениетін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобаны және Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау мақсатында «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасымен бірлесіп облыстағы барлық қалалық, аудандық кітапханалардың қатысуымен «Жақсы дәстүр – отбасының тірегі» тақырыбында кездесулер өткізді.
Бұл кездесулердің ерекшелігі – кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен салт-дәстүр мен отбасы тақырыбы бойынша кітап көрмелерін және ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында көріністер көрсетілді. Шымкент қаласында Отбасы күніне орайластырылған кездесу «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өте мазмұнды өтті. Кездесуге арнайы шақырылған ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры К.Айдарбекова, Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Ж.Тағаев және аталмыш орталықтың қызметкерлері, облыстық дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Ұ.Алиакбарұлы, Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Б.Жандосова, психолог Г.Малғайдарова сөз алып, отбасы және оның құндылықтары мәселесін діни, әлеуметтік-экономикалық, саяси және психологиялық тұрғыдан жан-жақты талқылады. Аудан, қалаларда өткен кездесулерге жергілікті тұрғындар, оқырмандар, студенттер мен оқушылар, жас және көп балалы отбасылар қатысып, өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.
Ардагерлер кеңесі, Әжелер алқасы мүшелері, мұғалімдер мен ардақты аналар тәрбие жөнінде тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға батасын берді. Бірнеше жылдан бері «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі дайындап түсірген бейнероликтер мен бейнефильмдер көпшілікке ұсынылып талқыланды. Бейнефильм кейіпкерлері кездесуге арнайы шақырылып сөз сөйлеп, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды ұмытпауға, насихаттауға шақырды.
Сонымен қатар жоба аясында «Отырар» телеарнасы студиясында Облыстық әйелдер кеңесі, «Арулар» әйелдер клуб мүшелері, БАҚ өкілдері мен жастардың қатысуымен «Берік отбасы – күшті мемлекет» атты телебаян түсірілді. Басқосуға өңіріміздегі үлгілі отбасылар шақырылып, бақытты отбасын құру және сақтау мәселесі төңірегінде бағыт-бағдар беріп, кеңестерін ұсынды. Педагогтар әулеті Ибашевтар, спортшылар әулеті Төлегеновтер отбасындағы өмірлік тәжірибелері жайында әңгімелеп, бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті.
Жоба аясында «Жақсы дәстүр – отбасының тірегі» атты ақпараттық-әдістемелік кітапша шығарылған. Кітапша іс-шараға қатысушылар мен облысымыздағы кітапханаларға таратылды. Осы тақырыпта Шымкент қаласының үлкен көшелері бойларында 2 билборд ілінді. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды насихаттау бағытында 2 бейнеролик даярланып жергілікті теларнадан көрсетілді. Отбасылық тақырыпта Тассай елді мекенінің тұрғындары Құдайбергеновтер әулеті туралы бейнефильм түсірілді. Жоба бойынша сенім телефоны қызмет атқарады. Бүгінгі таңда сенім телефонына 50-ден аса отбасылық жағдай бойынша сұрақтар келіп түскен.
Келіп түскен сұрақтарға арнайы белгіленген маман жауап беруде. Былтырғы жылы сенім телефонына тек облыс тұрғындары қоңырау шалса, қазірде еліміздің басқа да өңірлерінен сұрақтар мен ұсыныстар түсуде. Сенім телефоны арқылы тіркелген мәселелер республикалық «Қызмет» газетінде жарияланып отырады. Бұл атқарылып жатқан іс-шаралардың негізгі мақсаты қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын, қазақстандық қоғамда отбасы институтының құндылықтарын кеңінен насихаттау болып табылады.
Дана МАМАНОВА,
«Ғаламат» қоғамдық
бірлестігінің төрайымы
Оңтүстік Қазақстан облысы