Жұма күні Лас-Вегастағы кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері Бейбіт Шүменов WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Испандық Габриэль Кампильо бұған өткен жылы тамызда Қазақ елінде ие болған.
Лас-Вегас рингіндегі 12 раундқа созылған жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілердің есебі екіге жарылыпты. Мысалы, олардың екеуі Б.Шүменов ұтты десе (117-111 және 115-113), біреуі Г. Кампильо жеңіске жетті (117-111) деп төрелік айтқан. Осыны бетке ұстаған испандық боксшының промоутері Сэмпсон Левкович әділ қазыларға айып салдырып, оларды бұдан былай төрелік ету құқынан айыру үшін WBA ұлықтарына қарсылық жазбақшы. Егер де оның арызы дұрыс деп қабылданса, екі мықтының арасындағы қарымта кездесу тағы да өтетіні белгілі.
Дегенмен, Бейбіт Шүменов өз еліндегі енді дамып келе жатқан кәсіпқой бокс мектебінің де осал емес екенін АҚШ-тың ең атақты рингінде танытты деуге әбден болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жағымды жаңалық
ПӘТЕР КІЛТТЕРІ ТАПСЫРЫЛДЫ
Отбасын құрап, шаңырақ көтерілгеннен кейінгі адамға қажеттісі баспана. Бүгінгі қаржы дағдарысы кезінде екінің бірі үй салып, әлеуметтік-тұрмыстық қажетін өтеуге, жағдайын жақсартуға мүмкіндігі бола бермейтіні анық. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауларында тұрғын үй бағдарламасына байланысты жүргізілген жұмыс барысында әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылғандар мен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерін баспанамен қамту мәселелері оң шешімін тауып келеді. Өткен жылы Талдықорған қаласында жалпы көлемі 4,5 мың шаршы метрді құрайтын екі тұрғын үй салынып, қосымша 80 пәтерлі жатақхана күрделі жөндеуден өткізіліп, баспанаға мұқтаж жандарға берілген болатын.
Жаңа жылда еліміздегі тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес жоғарыдағы талаптарға сай кезекте тұрған мұқтаж жандарға 20 пәтерлі үйдің кілттері тапсырылды. Арендалық үйдің бір бөлмелі пәтеріне коммуналдық шығындарын қоспағанда, айына орта есеппен 4000 теңге, екі бөлмеге 8000 теңге, үш бөлмеге 12000 теңге арендалық төлем төленеді екен.
Пәтер кілттерін салтанатты түрде жаңа қоныс иелеріне тапсырған облыс әкімі Серік Үмбетов қаңтар айының соңында тағы да 45 пәтерлі коммуналдық үй пайдалануға берілетінін жеткізіп, жаңа жылда шаңырақтарыңызда шаттық болып, бүгінгі қуаныш молая берсін, деген тілекпен елді бір серпілтіп тастады.
Сапалы салынған пәтерлерге кіргендер өздерінің қуаныштарын жасырмай Елбасына деген ыстық ықыластарын білдіріп, шашу шашып, бірін-бірі құттықтап жатты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Бір ауыз сөз
ОЙДЫ ОЙ ҚОЗҒАЙДЫ
Жетпіс жылдан бергі ақылшым “Егеменде” жарияланған павлодарлық профессор, филология ғылымдарының докторы Қуандық Мәшһүр-Жүсіптің: “Жаңа жылда оқырманның сүйікті газетінен тың ойлар күтуі заңды құбылыс”, дегенін құптай отырып, “cоциализмнен безгеннің жөні осылай екен деп, социализм кезінде жеткен рухани табыстарымыздан, игі дәстүрлерімізден бас тарта беруіміз қалай болар екен?” деуін салиқалы ой деп ұқтым.
Асылы, адамды адами көркемдікке баулудағы күшті рухани тәсілдің бірі сын ғой. Тіпті, жас сәби тәй-тәй басқаннан: “Құлайсың, олай етпе, былай ет! Мынау жаман, мынау жақсы”, деп мейірбандық таныту – сынның әліппесі емес пе еді. Сәбидің жан-жағын барлап, ой жүгіртуі осылай ширамас па! Сондықтан да бабаларымыз: “Сын түзелмей, мін түзелмейді”, деп түйген. Бұл – нағыз адам болудың алғашқы қадамы өзіңді өзің сынаудан басталады деген сөз.
Социализм дәуіріндегі рухани жетістіктеріміздің бірі талай даналар айтып кеткен: “Сын мен өзара сын – қоғамның қозғаушы күші”, деген қағида еді. Меніңше, сын мен өзара сын – қоғамды сауықтырушы, оны сан алуан дерттен тазартушы күш. Адам да жуынып-шайынып, тазарып тұрмаса, тәнін кір басады, дертке шалдығады. Сондай-ақ, өзіне сын көзбен қарай алмаған қоғамның, сөйтіп, табиғи жат қылықтардан арыла алмаған қоғамның құрдымға кеткеніне тарих куә.
Біздің қоғамдағы аса жабайы, жат қылықтар: адамдардың жан-тәні жалаңаштанып, жадағайланып барады. Осындай шақта пенденің ар тазалығын, асқақ рухын қалай сақтап қала аламыз? Ардан туған, арман қуған аяулы азаматтарды сатқындық, сұрқиялық құрбандығынан қайтсек құтқарамыз? Қоғамға жат осындай дерттің дендеуі қоғамдағы сын мен өзара сынның әлеуметтік өмірімізден аласталуынан деп ұғамын.
Мен, қарт журналист қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында парақорларды, жемқорларды, зымиян алаяқтарды әшкерелейтін сынның аздығына таңданамын.
Жемқорлыққа қарсы күресуге шақырған он ұраннан алаяқтардың бет пердесін сыпыратындай журналистің бір сыны артық деп білемін. Өйткені, атақты Марк Твен: “Дүниеге жарық беріп, сәуле шашатын екі-ақ күш бар. Оның бірі – аспандағы Күн, екіншісі – жердегі Журналист” деп еді ғой.
Ғайыс ЕГЕМБЕРДИЕВ, соғыс және еңбек ардагері. Талдықорған.