Мемлекет басшысы тапсырған жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу жөніндегі міндеттердің орындалу жайынан хабардар еткен Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай өркендегенін айтты. Биылғы жылдың он айындағы көрсеткіш бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,2 пайызды құраған және мұндай қарқын барлық секторда байқалған. Ал биылғы алты айдағы жағдай бойынша еңбек өнімділігі 14,5 мың АҚШ долларына жетсе, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2017 жылдың 8 айында 23 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құраған.
А.Айдарбаевтың айтуынша, бүгінде министрлік «Индустрия 4.0»-ге көшу бойынша белсенді жұмыс атқарып, осыған қатысты өнеркәсіп саласына талдау жүргізген. 600-ден астам кәсіпорын зерттелген жұмыстың қорытындысында олардың 20 пайызы материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан, кадрлық-ұйымдастырушылық тұрғысынан төртінші индустриялық деңгейге өтуге дайын екені анықталған. Бұл жағынан алғанда кен өндірісі саласындағы көрсеткіш шамамен 40 пайызды құрайды.
Әлбетте, цифрлы технологиялар негізінде құрылатын индустриялық даму барысында бизнес саласына да инновациялық жобаларды көбірек тарту қажет екені белгілі. Осыған орай кәсіпкерлік саласын жаңа бағытта дамыту, оған «Индустрия 4.0» технологияларын енгізуді дәріптеу үшін бірқатар шаралар қолға алыныпты. Айталық, бизнеске көмек ретінде модельді цифрлы фабрикалар құрылады. Осы жылдың соңына дейін аталған модельді нұсқа қанатқақты жоба ретінде кейбір кәсіпорындарға енгізіледі. Осыдан кейін цифрландырудың жол карталары әзірленетін болады.
Баспасөз конференциясы барысында «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу қазақстандық кәсіпорындардың жедел дамуына ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, өнеркәсіпті цифрландыру бірінші кезекте өндірістік шығындарды азайтып, еңбек жағдайы мен еңбек өнімділігін жақсартады. Ең бастысы, индустрияның жаңа кезеңіне өту отандық кәсіпорындардың арасында бәсекелестікті дамытады.
Жалпы, «Индустрия 4.0» ретінде белгілі төртінші өнеркәсіптік революция бүгінде жаһандық экономикалық маңызы бар тенденцияға айналды. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикалық құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Ақпараттық коммуникациялық технология кеңінен қолданылатын жеделдетілген индустрия Қазақстан өнеркәсібін жаңаша сипатта дамытып, қолданыстағы жүйені жеңілдетуге ықпал етеді. Мұның бәрі айналып келгенде экономикамызға оң әсер етіп, еліміздің әлемдегі 30 озық елдің қатарына кіруіне мүмкіндік жасамақ.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»