Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Тендер төңірегіндегі түйткілдер

492 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сатып алуға қа­тыс­ты мәселе жиі көтерілетіні жа­­с­ырын емес. Елбасының қаты­суы­мен биылғы ақпанда өткен Үкі­меттің кеңейтілген отырысын­да мемлекеттік сатып алулар жүйе­сі әділ сынға ұшырағаны да ел есінде. Бұл орайда Үкіметте жүйе­нің өзгеріп, нақты шаралар қа­был­да­натыны да айтылған болатын. Пре­мьер-Министрдің «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы талқыланған жиында «Ақ­ша игерілмейді, тендерлерді кеш өткізеді. Сонда қалай? 

Тендер төңірегіндегі түйткілдер

Үлкен аға­тайларымыз тендер ойнап жү­ретіндіктен, балалар зардап шегіп отырады. Осыны түбегейлі шешу керек», деп қынжылғаны да ұмытыла қойған жоқ. Өкінішке қарай, өңірлерде мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұзушылықтар әлі де азаймай отыр.  

Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылдың 10 айында жүргізілген камералдық бақылау бойынша 83 995,7 миллиард теңгені құрайтын 3585 лот бойынша заң бұзушылық анықталған. Бүгінгі таңда департаменттің 10 хабарламасы бойынша 2 мекеменің есепшоты жабылған. Жыл басынан бері жалпы 15 мекеменің есепшоты жабылып, 27 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылған, 88 мемлекеттік қызметкерге әкімшілік шара қолданылған.

Жуырда Қаржы министрлігі Ішкі мем­лекеттік аудит комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі аудит де­партаменті биылғы жылдың 10 айын­да мемлекеттік сатып алу саласында жүр­гізілген камералдық бақылаулардың нә­тижелері бойынша семинар өткізді. Осы семинарда аудиторлар бірқатар кем­ші­ліктердің бетін ашты. Деректердің тоқ­ете­рін айтсақ, мемлекеттік сатып алуды ұй­ым­дастыруда заң бұзушылық көп, тендер әділ өтпейді. Бір мердігердің мүддесін қор­ғау үшін, бәсекелес компанияларды тендерден тайдыру үшін негізсіз талаптар қоятындар бар. Аталмыш департамент басшысы Батырбек Көшербай семинарда заң бұзушылықтарға қатысты Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт аудандары, Шымкент қаласы бойынша бірнеше мысалдар келтірді.

Нақтырақ айтсақ, Сайрам аудандық әкімдігі жариялаған құрылысқа қатысты тендерлерде «А строй проект» ком­паниясы 15-тен астам лот бойынша жеңімпаз деп танылған. Ал тексеру барысында 10 конкурстың заңға қайшы өткені анық­талыпты. Департамент тарапынан заң бұзушылықты жою жөнінде ұсыныс бе­рілгенімен, әкімдік орындамаған. Ұсы­ныс орындалмаған соң құрылыс бөлі­мі­нің есепшоты жабылады. Әкімдік осыдан кейін сот төрелігіне жүгінген. Сот департаменттің талабын орынды деп табады. Алайда әкімдік бұған да келіспестен, облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым берген. Осы арада аудан әкімдігі не себепті шапқылап жүр деген заңды сұрақ та туындайды. Департамент басшысының айтуынша, әкімдік төрт ай уақытын сарп еткенімен, құрылыс бөлімінің есепшоты әлі күнге ашылмаған. Өкініштісі сол, бөлінген қаржы игерілмеді.

Дәл осындай жағдай Сарыағаш ауданында білім беру нысандарын күрделі жөндеу үшін жарияланған тендерлерде де орын алыпты. Аудиторлардың айтуынша, әкімдік әу бастан-ақ заңға қайшы әрекетке барған. Тендерді заңға сәйкес білім бөлімі емес, құрылыс бөлімі өткізген. Онымен тұрмай, конкурс үш айдан астам уақытқа кеш жарияланған. Тексеру барысында заңсыздық анықталып, оны қалпына келтіруге ұсыныс беріледі. Алайда жауаптылар талапқа мойынсұна қоймапты. Нәтижесінде қымбат уақыт бос әуремен өтіп, қыруар қаржы уақтылы игерілмеді.

Мемлекеттік сатып алу конкурсын өт­кі­з­у­шілер арасында қисынсыз талаптар қоя­тын­дары да бар екен. Мысалы Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қаладағы «Ұлағат» шағын ауданын газбен қамтамасыз ету жұмыстарына тендер өткізеді. Жобаның сараптамалық құжаттарында бұл жұмыс­тарға 41 техника мен құрал-жабдық талап етілген. Бірақ тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы тендерді жариялаған кезде қатысушылардан 87 техника талап еткен. Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де Қасымбек датқа ауылында газ құбыры жұмыстарын жүргізуге жариялаған тендерде жобадағы 30 техниканың орнына 87 техниканы талап еткен. Ал Қазығұрт аудандық құрылыс бөлімі мектептерге газ құбырын тарту жұмыстарына жариялаған тендерде көшедегі газды кіргізу үшін 54 техника талап етіпті. Мектеп пен негізгі газ құбыры арасындағы әрі кетсе 500 метрлік жерге құбыр тарту үшін 54 техниканы талап етудің қандай қажеттіліктен туындағаны беймәлім.

Алайда мұндай талаптардың астарында белгілі бір мүдде жатқан секілді. Олай дейтініміз, Бәйдібек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Ақбастау ауылына газ құбырын тарту үшін жариялаған тендерінде де қатысушылардан 32 тонналық мосылық кранның болуын талап еткен. Сөйтіп ұйым­дастырушылар 18 әлеуеттік өнім бе­рушіні шеттетіп, біреуін жеңімпаз деп тапқан. Қажет емес техниканы талап етудің мәнісі осында жатқан сияқты. Осы «тәсілді» Шымкент қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де қолданыпты. Бөлім қаланың орталық көшелеріндегі автобус аялдамаларын орнату үшін жариялаған тендерінде қатысушылардан 85 техника талап етіп, оның ішінде 100 тонналық шынжыр табанды техника болуы шарт екенін көрсетіпті. Ішкі аудит департаментінің басшысы Б.Көшербайдың айтуынша, тендерге қатысу кезінде әлеуетті өнім берушілер тауарды белгілі бір мекемеден алатыны туралы сертификат тапсырады. Жеңімпаз болған соң бұл уәделерін ұмытып, жалған құжат өткізетіндері де бар екен.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»