Қазақстан • 24 Қараша, 2017

Айқын аграрлық саясат қажет

2115 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана клубының кезекті отырысында жаһандық азық-түлік дағдарысының жақындап қалғанын айтқан еді. Шындығында БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай ғаламшар тұрғындары 9 миллиардқа жетпек. Азық-түлік тұтыну көлемі өсуде, ал құнарлы жер көлемі азаюда. 

Айқын аграрлық саясат қажет

Әлем бойынша 795 миллион адам аштық қасіретін басынан өткізуде. Бұған қарсы тұру үшін бірінші кезекте ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту керек. Ол үшін мемлекет орта есеппен ІЖӨ-нің 10 пайызын осы салаға бөлуге тиіс. Өкінішке қарай, Африка және басқа да елдерде ол мөлшер 1 пайыз шамасында.

Ауыл шаруашылығын дамыту проб­лемасы Қазақстанда да көп­ші­лікті алаңдатса керек. Әр­бір адам – азық-түлік өнімдерін тұ­тынушы, тамақ қымбаттай бас­тағанда маза кетуі заңды нәр­се. Ол отбасының бюджетіне әсе­рін­ ти­гізеді. Статистикалық мә­лі­мет­­терге зер салсақ, ауыл ша­руа­шы­­лығы жыл сайын дамуда, мол ас­тық жиналуда, мал басы өсуде. Алай­да, оның халық пайдаланатын өні­мі, яғни азық-түлік қымбаттау үс­тінде. Нарық заңдылығы бойын­ша ұсыныс көбейгенде баға тө­мен­­дейді, ал тауар аз болса ол қым­­баттайды, тапшылық басталады. Үкімет, Ауыл шаруашылығы ми­­нистрлігі қарап отырған жоқ, бір­де ана салаға басымдық беріп, бір­де мына саланы өркендетейік деп жанталасып жатқаны анық. Жа­ғалай жүгіріс. Мен айтар едім, бет­алды жүгіріс деп. Неге?

Жұмыс көп, нәтиже аз. Нәтиже деге­німіз – халықты қолжетімді жә­не қажетті көлемде азық-тү­лік­­пен қамтамасыз ету. Ең бас­ты­сы, бұл мемлекеттің азық-тү­лік қау­іпсіздігі. Бұған не себеп де­ген сұрақ туады. Менің пікір­ім­ше оның бірнеше себебі бар.

Бі­рін­­шіден, Қазақстан Үкіметінің ай­қындалған, көпшілікке түсі­нік­ті аграрлық саясаты жоқ. Конс­титуцияның 66-бабында «Қазақ­стан Республикасының Үкі­меті мем­лекеттiң әлеуметтiк-эко­но­ми­калық саясатының, оның қор­ға­ныс қабiлетiнiң, қауiп­сiз­дi­гiнiң, қо­ғамдық тәртiптi қам­та­масыз ету­дiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi жә­не олардың жүзеге асырылуын ұй­ым­дас­тырады» делінген. Яғни  эко­но­миканың барлық салаларында әр кезеңге арналған саясат болу керек. Саясат деген сөзді әр саланы дамыту бағыты мен оны орындау тәсілі деп түсінген жөн. Мысалы  менің түсінігімде, қазіргі агросаясат – ауыл шаруашылығы өнімдерін экс­портқа шығару. Яғни халықты та­мақтандырудың камы емес, кә­сіпкерлерді қолдау. Осыдан 7-8 жыл бұрын бұл саясаттың ша­рық­та­ғаны соншалық, бидай экс­порт­т­а­ғандарға бюджеттен тоннасына 40 АҚШ доллары қосымша тө­лен­ген болатын.

Екіншіден, біржақтылық басым. Негізі аграрлық саясат жан-жақ­ты, кешенді болуы шарт. Ол ауыл экономикасына қатысы бар субьектілердің бәрін қамтуы тиіс.

Үшіншіден себеп, тиімділігі дәлел­денген өндіріс пен адамдар­ды жұмыспен қамту факторы бар са­­ланы қаржыландыру керек. Бюд­жет ақшасы – қайтарымды, несие – қолжетімді болуы шарт.

Өткен жылдың басында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде Президент Н.Ә.Назарбаев экономикалық өсім­нің негізгі қозғаушы күшінің бірі аграрлық сектор екендігіне на­зар аударып, қай бағытта жұмыс іс­теу керектігін қадап айтты. Азық-түл­ік­пен алдымен ішкі нарықты қам­т­амасыз ету, сонан соң облыс, өңір­аралық байланыс орнатып, ар­тық өндірілген тағам ресурстарын бір-бірімен алмастыру керек екен­дігі айтылды. Түсіне білген адам­ға бұл жаңа жұмыс бағыты, жа­ңа аграрлық саясаттың негізі еді. Әлі де кеш емес, Елбасының осы ай­тқанына Үкімет тереңірек үңіліп, қа­зір­ден бастап жаңа аграрлық сая­сат түзеуі керек деген ойдамыз.

Ал қазіргі «Экспорт, экспорт жә­не экспорт!» саясаты үшінші кез­ең­дегі шаруа болу керек. Бірінші кезектегі жұмыс – облыстар мен аудандардың тағамның негізгі түрлерімен өзін-өзі кем дегенде 80 пайызға қамтамасыз етуі. Екінші қадам – облыс пен аудандардың азық-түлік ресурстарымен бір-бірін қамтамасыз етуі. Бұл жерде Елбасы айтқандай, басты рөлді жергілікті атқарушы органдар ойнайды. Ал қазіргі саясат бойынша бар билік пен ресурс Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның «ҚазАгро» сияқты көптеген құрылымдарының қолында. Сон­дық­тан бюджеттен бөлінген қы­руар қаржы ауыл өндірісіне уа­қтылы жетпей жатыр.

Жуырда ғана Премьер-Мини­стр Б.Сағынтаев Үкіметте елі­міз­дің агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында мемлекеттік агроөнеркәсіп сая­сатын жетілдіру, сондай-ақ агро­өнер­кәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын іске асы­ру мақсатында әзірленген АӨК-тің басым бағыттарын дамы­ту карталары қаралды. Ол 13 ба­ғыт бойынша әзірленіпті. Атап айт­қан­да, ауыл шаруашылығы коопе­рациясы; аграрлық қайта өңдеу; АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жарақтандыру; тұқым ша­руа­шылығы; фитосанитарлық іс-шаралардың тиімділігін арттыру; аг­рохимия; жем-шөп өндіру (жем-шөп теңгерімі); көтерме-үлес­тіру орталықтары; егіндікті ай­налымға тарту; отарлы қой шаруа­шы­лығы; аг­рарлық ғылымды тү­бе­гейлі жа­ңғырту; сиыр еті өн­ді­рісі; мем­лекеттік қолдау шараларын же­тілдіру. Бұл картаны жаңа аг­рар­лық саясат деуге бола ма? Мен мұны алдағы төрт жылда он үш бағытқа нәтижесіз жүгіру дер едім.

Егер басым бағыттар осылар болса, сонда басқа са­лалар – жылқы, түйе, құс ша­руа­­шылығы, малды асылданды­ру, ветеринария жұмыстары, кө­көніс, бақ­ша, қызылша, омарта ша­руа­шылығы және тағы бас­қа­лары кө­лең­кедегінің күнін кеше ме? Аг­рарлық саясат барлық салалар мен ірі өндірістерге ортақ бо­луы керек еді ғой. Мысалы өн­ді­­рісті ұйымдастыру ісі ірі ша­руа­­­шылық па, әлде фермерлерді қол­­дау ма? Біржақтылық дұрыс па? Малды асылдандыру ісі шетел­ден асыл тұқымды малды жап­пай та­су ма, әлде тек асыл тұ­қым­ды бұқаларды ғана әкеліп, олар­ды қолдан ұрықтандыру ар­қы­лы өсі­ру ме?! Ауыл өндірісін қар­жы­­ландыру тек субсидия бөлу ме, әлде жеңіл қайтарымды несие беру, фъючерстік келісімдер ар­қылы жұмыс ұйымдастыру ма? Жер­гі­лікті жерлерде бюджет­тен қыруар ақ­ша шығарып, тұрақтандырушы азық-түлік қорларын ұстау, ондағы сақ­талатын іріп-шіріп жататын өнім­дер керек пе, әлде жергілікті жер­­дегі тауар өндірушілерге мем­ле­кеттік тапсырыс арқылы ақ­ша бө­ліп, өндірген тағамын қол­же­тім­ді бағамын халыққа сат­қыз­ған дұрыс па?

Егер қазірден бастап уақыт жо­ғалтпай жаңа агросаясатты ай­қындап, іске кірісетін болсақ, ол өз жемісін береді деп санаймын. Ол үшін ешқандай қосымша қаражаттың да қажеті жоқ. Бас­т­ы­сы – ауыл экономикасын мем­ле­кет­тік реттеу тетігін дұрыс па­й­да­ла­ну. Ауыл шаруашылығы ми­ни­стр­лігі «Агробизнес-2020» бағ­дар­ла­масы аясында өз жұмысын істей бере­ді, бір-біріне кедергісі жоқ, тек си­нер­гиялық әсер болады. Менің пай­ымдауымша, бізге тек тоғыз ба­­ғытта жұмыс ұйымдастыру ке­рек. Оны санамалап айтып өтей­ін.

Бі­рін­шіден, еліміздегі ауыл шаруа­шы­лығының дамуын тікелей азық-түлік өндірумен байланыстырып, оны бағалайтын өлшем мен талапты өзгерту керек. Ол үшін адамның фи­­зиологиялық (рационалдық) нор­­масын (стандартын) қайта бекі­ту қажет.

Екіншіден, арзан еңбек ресурс­та­рын тиімді пайдаланудың ма­ңы­зы зор болмақ. Ол дегеніміз өзін-өзі жұ­мыспен қамтып жүрген 2,3 млн адам мен үй шаруашылығындағы 802 мың адам. Барлығының басын қосу үшін «кооперациялық ша­руашылықтар» (коопхоз) ұйым­дастыру керек. Бұл кеңес дәу­ірін­дегі ұжымдастырудан бөлек, ерік­ті түрде, экономикалық қы­зы­ғушық негізінде құрылуы ти­іс. Соның арқасында қосымша мың­даған жұмыс орны ашылады, жұ­мыс­сыз­дық үшін жәрдемақы алатындар азаяды. Ең бастысы, халық ұй­ым­дасқан түрде азық-түлік өндіре бас­тайды.

Үшіншіден, жергілікті әкім­ші­лік-басқарудың әлеуетін тиімді пай­далану керек. Жаңа аграрлық сая­сатты орындауды бірінші кезек­те ауыл әкімдеріне жүктеу қа­жет. Елуінші жылдардағы «отыз­мың­дық­тар» тәжірибесін пайдаланып, қазір әкім болып жүрген мұ­ғалім, спортшылардың орнына орта­лықтан «мың білікті маманды» басшылыққа жіберуге бола­ды. Оларға қосымша функция бе­ріп, астарына министрлердің «джип­те­рін» алып берген жөн. Қалаға он­д­ай көліктің қажеті жоқ.

Төртіншіден, ауыл шаруа­шы­лығына «Кіші агроиндустия» бағ­дарламасын енгізу қажет.

Бесінші бағыт, субсидия тетікт­е­рі қайта қаралуы тиіс, оның орны­на мүмкіндігінше фъючерстік ке­лі­сім­дер енгізген жөн.

Алтыншыдан, агроөндіріс ке­ше­­ніне ислам банкингі жүйе­сін ке­ңінен пайдалану керек. Олар қар­жы бере отырып, жұмыс­та­рының жемісті болуын үйретеді жә­не қадағалайды.

Жетіншіден, соңғы коопер­а­ция туралы заң негізінен ірі фир­­мал­ар мүддесін қорғайтын бол­ған­дықтан, шағын несие бе­ру­ші ұй­ы­м­дар мен «Даму» кәсіп­керл­ік­ті дамыту қорының жүйесі үй ша­руашылықтары мен шаруа қо­жалықтарына тек қаржы ғана емес мал басы, тұқым, жем, шағын ме­ханизация мен өңдеуші цехтар бе­руді қарастыруы керек.

Сегізінші бағыт – мал басын өсі­руде тек шетелден қымбат жануар­лар ғана әкелмей, барлық жерде қол­дан ұрықтандыру жұмыстарын жүр­гізу. Әр ауыл әкімдігі бұл жұ­мысты бақылауға алса, елімізде 2-2,5 мың пункт ашуға болады. Си­ыр мен қой ұрықтандыруда бізде тәжірибе мол.

Тоғызыншы, тағы бір маңызды бағыт – ДСҰ-ға кіруімізге байла­нысты қазақстандық тамақ өнім­дерінің брендін осы күннен бас­тап қалыптастырып, оның интел­лек­туалдық меншігін уақытында алу маңызды. Қазы, жая, шұжық, қы­мыз, шұбат, бауырсақ, кеспе, апорт, алтай балы, атыраудың қара уыл­дырығы тағы да басқа тағам түр­лері бренд болуға әбден лайық. Ау­ыл шаруашылығымен қатар да­мытуға болатын жүн, тоқыма, те­рі бұйымдарын өндіру де жолға қойылар еді.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы