«Қазақстандық «ақ сайттар тізіміне» балалардың толыққанды психологиялық, физикалық, өнегелі дамуына арналған, тәрбиелік маңыздылығы, тақырыбы мен құрамы бойынша құрастырылған 3556 сайт енді. Интернет желілері мазмұны бойынша білім және ғылым, мәдениет және өнер, ойын-сауық, музыка, кино, телевизия, табиғат, адам, қоғам, спорт және туризм болып бөлінген. Жасөспірімдер мен балаларды қорғау мақсатында қауіпсіз интернеттің «ақ тізімін» URL сүзгіден өткен сайттарды қосу – оңтайлы нұсқа», деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев.
«Болашақ» ассоциациясы кеңесі басшысының міндетін атқарушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бахтияр Мәкен Интернет желілеріне контенттік сүзгіні модератор жүзеге асыратынын мәлімдеді.
«Демек балаларды ғаламторда қорғау тікелей біліммен байланысты, сол себепті модератор ретінде Білім және ғылым министрлігі өз септігін тигізе алады. «Ақ тізім» балалардың қызығушылығын танымдылық пен дамытушылық ақпаратқа өзгертуге мән береді. Отбасы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, сонымен қатар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың жасап жатқан әртүрлі деңгейдегі шаралары болашақта жалпықазақстандық қоғамның ақпараттық мәдениет пен цифрлы біліктілігін арттыруға қолғабыс етеді. Өкінішке қарай, кәмелетке толмағандарда ақпаратты сүзгіден өткізу қабілетінің жетіспеушілігі сезіледі.
Бұл жағдай балалардың онлайн-қатерлерге ұшырау дәрежесін айтарлықтай арттырады және бірқатар жағымсыз салдарларға алып келуі мүмкін. Айта кету керек, Қазақстандағы тікелей әлеуметтік желіде кәмелетке толмағандардың үлесі Интернет желісінің жалпы белсенділігінің 77 пайызын құрайды. Әлеуметтік желідегі көшбасшы – «ВКонтакте» (65 пайыз), «Одноклассники» – 25 пайыз, Facebook-те – 6 пайыз. Осыларды ескере отырып «Ақ сайттар тізімі» жобасы қолға алынды. Оның негізгі мақсаты – қазақстандық балалар мен жасөспірімдерге интернетке қауіпсіз қол жеткізу», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»