Картинада түз тағысының табиғи болмысы мен қолға ұстауға көнбейтіні кеңінен баяндалады. Алайда өзінің ойлаған мақсатына жету үшін тәуекелге бел байлап, басын қатерге тіккендер де бар. Мәселен Алматы облысының тұрғыны Айдын Дынғалиев өз үйінде қасқыр асырап отыр.
Көпшілікке кеңінен танымал «Көксерек» фильмін көрмегендер кемде-кем. Картинада түз тағысының табиғи болмысы мен қолға ұстауға көнбейтіні кеңінен баяндалады. Алайда өзінің ойлаған мақсатына жету үшін тәуекелге бел байлап, басын қатерге тіккендер де бар. Мәселен Алматы облысының тұрғыны Айдын Дынғалиев өз үйінде қасқыр асырап отыр.
Адамның бітіспес жауы саналған табиғаттың тағысы көзін ашқан бөлтірік кезінен бастап Айдынның қолында. Берік темірден жасалған арнайы торда бағып, жіті бақылауда ұстап отыр. «Мақсатым қасқыр мен итті шағылыстырып селекция арқылы жүрегі түкті төбет тұқымын алу», дейді ол. Бұл ойына бел шеше кіріскен Айдын жасы алтыға келген түз тағысын қолындағы сібір лайкасымен шағылыстырып та үлгеріпті. Дүниеге келгеніне екі айдан енді асқан төрт дүрегейдің екеуі кәдімгі итке ұқсаса, екеуі түз тағысынан аумайды. Түр-тұрпаты мен мінезі де тура қасқырдың өзі. Олар өсіп-жетілгеннен соң тағы да асыл тұқымды итпен шағылыстырып жақсы тұқым алып аңға салсам деген ниетте. «Оны бағу аса қиындық тудырмайды. Аптасына бір-екі рет етпен қоректендіремін. Қолға әбден үйренген. Итті де, адамды да қасына жақындата береді», дейді ол.
Аңшылыққа әуес жігіттің қолында асыл тұқымды бірнеше құмай тазысы да бар. Ғаламтордағы бірқатар деректерге сүйенсек, америкалықтар бүгінгі таңда қасқыр мен иттің жарты миллионға жуық гибридін асырап отырған көрінеді. Айдын Дынғалиев сынды мұндай іспен әуестенген азаматтар біздің елімізде де бірен-саран кездесіп жүр.
– Қасқырды қанша бақсаң да орманға қарап ұлиды. Адамның қасқыр бағуы өз өміріне қауіп төндіру. Кішкене күшік кезінде ит пен қасқыр бірдей болғанымен, өсе келе бөлтіріктің бойынан қасқырға тән мінез-құлық байқала бастайды, – дейді кинолог мамандар.
Қалай айтқанда да, күндердің күні табиғи болмысына бой алдырып, қасқыр қасқырлығын жасамаса болғаны.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген автор