08 Қараша, 2011

Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған ауыл

532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қызылордаңыз шөлейтті аймақ қой. Бұйра құмдары бұғып жатыр. Аңызақ желі өкпеңнен өтеді. Селдір өскен сексеуіл демесеңіз, тал-дарақтың да жай­қалып тұрғаны шамалы. Жыңғылы мен тораң­ғы­лының арасынан анда-санда пыр-пырлап қырғауыл ұшады. Сол шөлейтті аймақпен күн батысқа қарай жүріп келе жатсаңыз үлкен жолдың бойынан Нағи Ілиясов деген ауылға кез боласыз. Ауылға кіргеннен жерұйыққа тап бол­ған­дай күй кешеріңіз анық. Айналаны гүл көмкеріп жатыр. Тап бір гүлден кілем тоқығандай. Көк майсасы да жайқалып өсіп тұр. Ағаштарына адам қолының тигені сонадайдан бай­қалады. Өйткені бойы тіп-тік, бе­тал­ды өсіп тұрған бұтақ байқалмайды. Ауылдың қақ ортасында қауыздардан су атқылап тұр. Оның қасында Лондондағы Биг-бэннің көшірмесі орын тепкен. Нағилық ағайын сағаттарын осы кіші «Биг-бэнге» қарап түзейді. Мәде­ниет үйі инеден жаңа шыққандай. Жып-жинақы. Мұнтаздай таза. Ауылда­ғы ағайынға қызмет ететін орталық дүкені қаладағы супермаркеттерден бір мысқал да кем емес. Дүкенмен жапсарлас мейрамхана орналасқан. «Әсем» мейрам­ханасына 200 адам бір мезетте сыяды. Нағилық тұрғындар той-томалағын осында өткізеді. Мектебі де жаңа салынғандай. Күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар тұрғындарға қыз­мет көрсететін наубайханасы және бар. Қысқасы, келбеті келіскен ауыл. Қала тип­тес десе де болғандай. Ал ауылға осын­дай көрік берген кім? Ол – Абзал Ералиев деген абзал азамат. Қызылор­дадағы күріш өндірумен айналысатын «Абзал және К» серіктестігінің төр­ағасы. Осы ауылдың төлтумасы. Ауыл бір күнде осындай бола қалған жоқ. Оның көр­кеюі­не арнайы мамандар шақырып, адам­дар­ды жұмылдырды. Ай­наласы үш жыл­дың ішінде Нағи ауылы адам таны­мас­тай өзгерді. Оған 250 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Сөйтіп Нағи Ілиясов ауылы заман талабына сай жаңғырды. Өткенде Елбасы Сыр өңірі­не сапар жасағанда осы ауылға соқты. Ауылды көріп ризашылығын білдірді. Бұл ауылдың негізі 1931 жылы қа­ланған. Жалпы жер көлемі 17549 гек­тарды құрайды. Бүгінде ауылда 2235 адам тұрады. Сондай-ақ, ауылда 5 шаруа қожалығы жұмыс жасап жатыр. Осындайда ой келеді: қазақ ауыл­дарынан шыққан кәсіпкер жігіттер көп қой. Солардың бәрі Абзал Ералиевтен үлгі алса. Сөйтіп өз ауылдарын көркейтсе дейсің. Сонда Қазақстанда көріксіз ауыл болмас еді. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда облысы.