Кино • 25 Қараша, 2017

Жапондар қазақ шорт-трекшілері туралы фильм түсіреді

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жапондық «Tokyo video center inc» компаниясының журналистері әлемдегі белгілі спортшылардың алдағы ХХІІІ Қысқы олимпиадаға дайындығы туралы сериялы фильмдер түсірмек. Олардың нысанасына алғашқылардың бірі болып оралдық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев іліккен. 

Жапондар қазақ шорт-трекшілері туралы фильм түсіреді

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған қос қазақ ұланының спортшы ретінде өсу жолдары, қалыптасу кезеңі, мұзайдындағы жетістіктері туралы фильмді түсіруші Жапония Ұлттық телеарнасының режиссері Уно Сойчеро елімізде спорт саласына көрсетілетін мемлекеттік қамқорлыққа таңданысын жасырмады. Өйткені шорт-трек – ең қымбат спорт түрлерінің бірінен саналады және ақылы болады. Ал Қазақстанда балалардың шорт-трекпен тегін айналысуына жағдай жасалған.

Шорт-тректен Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 2018 жылдың 9-25 ақпан аралығында өтетін ХІІІ Қысқы олимпиадаға қатысу үшін 9 лицензияға қол жеткенін айтады. Ерлер арасында 500 метрлік дистанцияға 3 лицензия, 1500 метрге – 1 лицензия болса, әйелдер құрамасы 500 метрге – 1, 1000 метрге – 2, 1500 метрге – 2 жолдама ұтып алған.

Шорт-тректен алдағы олимпиада Қазақстан намысын нақты қай спортшылар қорғайтыны 10 желтоқсан күні спорттың конкимен сырғанау түрлері бойынша Халықаралық Федерациясы отырысында жарияланады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Орал