Хоккей • 26 Қараша, 2017

Қазанда ұтылдық. Санкт-Петерборда қалай болады екен?

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасындағы жағдайымыз қиындап барады. Қатарынан төртінші рет. "Барыс" тағы жеңілді. Бұл жолы Қазаннан құр қайттық. Татар бауырларымыздың "Ак Барсына" төтеп бере алмадық. 

Қазанда ұтылдық. Санкт-Петерборда қалай болады екен?

Əзірге, турнир кестесінде төртінші тұрмыз. Күні кеше көш бастап едік. Енді, Санкт-Петерборға барамыз. Алдымызда азулы "СКА" командасы күтіп тұр. Ашығын айтайық. Табандық танытпасақ, жеңіске жетуіміз екіталай. Өйткені, Санкт- Петерборлықтар өз айдынында өліспей беріспейді.

Статистикаға сүйенсек. "Барыс" ешқашан қонақта "СКА" хоккейшілерін жеңіп көрмеген. Қос команда осы уақытқа дейін Сантк-Петерборда  9 ойын өткізген. Өкініштісі, 9 ойында да опық жеппіз. Былтыр 9-0 болып, оңбай ұтылғанбыз. Бұл біздің хоккейшілеріміздің лигадағы ең ірі жеңілісі. Құрлықтық хоккей лигасы аясында жалпы 18 кездесудің 4 ойынында ғана "Барыс" басым болған. Қалған 12-сінде "СКА" жеңіс тойын тойлапты.

Командамыздың құрамында өзгерістер бар. Күні кеше соңғы екі жылда "Барысты" алға сүйреген шабуылшы Мартен Сен-Пьер "Адмиралға" ауысып кетті. Алдағы ойынға дисквалификацияға байланысты мықты ойыншыларымыздың бірі Мэтт Фрэттин де қатыса алмайды. Бірнеше ойыншыларымыз жарақат алып қалған.

Дегенмен, дұрыс тактика қолдансақ, кез келген қарсыласты жеңеміз, дейді қорғаушымыз Даррен Диц. Дұрыс сөз. Сөз бен іс үйлессе, жеңістің ауылы алыс емес. Шындығында соңғы кездері жеңілістен жалығып кеттік. Жаңа ойыншылардан, жігерлі жастардан жасақталған елордалықтарға сенгіміз келеді. Найджел Доус, Талғат Жайлауов бастаған жігіттеріміз алдағы кездесудің жауапкершілігін, маңыздылығын түсінер деп үміттенеміз. Евгений  Корешков шəкірттері енді жеңілсе турнир кестесіндегі жағдайымыз мүлдем қиындай түседі. 


Ак Барс» — «Барыс» 2:0 (0:0, 1:0, 1:0) 

Шайбылар: 1:0 — 39:16 Клинкхаммер (Косов, Яруллин).
2:0 — 57:19 Глинкин (Яруллин, Обухов).

«Ак Барс»: Гарипов — Мусин-Токранов, Косов-Ткачук-Клинкхаммер; Марков-Яруллин, Секач-Ландер-Галиев; Охтамаа-Лямкин, Лукоянов-Потапов-Язьков; Сидоров-Кара, Глинкин-Глухов-Обухов;

«Барыс»: Карлссон — Даллмэн-Диц, Доус-Вэй-Маркелов; Семенов-Сауторн, Жайлауов-Гурков-Старченко; Савченко-Полохов, Михайлис-Шевченко-Никулин; Липин-Орехов, Акользин-Сагадеев-Лихотников.

Ескертулер: 10:6 (2:4, 6:0, 2:2) 

Бас төрешілер: Сергей Беляев, Виктор Спирин 

Линиядағы төрешілер: Александр Садовников, Сергей Шелянин 

25 қараша. Қазан. «Татнефть Арена».

Еркебұлан Жомарт
"Егемен Қазақстан"