Күрес • 27 Қараша, 2017

Қанат Исламның «ағасы»

471 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысы Алакөл ауданында іссапарда жүргенбіз. Қабанбай батырдың 325 жылдық тойы. Жол үсті өткенде көргеніміз – шалғайда қалған ауылдардың көпшілігі жаңармай қалыпты. Бір кезде тіршілік қайнап жататын еді деген естеліктерді естіп, қараусыз қалған қамбалар мен гараждарды, әлдебір ғимараттардың арбиған қаңқасын көрген сайын көңілің жабырқайды. 

Қанат Исламның «ағасы»

Осы бір көркем табиғатпен астаса қоймайтын жүдеу ауылдардың арасында аспаннан түскендей, әл­де­қайдан адасып келе қалғандай жар­қырап жатқан бір ауыл бар. Жы­ланды ауылы. Бәрі жаңа, бәрі за­манауи. Спортқа қатты мән бе­реді. Тегін қымыз тарататын қы­­мыз­ханасы бар ауылдың арақ сатпай­тыны жайлы да естігенбіз.

Енді аралап жүрміз. Аралап жүрген біз емес, әкімдіктің адамдары. Ақыр келіп қалдық, көре кетейік деп, бір сапарына бірнеше жоспар сыйдырып келетін шенеуніктердің әдетімен соңынан біршама адамды шұбыртты да, тартып отырды.

Қайда барса да, кіргенінен шық­қа­ны тез. Біздің ауылдық бас­шылар да бұл әдетті әбден меңгеріп алған ба, кіргеннен аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнеледі. Қаптаған цифрды диктофоннан естіп ала салатынымызды ойлап, онша күш салмай тың­даймыз. Қайда барсақ та алдымен журналистер жетіп алып, күтіп отырады. Жергілікті өзге жұрт айтса да, айтпаса да осында.

«Тексеруді» күтіп отырғанбыз. Сыртта. Жаңа салынған мектептің алдында. Осы ауылдың тумасы, ауылды бастан-аяқ қайта қалыптаған белгілі кәсіпкер Бауыржан Ос­па­нов салдырған. Маужырап көлікте отырғам. Әріптесіміздің бі­рі арт жағымыздағы көлікте бокс­­шы Қанат Ислам отырғанын айт­­ты. Қара түсті «Ланд-Круйзер Пра­доның» соңғы моделі тұрған, соны нұсқайды. «Жүр, барып аман­дасыңдар. Жақында «бойға» шы­ғады, білесіңдер ғой?» деп тақым­дап қоймайды. Жасырған бір қу­­лығы бардай, жымың-жымың ете­ді. Ойнап тұр деп ойласақ та, нем­кеттілеу беттей бердік.

Рас, отыр екен. Рөлде. Және бір өзі. Амандасып жатырмыз. «Мы­нау бір астамсып қалған біреу екен деп ойлап қалмасын» деп өзін қа­рапайым ұстауға тырысатын ел­ге белгілі адамдардың әдетімен ба­­рынша кішірейіп отырғаны бай­қа­лады. Десе де, бойына онша то­ғыт­қысы жоқ.

– Қайреке, мына жігіттер де сіз­ді Қанатпен шатастырып тұр. Өз­дерінен сұрайықшы ал... Қанат қой?..

– Қанат қой... – дейміз. Әріпт­е­сі­­міздің соңғы сөзінен кейін күміл­жи бастадық.

– Қанат емеспін дейді мына кісі. Аты Қайрат, туған ағасы екен.

Жапырыла «Қанатқа» қарай­мыз. Ол да сыр алдырмайды.

– Қанат Америкада қазір. «Бой­ға» дайындалып жатыр. Мен ту­ған бау­ырымын. Атым Қайрат. Елдің бәрі шатастырады...

Сенер-сенбесімізді білмей біраз тұр­дық. Сенейік десек, аумайды. Әдет­те, спортпен тұрақты ай­на­­лы­сатын адамды ажырату аса қи­ын­дық туғызбайды. Сенбейік десек, өзгені қайдам, қазаққа әбден белгілі һәм соншалық сүйікті болып кеткен боксшының осынша қам­сыз, жалғыздан жалғыз, салт жүргені көңілімізге сыймай тұр. Ананы, мынаны сұраймыз. «Сіз де боксшысыз ба сонда?» – деген сұра­ғымызға «Күреспен айналысам», деп жауап берді. Сөйтіп, аздап сене бастағанда ғана, сойып қаптап қойғандай бауыры бар еке­ні рас болса, осы күнге дейін әй­теуір бір естір едік қой деген «бұл­тартпас» ой келді.

– Сіз – Қанатсыз ғой!

«Енді алданбаймын» деп тұрған сенімді жүзімізді көріп, райынан қайтқан түрмен, жымиып қойды. Сосын көлігінен түсті. Бастан-аяқ спорт­тық үлгіде киініпті. Ол кезде Ас­танада өтетін бокс кешіне әлі бі­раз уақыт бар еді. Соған дай­ы­н­да­лып жатқан кезі екен. «Аме­ри­к­а­да да дайындала беруге болар еді, климатқа үйрену керек. Әзір­ге осындамыз, бір ай қалғанда Ас­та­наға барам. Жаттығуды әртүрлі жерде өткізіп тұрғанның да пайдасы көп», деп бокс жөнінен аз-кем сөз шығарды.

Сосын, суретке түстік. Арамыз­да­ғы бір әріптес Қанат пен Қайрат­тың әсерінен толық арыла алмай (Қа­нат екеніне әлі де сенбей) тар­тын­шақтады ма, әлде, атақ­ты адам­ға жағынғандай болып, шал­ғай­ына ора­ла кетуден қорынды ма, «суретке мен түсірейін» деп, фотографты қа­­тарға тұрғызып, фотоаппаратты қо­лына алған. Тетігін таппай бөг­е­ліп қалды.

– Әй, болсаңшы, кімді суретке түсіргелі жатқаныңды ұмытпа. Ана­ған жұдырығыңызды көрсетіп қой­ыңызшы, Қанеке? – деді әлде­кім.

Бұл қушыкеш сұраққа Қанат салмақты жауап берді:

– Жұдырықты рингке шыққанда көрсетсек те жетеді.

Аз болмағанда сеніп қала жаз­да­ғанымызды айтып, жөнімізге кет­тік. «Ылғи осылай, Қайрат бола са­ла­сыз ба?» дегенімізге «Жоқ», деп жауап берді. Әлем чемпионы ба­сымен осылай салт жүргеніне аз­дап қысылатын сияқты көрінді маған.

Былай шыққан соң:

– Экран ашатын адамдар бола­ды. «Фотогеничный» дейді ғой, Қа­нат ондай емес екен. Экранда бас­­қалай көрінеді ғой, былай көр­ген­де, келісті, сұлу жігіт екен ғой, – деді әлдекім.

 

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы