Дарындарымыздың мұндай ауқымы үлкен музыкалық оқиғаға ортақтасуы еліміздің Еуропалық хабар тарату одағына (European Broadcasting Union, EBU) қосылу жоспарын жақындата түспек.
«Халықтың ішінен әлемді мойындатуға лайықты таланттар табыла бермек. Мұны Қазақстан әртүрлі халықаралық деңгейдегі сайыстар кезінде бірнеше рет дәлелдеп үлгерді, дейді «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметов. – Бүлдіршіндеріміздің «Балалар Еуровидениесі» байқауында өнер көрсетуі – ұзақ мерзімдік ынтымақтастыққа алып барар алғашқы қадамның бірі».
Сонымен «Еуровидениеде» өнер көрсететін жас таланттың бірі Мұхаммед-Әли Жүгінісов 14 жасқа енді толғанына қарамастан, халықаралық сайыстардың лауреаты атанған. Грекияда өткен халықаралық «Paradise Holiday» фестивалінің Гран-при жүлдегері. 11жасында халықаралық «Детская новая волна-2014» байқауында 3-орын иеленген, ал 2016 жылы Мәскеуде өткен Игорь Крутойдың «Битва талантов» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған.
«Детская новая волна-2015» байқауында «Гауһар қол» сыйлығын иеленген Данэлия Төлешова да одан қалыспайтынын жуырда ғана жаздық. Данэлия – «Голос. Діти» музыкалық байқауында ерекше көзге түскен әншінің бірі. Төлешова Дэми Ловатоның Stone Cold әнімен санаулы секундтарда қазыларды өзіне қаратқаны белгілі. Youtube-тегі бұл бейнежазба миллионнан астам көрсетілім жинады.
Сахнаға үш жасынан бастап шыққан Алуа Серікханова да талай республикалық байқаудың жүлдегері. Биыл көктемде Беларусь елінде өткен «Золотые ключи» байқауында бірінші орын алды.
Ал Мария Затварницкая мен Мерхат Жылқыбаев Әлия Назарбаева ұйымдастырған «Бала дауысы» Бірінші ұлттық балалар ән байқауының жартылай финалына дейін жеткенін білеміз. 12 жастағы Маша Затварницкая дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатта вокал және фортепианодан дәріс алады. 13 жастағы Мерхат Жылқыбаев домбыраның құлағында ойнайды және мектептің көңілді тапқыштар клубының мүшесі.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ